Инвесторлардың уәжі ескерусіз қалмайды
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ұлттық инвестициялық стратегия» және «Ұлттық экспорттық стратегия» сынды маңызды құжаттардың жобалары жан-жақты талқыға салынып, қабылданды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2018-2022 жылдарға арналған инвестицияларды тартудың осы бағдарламасының негізгі мақсаты – «қолайлы инвестициялық климат құру және тиімділікті арттыруға бағытталған инвестиция тарту». Онда экспортқа бағдарланған шикізаттық емес секторларға тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға баса көңіл бөлінген. «Стратегия табысты іске асар болса, бес жылдың ішінде экономикаға құйылар тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 2016 жылмен салыстырғанда, кезең-кезеңімен 26 пайызға дейін артуға тиіс. Тиімділікті арттыруға бағытталған, яғни, экспортқа бағдарланған инвестициялар үлесі 50 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар отандық ішкі инвестициялардың көлемі де артпақшы. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемі 46 пайызға дейін ұлғаяды деп болжануда», – деді Жеңіс Қасымбек. Инвестициялар және даму министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, жаңа инвестиция тарту неғұрлым ұтымды болатын басымдықты салаларды анықтады. Бұл салалар екі топқа бөлінеді. «Бірінші топ – «әлеуеті жүзеге асырылып жатқан салалар». Бұған тамақ өнеркәсібі, мұнайды, газды және пайдалы қазбаларды терең өңдеу, яғни металлургия, химия және мұнай-химия, сондай-ақ машина жасау салалары жатады. Бұл топ қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияларды ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екінші топ – «перспективті салалар», яғни, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы салалары. Бұл топқа ұзақ мерзімді, келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалар кіреді», – деді Инвестициялар және даму министрі. Стратегияға сәйкес, мемлекет 2022 жылға қарай келесідей мақсатты көрсеткіш-индикаторларға қол жеткізуі тиіс: тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 126 пайызға артады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне шаққандағы ТШИ-дің жалпы көлемінің арақатынасы 2022 жылы 19 пайызға дейін жетеді. Тиімділікті арттыруға бағытталған ТШИ, яғни өңдеу өнеркәсібіне келетін шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 1,5 есеге өседі. Экономиканың шикізаттық емес секторының негізгі капиталына құйылатын инвестиция көлемі (мемлекеттік бюджеттен бағытталатынын қоспағанда) 1,46 есеге ұлғаяды. Осы сектордың негізгі капиталына салынатын сыртқы инвестициялар көлемі де 1,5 есеге артады. Бұл межелерге қол жеткізу үшін ел Үкіметі Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды арттыру бойынша шаралар пакетін әзірледі. Стратегия аясында жұмыс екі бағытта жүргізіледі: біріншісі Қазақстанның инвестициялық ахуал-климатын жақсартуды қарастырады. Атап айтқанда, ол инвестициялық саясаттың ашықтығы мен болжамдылығын арттыруды, визалық және көші-қон режимдерін жетілдіру шараларын, инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында заңнаманы жетілдіруді қамтиды. Екінші бағыт бойынша «тиімді операциялық шаралар жүзеге асырылады және инвестициялар тарту үшін жаңа тәсілдемелер енгізіледі». Осы мақсатта шетелдік өкілдіктер мен өңірлік филиалдары желісі инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін инвестициялар жөніндегі арнайы ұлттық компания – Кazakh Invest құрылды. Мұның сыртында, ақпараттандыру-мониторингтеу жүйесі бойынша «Инвестициялық жобалар картасы» ендіріледі. Стратегияда мемлекет пен жекенің әріптестігі (МЖӘ) тікелей шетелдік инвестицияларды, әсіресе қаржыны көп қажет ететін инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға тарту үшін қажетті негізгі құралдардың бірі ретінде айқындалған. Құжатта, сонымен бірге, Қазақстанда қазірден жұмыс істеп жатқан инвесторларды сақтап қалуға және олардың қайта инвестициялауын ынталандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Ең бастысы, Қазақстан өзі басымдық беретін «инвестор елдерді» нақты белгілеп отыр. «Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, инвестиция тарту үшін әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз үшін басымдықты болып табылады. Бұлар – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері. Осы басымдық берілетін елдердің әрқайсысымен жұмыс істеу үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, әрбір елге қатысты дербес тәсілдеме және нақты іс-қимыл жоспары әзірленетін болады», – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек. Бүгінде осы мақсатта визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, сондай-ақ, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша іс-шаралар кешені қарастырылу үстінде. Яғни, Инвестициялар және даму министрлігі инвесторлардың құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірмек. «Инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп, инвестициялық омбудсмен институтын реформалау, инвесторлардың құқығын сот арқылы қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар түзілетін болады. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлар үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының сот жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Бас прокуратурамен бірге, мемлекеттік органдардың инвесторлар қызметін тексерулерін қысқарту бойынша кешенді жоспар әзірленеді», – деп мәлімдеді Ж.Қасымбек. Айтпақшы, министр мырза бірде бір инвестордың шағымын аяқсыз, елеусіз қалдырмайтынын да айтты. Ол үшін инвесторлардың шағымдарын және мәселелерін қадағалап, жүйелі түрде анықтайтын жаңа құрал іске қосылатын болады. Егер инвесторларда қандай да бір түйткіл туындаса, осы ақпараттық жүйе тиісті мемлекеттік органдар мен Инвестициялар және даму министрлігіне дер кезінде хабар беретін болады. Ресми мәлімет бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2015 жылы 37,5 пайызға едәуір төмендеген, бірақ 2016 жылдан қайта қалпына келе бастады. Ағымдағы жылы өсім деңгейі сақталып отыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ТШИ көлемі 20,6 млрд долларды құрап, 2015 жылға қарағанда 40 пайызға өсті. 2017 жылдың 1 тоқсанында 5,4 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9 пайызға өсті.