Алқаптарда жайқалған қызыл бидай
Алқаптарда жайқалған қызыл бидай
Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс бабымен Қостанай облысына барды. Осы сапарында министр егістік алқаптарын аралап, республикадағы жиын-терін науқанына дайындықты пысықтады.
Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында астық жинау жүріп жатыр. Егін жинау науқанының басталуына орай Асқар Мырзахметов Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарларын, шаруашылық мамандарын жинап, астық жинау науқаны мен ауыл шаруашылығының шағын механизациясын дамыту мәселесі жөнінде жиын өткізді. Осы жиында белгілі болғандай, еліміз бойынша егіс алқабы – 22,1 миллион гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 651 мың гектарға көп.
Жалпы, республика бойынша биылғы жылы масақты дақылдар орташа есеппен гектарына 12,6 центнерге жетеді деп болжануда. Астық жинау науқанына 42 мың комбайн тартылады. Оның ішінде 14 мыңнан астамы өнімділігі жоғары астық жинау комбайны, яғни олар астық дақылдарының 70 пайызын жинамақ. Биыл республика бойынша жиын-терін жұмыстарына қажетті дизельдік отын көлемі – 393,9 мың тонна. Оның ішінде Ақмола облысына – 70 мың тонна, Қостанай облысына – 76 мың тонна, ал Солтүстік Қазақстан облысына – 75 мың тонна белгіленген.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында егістік алаңын әртараптандыру басталғанын айта кету керек. Қажетті дақылдар алаңы (зығыр, рапс, күнбағыс, жасымық, ноқат, арпа, сұлы, қант және дәндік қызылша) 1 миллион гектарға ұлғайды. «Әртараптандыру саясаты субсидиялау механизмін өзгертуге оң ықпал етті. Атап айтқанда, гектарлық субсидиядан шектеліп, мемлекеттік қолдауды өнімге және өңдеуге беру арқылы шаруаларға қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті А.Мырзахметов. Елбасының астық өндірісін әртараптандыру тапсырмасына орай майлы және бұршақ тұқымдас дақылдардың алқабы биыл 30 пайызға ұлғайтылды. Бұл − еліміз бойынша осынау саладағы жалпы алқаптың үштен бірі. Жасымық 2,5 есе артық себілді. Келесі жылы бір миллион гектарға дейінгі аумаққа майлы дақылдар егіліп, экспорттық әлеуеттің өсуін қамтамасыз етпек. Бұл бағыттар бойынша атқарылған ауқымды шаралар Қазақстанның әлем бойынша жасымық өсіруден бесінші, ал оны экспорттаудан төртінші орыннан көрінуіне мүмкіндік бермек. Жасымықтың бір тоннасының өзіндік құны – 32 мың теңгені құраса, сатылым бағасы 180-200 мың теңгеге бағаланады.
Соңғы жылдары астық сапасы төмендеп кеткен болатын, соған орай биыл тұқым өсіру шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көбейтілді. Сөйтіп, 2017 жылы сапалы тұқым егу 1,5 есеге ұлғайып отыр. Бірегей тұқымды пайдалану 68 пайызға өсті, ал нашар тұқым 1,6 есеге қысқарды. Ауылшаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов алдағы жылдары элиталы тұқымды көбейтуді қолға алу керектігін баса айтты.
Биыл жерді тыңайту механизмі де өзгерді. Бұл шаруалар үшін тыңайтқыштардың сапасы мен бағасына қарай таңдап, оның түрлерін арттыруға мүмкіндік туғызды. 2016 жылы тыңайтқыштарды пайдалану 261 мың тоннаны құраса, биыл бұл көлем артып, егістік алқаптарына 309 мың тонна тыңайтқыш қолданылды. Жыл қорытындысы бойынша, тыңайтқыштарды алдымен енгізу соңғы бірнеше жылдағы қажеттіліктің 14 пайызын құрайтын болады.
Қостанай облысына сапары барысында министр жергілікті шаруалармен кездесті. Қостанай облысында биыл егін бітік. Министр облыстағы «Шеминовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық алқабын аралады. Өткен жылы шаруашылық гектарына 20 центнерден астық жинаған. Шаруашылық жетекшісі Юрий Чеховский биыл 24-28 центнерден болуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі таңда шаруашылық астық жинауға сақадай сай. Мемлекет тарапынан берілген субсидия диқандар қолын анағұрлым ұзартты. Былтыр шаруашылық мал өнімдері мен астық өндіру үшін 85 миллион теңге субсидия алса, ал жыл басынан бері 87 миллион теңге көмекке қол жеткізген.
Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Құмар Ақсақалов аудандарды аралау кезінде егістік алқаптарын әртараптандырудың нарықтық қажеттілігін атап көрсетті. Жиын-терін жұмыстарына қажетті 75 мың тонна арзандатылған жанар-жағармайдың 45 мың тоннадайы өңірге жеткізілген. Жауапты науқанға 9 мыңға жуық комбайнның қатысатыны белгіленсе, оның үштен бірі заманауи қуатты техникалар. Астық қабылдайтын 50 элеватор да сақадай сай. Бүгінде өңірде жасымыққа шалғы түсіп, жауапты науқан басталып кетті. Шаруалардың айтуынша, биыл өнімділік жоғары.
Солтүстік облыстар осылайша ауа райының қолайлылығын пайдаланып, егінге алғашқы орақ түсірсе, Қарағанды облысы ауылшарушылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожиннің айтуынша, былтыр бір гектардан 14 центнер астық алынған. Ал биылғы жылы астық өнімділігі гектарынан – 7-8 центнерді құрауы мүмкін. Аталған көрсеткіш орташа жылдық норма. Өңірдегі өнім көлемінің төмендеуіне ылғалдың жетіспеуі себеп болып отыр. Мол жаңбырдың болмауы астық өнімдерінің өсіміне кері әсерін тигізді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ірі шаруа қожалықтарының алдағы астық жинау науқанына дайындығын тексерді. Барлық шаруашылықтар қажетті астық жинау техникаларын жасақтап қойған
Биыл өткен жылға қарағанда ауа райы қолайлы. Отан қамбасына мол астық құйылуы тиіс. Басты мақсат – жиын-терінді ұйымшылдықпен жылдам жинап алу. Ауыл шаруашылығы министрі облыс әкімдеріне егін ору науқанын уақтылы аяқтауға байланысты қабылданатын шараларды дер кезінде жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, астық жинау жұмыстарына техниканы уақтылы дайындауды, шаруашылық субъектілеріндегі элеваторлық-қоймалық сыйымдылықты және шаруашылықтағы дайындықты аяқтауды жүктеді.