Белгілі журналист аудармадағы қателермен күресудің жолын айтты

Белгілі журналист аудармадағы қателермен күресудің жолын айтты

Белгілі журналист аудармадағы қателермен күресудің жолын айтты
ашық дереккөзі
Танымал журналист, Qazaqstan РТРК басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қайнар Олжай дүкен сөрелеріндегі тауар қаптамаларының қазақша мәтінінде өріп жүрген қателерді сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «90 жылдардың ортасында Экономика министрлігі шешім қабылдап, кез келген заттың, тауардың қазақша аудармасы, түсініктемесі болуы керек деген жақсы ереже қалыптастырды. Бұл ұлтқа пайдалы еді, бірақ зиян болып шықты. Кәсіпорындар қазақша аудармаға немкетті қарайды. Дүкеннен кез келген затты алып қараңыз, әріп қатесін, сөйлемнің құрылымдық қатесін айтпағанда, қазақтың ұғымында жоқ сөздерді табуға болады. Бұдан құтылудың жолы бар», - деді журналист Астанада өткен «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» конференциясында. «Естеріңізде болса, 90 жылдары емшілер көбейіп кетті. Сонда «Республикалық емшілер қауымдастығының» куәлігі бар адамдар ғана емдеуге қақылы деген ереже шығардық. Демек, тауар қаптамаларындағы мәтінді аударуға Ұлттық аударма бюросына мүше болған, куәлігі бар адамдар ғана қақылы десеңіздер, мына былықтан шығар едік», - дейді ол. Журналист құрылғанына көп бола қоймаған Ұлттық аударма бюросының алдында үлкен майдан, үлкен толқындар тұрғанын атап өтті және «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасына зейнетке шыққан журналистерді тартуды ұсынды. «Қазіргі ақпарат құралдары басшыларының оқулықты әдеби редакциялауға уақыты болмайды. Қызметтегі журналистердің де қолы тимейді. Сондықтан оқулықтарды ғылыми редакциялауда ғылымға қазақы ұғымдар әкелген антрополог Оразақ Смағұл, Әбдімәлік Нысанбаевтай ақсақалдардың мүмкіндіктерін пайдалану керек. Әдеби редакциялауға Жарылқап Бейсенбай, Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев сынды бір кездері редактор болған ағаларды тарту керек. Олардың біріншіден қолдары бос, екіншіден - ыждаһаттары бар, үшіншіден - тәжірибелері жеткілікті», - дейді Қ.Олжай.