Дәмі балдай, бағасы удай. Қант елімізге көбіне сырттан тасымалданады. Неге?

Дәмі балдай, бағасы удай. Қант елімізге көбіне сырттан тасымалданады. Неге?

Дәмі балдай, бағасы удай. Қант  елімізге көбіне сырттан тасымалданады. Неге?
ашық дереккөзі

Қант бағасы қымбаттады

 Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда қантты тұтыну мен баға маусымға тікелей байланысты. Қыс айларында құмшекер тұтыну азаяды, ал жаз айларында керісінше көбейеді. Бұл құбылыс жергілікті ас мәзіріне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жаз айларында келіншектер тосап, компот, езбе жасауға жаппай кіріседі. Осы кезде қант келілеп емес, қаппен сатыла бастайды. Бағаның да шарықтайтын кезі осы. Биыл ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қант бағасына қатысты түсініктеме беріп, «қант бағасы өседі деудің қажеті жоқ» деп мәлімдеген. Десе де сауда орындарында баға бірден шарықтап шыға келді. Биылғы баға – орта есеппен 300 теңге. Бұған дейін 220-230 теңге шамасында сатылған. Өңірлерде баға бұдан да қымбат. Мәселен, Ақтөбеде  – 320 теңгеге тұрақтаса, Таразда – 300 теңге, Өскеменде – 450 теңгеге көтерілген. Жергілікті кәсіпкерлік корпорациялар өнімнің қымбат бағамен жеткізілетінін бірауыздан растап отыр. Қыстың күндері 198 теңгеден келетін қант, жаз ортасында 270-290 теңгеден жеткізіледі. Өңірлерге қант Алматыдан жөнелтіледі. Бүгінде Алматы облысында қант шығаратын екі кәсіпорын бар. Оның алғашқысы жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылса, екіншісі іске қосылған. Жөндеу жұмыстарына дейін де екі кәсіпорын бүкіл республиканы қамти алмайтын. Тұтыну көлемі жыл сайын ұлғаяды. Сондықтан импорттық өнімге жүгінбеске амал жоқ. Мәселе – импорттық шикізатта, яғни қант құрағында.   Бразилия – әлемдегі ең ірі қант өндіруші   Қант өндіруден дүниежүзіндегі көшбасшы – Бразилия. Мұнда қант құрағы мыңдаған гектар алқапта өсіріледі. Тропиктік аймақта ғана өсетін құрақтың өнімділігі өте жоғары. Жылына екі маусым өнім алуға мүмкіндік береді. Дүниежүзінде өндірілетін қанттың 24 пайызы Бразилияның үлесінде. Дәл сол сияқты қант өндірісін жолға қойған мемлекеттердің бірі – Тайланд пен Үндістан. Еуропадағы ірі өндірушілер – Германия мен Финляндия. Ал Ресейдің әлемдік нарықтағы үлесі шамамен 2 пайыздай ғана. Сөйте тұра қант дайындайтын елдер рейтингінде 8-орында. Дей тұрғанмен, Ресей өз аумағын қантпен толықтай қамтуға қауқарсыз. Қосымша импорттық өнімді Беларусь пен Бразилиядан тасымалдайды. Нақтырақ айтқанда, ішкі тұтынудың 50 пайызын бразилиялық қант, 30 пайызын беларусь қанты құрайды. Сонымен қатар Ресейге Тайланд, Гватемала, Сальвадор, Польша және Куба қант экспорттайды. Дәл осы жағдай Қазақстанда да қалыптасқан. Қазақстанға жеткізілетін қанттың басым бөлігі – Бразилиядан келеді. Бразилия өткен жылы 123,7 мың тонна қант импорттаса, биыл бар болғаны 50,8 мың тонна қант (24,7 миллион доллар) жеткізген. Осылайша бұл елден келетін қант көлемі 58,9 пайызға қысқарып отыр. Осы жылдың қаңтар-мамыр айында Қазақстанға 134,2 мың тонна қант (71,8 миллион долларға) импортталған. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 20,6 пайызға төмен. Дегенмен егістік алқаптарының жыл сайын ұлғайтылып отырғанын ескерсек, биыл күзде импорт көлемі тағы да кеми түспек.   Қант қалай өзгерді?   Алматы қаласындағы тұтынушылардың бірі қазіргі қант түрінің қатты өзгергеніне таң. «Бұрын қант ұсақ, құмдай болатын. Құмшекер атауы да содан емес пе? Қателеспесем, 1-2 жылдан бері ірі қант пайда болды. Дәмі жоқ. Шәйға салсаң да, тағамға қоссаң да татымайды. Көлемі ірі болғандықтан ба, ерімейді де», – дейді зейнеткер Сәуле Нұрышева. Бұл пікірге қосылатындар көп. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, ресейлік қанттың сипаты осындай. «Орталық Азия қант корпорациясы» ЖШС басшысы Галина Баймұрза­ева отандық өнімді ығыстырып,  ресейлік арзан қанттың нарықты басып алғанын айтады. «Қазақстанға Ресейден қант көптеп импортталуда. Ресейде 83 зауыт жұмыс істейді. Олар да өнімді қант қызылшасынан жасайды. 2017 жылы олар өнімді көбейтіп отыр, сөйтіп біздің нарықтағы тұтынуға кері әсерін тигізді. Қазір олар келісін 198 теңгеден ұсынып отыр, салығы мен жеткізіп беруін қосқанда 215 теңгеге шығады», – дейді сарапшы. Ресейдің елімізге қантты көптеп жеткізуді қолға алғаны рас. Азық-түлік қауіпсіздігінің бүкілресейлік ІІ форумында биыл федерацияның 350 мың тонна қантты экспортқа шығаратыны белгілі болды. Олардың негізгі тұтынушысы – Орта Азия елдері. 2000 жылдардың басында еліміздегі қанттың 90 пайызы импорттық болған. Сол кезде еліміздегі қант көлемінің 3 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан алынатын. Қазір бұл жағдай біршама өзгерген. Тағам кәсіпорындары одағының вице президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, сырттан импортталатын шикізаттан жасалатын өнім көлемі 90 пайыз, ал отандық қызылшадан алынатын өнімнің көлемі – 10 пайыз. Ал Куба мен Бразилиядан жеткізілетін қант құрағының үлесі – 55 пайыз болса, дайын өнім импорты – 42 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, еліміздегі қант дайындайтын кәсіпорындардың қуаттылығы жоғары болғанымен, 37 пайызы ғана пайдаланылады. Бұған еліміздегі қант қызылшасының аздығы себеп. Кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанымен, шикізат жоқ. Қазақстанда Алматы облысы мен Жамбыл облысында ғана қызылша өсіріледі. Атап айтқанда, былтыр қос облыста 12 мың гектарға қызылша егілген. Былтыр алғаш рет Солтүстік Қазақстанда қант қызылшасын өсіру қолға алынды. Экономистердің болжамынша, 2019 жылы қант тапшылығы байқалуы мүмкін. Сол жылы шикізатты шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталады. Сәйкесінше, қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болып қалмақ. Еуразиялық экономикалық одақ аясында шикізат пен дайын өнімді өзара тасымалдау жетілдіріледі. 2017 жылы қантты жеткізу құрылымы айтарлықтай өзгерген. Мысалы Ресей Қазақстанға осы жылдың алғашқы бес айында 65,5 мың тонна қант жеткізген. Сондай-ақ, қант импортының ең көп мөлшері Беларусьқа тиесілі. Ағымдағы жылдың 5 айында бұл елден 8,3 млн долларға 17,6 мың тонна дайын өнім импортталған. Қалай десек те, нарықтағы қанттың басым бөлігі сырттан тасымалданады. Жылдан жылға импорттық қант көлемін азайту көзделсе де, алға қойылған мақсат орындалар емес. Мәселен, жоғарыда аталған бразилиялық қант импортын азайту ресейлік қантты импорттау үшін жасалған қадам сияқтанады. Бұл – экономикалық ортақ кеңістік аясында жүзеге асырылып отырған келісім. Яғни, өнімді сырттан емес, одақ ішіндегі мемлекеттерден алу. Жеме-жемге келгенде қант бәрібір шет елден импортталады.   Ақниет ОСПАНБАЙ