Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Біз дұрыс бағытта  ілгеріледік

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Біз дұрыс бағытта  ілгеріледік

Ақниет ОСПАНБАЙ Апта басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерімен кездесті. Отырыс барысында  Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын дайындау , ЕуразЭҚ-қа мүше мемлекеттердің еңбеккерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шарт жобасы, сондай-ақ, ЕуразЭҚ пен Иран Республикасы арасында еркін сауда аймағын құруға бағытталған уақытша келісімге қол қою бойынша келіссөздер талқыланды. Аталмыш  жиынға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Армения премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь  премьер-министрі Андрей Кобяков, Қырғыз премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелерінің елордаға келгендеріне қуанышты екенін жеткізіп, кездесудің Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен тұспа-тұс өтіп отырғанын айтты.  «Үкімет басшыларының өз мемлекетінің ұлттық павильондарына баруға, сондай-ақ Қазақстан мен өзге елдердің экспозицияларын аралап көруге мүмкіндіктері бар. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші жыл жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Бұл кезең әлемдегі және одаққа мүше елдердің ұлттық экономикасындағы күрделі ахуалдарға байланысты болып отыр. Сонымен қатар, ортақ нарық пен бірыңғай экономикалық құрылым құру басты фактор болып саналады», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы экономиканың өсімі елдер арасындағы тауар айналымының артып, өзара қарым-қатынастардың нығаюына тікелей байланысты екенін жеткізді. «Біз осы уақыт ішінде дұрыс бағытта ілгерілей алдық деп есептеймін. Қазір орын алып отырған бірқатар мәселеге қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақты нығайтуымыз қажет. Алдымызда ел ішіндегі мәселелерді шешіп, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамыта түсу міндеті тұр. Бұл жұмыстағы негізгі рөлді үкіметтеріміз атқарады. Бұл дегеніміз – экономикалық міндеттерді шешу, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін реттеу», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, күн тәртібінің маңызды бөлігінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірінде берілген ұлттық әрі халықаралық жүргізушілік куәліктерді өзара мойындау мәселесі қаралды. Яғни бұл қадам одақтың басқа елінің аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға бағытталған. Осыған дейін Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданған болатын. Онда ЕАЭО мүше мемлекеттері азаматтарынан өзге шетел азаматтарының немесе халықаралық көлік жүргізу куәлігімен көлік жүргізуге тыйым салу туралы норма қаралған еді. Бұл норма 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап заңды күшіне енді. Отырыс барысында талқыланған маңызды мәселенің бірі – транспорттық саясат. Мемлекеттердің транспорттық саясатының әуе көлігіне қатысты 2018-2020 жылдарға арналған жоспарының негізгі бағыттары қаралды. Аталған жоспар Еуразиялық Экономикалық одақ аясында ортақ әуе тасымалын құруды да көздейді. Сондай-ақ, экспорттаушының ЕуразЭҚ-қа мүше мемлекеттердің қайсысына жататынына қарамастан, теңіз порттарына шығуға тең құқықты қамтамасыз ету қажеттігі туралы ұсыныс жасалды. Үкіметаралық кеңес мүшелері кездесуінің соңында Елбасы кеңестің бүгінгі отырысы арқылы ұйымды әрі қарай дамытуға маңызды үлес қосылатынын айтып, қатысушылардың жұмысына табыс тіледі.