Бірінші байлық – денсаулық
Бірінші байлық – денсаулық
Халықтың денсаулығын сақтау – маңызды міндет. Сондықтан елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсартып, медициналық қызмет сапасын арттыру үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Ұлт саулығын жақсарту үшін қолға алынған шаралардың бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Бұл жүйені жүзеге асыру үшін елімізде арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылған болатын. Ал шілде айынан осы қорға жарна аудару басталды.
Халықтың денсаулығын қорғау жүйесі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын жариялап, ел алдына үлкен міндеттер жүктегені белгілі. Ұлт жоспарында халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, медициналық қызметті жақсарту мәселелеріне баса назар аударылған. Мысалы, 80-қадам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге арналған. Жалпы, медициналық сақтандыру тұңғыш рет 1871 жылы Алманияда әлеуметтік сақтандыру жүйесі ретінде енгізілді. Ал 1883 жылы Германия канцлері Отто Фон Бисмарктың бастамашы болуымен медициналық сақтандыру туралы арнайы заң жобасы дүниеге келді. Бұл жүйені кейінірек бірқатар Еуропа елдері де тәжірибелеріне енгізе бастады. Атап айтар болсақ, 1887 жылы Австрия, 1894 жылы Норвегия, 1900 жылы Жаңа Зеландия, 1901 жылы Швецияда медициналық сақтандыру жүйесі пайда болды. Бүгінгі таңда неміс елінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі халықтың 90 пайызын қамтиды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі барлық сақтандырылған азаматтарға науқастанған жағдайда медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Германиядағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі коммерциялық емес ұйымдар арқылы жүзеге асады. Германия азаматтарының басым бөлігі мемлкеттік сақтандыру кассаларында сақтандырылуға міндетті екен. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың қараша айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды. Содан бері халықты жүйе жұмысымен таныстыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Десек те, қазақстандықтардың бәрі бірдей жаңа жүйенің жұмысын толық ұғына қойған жоқ. Сондықтан, ең әуелі «медициналық сақтандыру» деген ұғымға түсініктеме беріп көрелік. Уикипедия ашық энциклопедиясы медициналық сақтандыруға мынадай анықтама береді: «Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Қорға жиналған қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді. Барлық деңгейінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тегін денсаулық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Медициналық сақтандыру міндетті және ерікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады». Елімізде қолданылғалы отырған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі әлемдік тәжірибедегі Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия сынды мемлекеттердегі жүйеге сүйене отырып әзірленген. Аты аталған Еуропаның іргелі елдерінде науқастардың дертін ерте кезінен анықтап, емдеу ісі қолға алынғалы қашан. Ал емдеуді ерте бастау үшін халық жиі медициналық тексерулерден өтіп отырады. Осының нәтижесінде елдегі түрлі аурулардың асқынып кетуінің алдын алып, мүгедектердің санын азайтуға мүмкіндік бар. Міне, Қазақстан да денсаулық сақтау саласында осы қадамға баруды көздеп отыр. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Ал Литва елі 1997 жылы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшті. Содан бері елдегі жүйе аса үлкен өзгеріске ұшырамаған. Бұл елде жұмыс істейтін азаматтар өз кірісінің 9 пайызын сақтандыру қорына аударады екен. Ал жұмыссыз жандар үшін сақтандыру қорына мемлекет қаржы құйып отырады. Литвадағы медициналық сақтандыру жүйесін де неміс мамандары дайындапты. Мамандар сақтандыру қоры кірісінің аралас түрін жасаған көрінеді. Яғни, бір бөлігін азаматтар өз қалтасынан төлесе, екінші бөлігі мемлекет қазынасынан толықтырылады. Бұл біздің еліміздегі енгізілгелі отырған жүйенің ережелеріне өте ұқсас. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шетелдік тәжірибені терең зерттеп-зерделеп барып, заң жобасын әзірлегендігі байқалып-ақ тұр.Қордағы қаржы емделу үшін жұмсалады
Елімізде жаңа жүйені жүзеге асыру мақсатында арнайы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылғанын айттық. Қазақстандықтар осы қорға ай сайын міндетті жарналарын аударады. Ал қорда сақталған қаржы науқастанған жандардың емделуі үшін емханаларға беріліп отырады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесіне сай, қазақстандықтарға медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет, ұғынықты тілмен айтқанда мемлекеттің есебінен медициналық көмек алу. Мұнда жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік ауруларға, сонымен қатар, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері енеді. Бұл қызмет барлық азаматтар үшін қолжетімді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Яғни, бұл пакетке енетін қызмет түрлері азаматтардың әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударған жарнасы арқылы жүзеге асады. Екінші қызмет түрлеріне амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационарлық көмекті алмастыратын көмек, қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек, мейірбикелік қарау және жоғары технологиялық көмек кіреді. Тағы бір айта кетерлігі, міндетті сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтер мен дәрі-дәрмек тізімі кейінірек кеңейтіліп, үкіметтің тиісті қаулысы арқылы бекітіледі. Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, экономикалық белсенділігі төмен халық үшін төлемақы мемлекет есебінен жүргізіледі. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады. Сондай-ақ, ерікті медициналық сақтандыруға қатысқан азаматтарға арналған қызмет түрі де бар. Бұл азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасалған келісімшарт бойынша алады. Міндетті сақтандыру жүйесі 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылады. Ал жарна төлеу биылғы шілде айынан басталды. 1 шілдеден бастап жарнаны жұмыс берушілер (2017 жылы – жұмыскердің табысының 1 пайызын, 2018 жылы – 1,5 пайызын, 2020 – 2 пайызын, 2022 жылы – 3 пайызын), жеке кәсіпкерлер (ай сайын 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 2828 теңге) төлейді. 2018 жылы 1 қаңтардан бастап жүйеге мемлекет (әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санат үшін) пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (төменгі айлық жалақының 1 пайызын немесе ай сайын 1414 теңге) қосылады. Жұмыскерлер сақтандыру жарнасын 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлейді. Жұмыс беруші 2019 жылы қарамағындағы жұмыскер табысының 1 пайызын, 2020 жылдан бастап 2 пайызын ұстап, ай сайын қорға аударып отырады. Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған барлық сақтандыру жарнасына қатысты мәліметтер ашық түрде болады. Сақтандыру жарнасын төлеген азаматтар арнайы желідегі «жеке кабинетінен» төлемдердің барлығын ашық көре алады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Әлбетте, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің дамуына қарай медициналық қызмет сапасы көтеріледі. Себебі міндетті сақтандыру жүйесіне тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік клиникалар да қатысып, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болмақ. Клиент үшін барын салатын жеке клиникаларды былай қойғанда, бюджетке қарап ауыз ашып үйренген мемлекеттік емханалар да сапа үшін қызмет ететін болады. Өйткені ақша пациенттің соңынан келеді. Мұндай жағдайда пациент клиентке айналады. Емдеу мекемелерінің клиентті көбейту үшін сапалы қызмет көрсетуге, білікті мамандарды жұмысқа тартуға тырысып бағары даусыз. Медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны айқын. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Көбірек пайда табуға тырысқан ақ халаттылар емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсетуі қажет. Өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өзі шешеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылатын азаматтар да бар. Олардың қатарында балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І, ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернатта тәрбиеленіп жатқан тұлғалар бар. Сонымен бірге, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері, құқық қорғау органдарының жұмыскерлері, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарна төлеуден босатылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі осында. Яғни, бұрын мемлекет есебінен жүзеге асырылған тегін медициналық қызмет түрлері аталмыш сақтандыру жүйесі арқылы орындалмақ. Әрине, жоғарыда аталған кейбір медициналық қызмет түрлері бұрынғыдай мемлекет есебінен жүзеге асады. Зейнеткерлердің ем-домы да Үкіметтің мойнында.Қызмет сапасын арттырады
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде емхана таңдау механизмі жалғасын тауып, жетілдірілетін болады. Яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әр азаматқа емхана мен аурухана таңдау мүмкіндігі шектелмей, азаматтардың мұқтаждығына сәйкес жетілдірілмек. Бірақ емхананы еркін таңдау мүмкіндігі азаматтарға жылына бір рет қана беріледі. Бір мезетте бірнеше емханаға тіркелуге болмайды. Былайша айтқанда, аумақтық принцип сақталуы тиіс. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы, барып-келуге қолайлы емдеу мекемесін таңдағаны жөн. Ол азаматтардың тұрғылықты жеріне, жұмысына немесе оқу орнына жақын орналасқан емхана болуы әбден мүмкін. Стационарлық ем қабылдау үшін аурухана таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Стационарда жоспарлы түрде ем қабылдау үшін тұрғындар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен аурухананы ғана таңдай алады. Мұндай ауруханалардың тізімі Денсаулық сақтау басқармаларының, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының веб-сайттарында, баспасөз құралдарында жарияланады. Тағы бір айта кететін жайт, медициналық сақтандыруды денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көзі деуге әбден негіз бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласына бөлінетін жалпы қаржы көлемі артады. Қаржы көбейгендіктен, медициналық мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңадан заманауи аппараттармен қамтамасыз етіледі. Мамандардың біліктілігін арттырудың маңыздылығы артып, жастарды шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігі артады. Ал азаматтардың медициналық қызметтер үшін қалтасынан төлейтін шығындары азаяды. Дүниежүзілік банк зерттеулеріне иек артар болсақ, біздің елде ақылы клиникаларда емделетін азаматтардың саны басым. Жалпы, елімізде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығынның 35 пайызы, яғни, үштен бірі тұрғындардың еншісіне тиеді екен. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тағы бір ұтымды тұсы – медициналық қызмет сапасын арттыруға, медицина субъектілерінің арасында бәсекелестікті қамтамасыз етуге, салаға жаңа технологиялар енгізуге мүмкіндік беретіндігінде. Әрине, мұның бәрі бірден бола қоймайтыны түсінікті жайт. Бюджеттік қаржыландыру салдарынан қызмет сапасы көпшіліктің көңілінен үнемі шыға бермейтін медицина саласын алға бастыру үшін бірнеше жыл қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тағы бір артықшылығы – баршаға бірдей мүмкіндіктің берілуінде. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді де, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Егер әрбір қазақстандық жүйеге қатысып, жарна төлеп тұрса, жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдаланып, кез келген клиниканың көмегіне жүгіне алады. Ал қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде пациенттің емделуіне кеткен клиниканың шығындарын жауып отырады. Қормен келісімшартқа отырған емдеу мекемелеріне қаражат бөлгенде сапалы қызмет пен азаматтардың қанағаттану деңгейі есепке алынады. Осы арқылы денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы артып, жұмыс нәтижесі жақсарып, медициналық қызмет сапасы мен денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігі артады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында білікті дәрігерлер көбейіп, медицина қызметкерлерінің жалақысы артады. Дәрі-дәрмекпен, амбулаторлық көмекпен қамту көлемі өсіп, диспансерлік есептегі науқастар үшін бөлінетін тегін дәрі-дәрмек босатуда арадағы делдалдар жоғалып, науқас үшін қолайлы жағдай туындайды. Ең бастысы, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін емханалардағы ұзын-сонар кезек жойылады. Емделушілердің барлығы алдын-ала тіркелгендіктен, кезек күтіп тұруға еш негіз болмайды. Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мемлекет үшін ғана емес, қарапайым халықтың мүддесі үшін де қажет.