Апат айтып келмейді
Апат айтып келмейді
Қазақстан сейсмологиясының түйткілдері көп-ақ. Арнайы стансалардың аздығы, маман тапшылығы, зерттеудің жоқтығы өз алдына, ғимараттардың сейсмологиялық жаңа картасы да дайын емес. Республиканың оңтүстік өңірлері сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, жер сілкінісін болжайтын стансалардың аздығы жергілікті тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма? Ал арнайы картаның жоқтығы қала ғимараттарының зілзалаға төзімділігін айқындауға кедергі.
Төтенше жағдайлар комитетінің жергілікті басқармалары жауын-шашын, көшкін, лай, аптап ыстық жайлы sms хабарламалар таратуға дағдыланды. Айталық, Алматы қаласы бойынша жауын-шашын мен көшкін қаупін ескерткен хабарламалар жиі таратылады. Бірақ жер сілкінісі туралы хабарлама келмейді. Кейінгі жылдары қалада бірнеше рет жер сілкінісі сезілді. «Неге ескертілмеді?» деген сауалға: «Эпицентр басқа аймақта болды, қалаға білінер-білінбес қана сезілді» деп жалтарады мамандар. Әлбетте, 2-3 балдық жер сілкінісінің қаланы қиратып, халықты әбігерге сала қоймасы анық. Бірақ алдын ала болжамдардың аздығы немесе болмауы сейсмологиялық жаңа қызметтің әлі де сапасыз екенін байқатады.
Ғалымдар төрт жарым миллиард жыл бұрын Жер планетасы жаралды дейді. Бұл – Жердің ғылыми жасы. Жер пайда болғалы бері үздіксіз геологиялық өзгерістерге ұшырап келеді. Құрлықтар қосылады, алшақтайды, теңіздер мен мұхиттар пайда болып, таулар өсіп шығады. НАСА-ның соңғы зерттеулеріне сүйенсек, Жер көлденеңінен өсіп келеді екен. Жер қыртысы жанартау мен жер сілкінісі арқылы талай рет өзгеріп кеткен. Осыны біле тұра, сейсмологиялық картаның жасалмауын қалай түсіндіруге болады?
Жаңа сейсмологиялық карта неге жасалмады?
Қазір ғылыми, технологиялық тұрғыда дамыған елдердің өзі сейсмикалық қауіпсіздіктері үшін алаңдап отырған тұста біздің мамандар неге асықпайды? Жақында сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов Алматының сейсмикалық белсенділігінің жаңа картасы екі жылда дайын болады деп мәлімдеді. Абақановтың айтуынша, Алматыдағы ғимараттардың сейсмологиялық картасын жасау 2012 жылы басталған. Ол кезде қала аумағы 35 мың гектар болатын. Арада екі жыл өткенде қала аумағы екі еселеніп, 70 мың гектардан асты. Қаладағы ғимараттардың сейсмологиялық беріктігі, қай ғимараттың қанша балдық жер сілкінісіне төзе алатыны, қайсысы апатты жағдайда тұрғанын анықтауға тағы екі жыл уақыт керек.
Таңатқан Абақанов 2013 жылы ақпанда Алматының сейсмикалық картасын жаңартуға кем дегенде үш-төрт жыл керек деген болатын. Сөйтіп, сейсмологиялық карта 2015 жылы дайын болуы тиіс еді. Ал кейінгі мәлімдемесіне қарағанда, сейсмологиялық картаның сұлбасы да жоқ сияқты.
Ғимараттардың сейсмологиялық картасы болмаса, зілзаладан төнер қауіпке кім жауап береді? Мысалы, Италияның Аквила аймағында болған жойқын жер сілкінісіне ғалымдар жауапты болды. Аквиладағы зілзаладан 309 адам көз жұмып, 5 ғалым алты жылға сотталды. Олардың айыбы – дер кезінде ескертпегені. Негізі, заманауи технология зілзаланы болжай алады. Сонымен дүниежүзінің 8 мың ғалымы араша түсіп, италиялық ғалымдарды босатып алды. Бірақ Азаматтық қорғаныс басқармасының орынбасары зілзала кезінде берген сұхбаты үшін жауапқа тартылды. Ол сұхбатында: «Бірнеше ай ішінде дүркін-дүркін жер сілкініп отырды. Бірақ әлсіз дүмпулер еді. Бұл жақсылықтың нышаны, өйткені қауіпті энергия осылайша біртіндеп босайды», – деген сөзі үшін жазаға тартылды.
Бұл билік пен ғылымның өзара түсініспегенін білдірсе керек. Біздің елімізде өткен бірқатар шарадан да бұның нақты мысалын аңғаруға болады. Айталық, шетелдік ғалымдар мен жергілікті ғалымдардың жер сілкінісіне байланысты өткен симпозиумында ғалымдар өзекті мәселені талқылағанымен, нақты шешім қабылдана қойған жоқ. Ғалым Әлқуат Нұрмағамбетов баспасөз беттеріне берген сұхбатында тез арада болжам жасау мүмкін еместігін және осындай сәттердің жиі орын алатынын айтқан болатын. Ал Сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов зілзаланың алдын алу, сақтану шаралары жер сілкінгеннен кейін ғана қолға алынады да, аз уақыт ішінде ұмытылады дейді. «Қазақстандағы сейсмология бір зілзаладан екінші зілзалаға дейін дамып отырады. Жер сілкінген соң қоғам, ғалымдар, билік белсенділік танытып, инвестиция сала бастайды, зерттеуге көңіл бөліп, қауіпсіздік шаралары жүргізіледі. Бізде жер сілкінісі жиі болмайды ғой, сондықтан уақыт өте келе олар да селқостық танытады», – деді ол.
Сейсмолог мамандар тапшы
Сейсмологияның тағы бір түйткілі – маман тапшылығы. Отандық жоғарғы оқу орындарында сейсмолог мамандар аз дайындалады. Осы мамандық бойынша шет елде білім алатындар елге қайтуға асықпайды, өйткені қазақ жерінде жалақы аз, сейсмологияға онша назар аударылмайды.
Ғалымдардың айтуынша, елімізде палеосейсмологияны зерттейтін ғалымдар жоқтың қасы. Бұрын республика дәл осы ғылыммен танылған. Бұл ғылым жер сілкінісінің тарихын, пайда болуын зерттейді, соның нәтижесінде жаңа сейсмологиялық болжамдар жасалады. Сейсмологтар жер қыртысының бұрынғы қозғалыстарын нақты білгенде ғана нақты болжамдар жасай алады. Мысалы, көптеген алматылықтар Алматы қаласының астында дүмпу болуы мүмкін деп санайды. Алайда жер қыртысының ажыраған сызығы Алматыдан жырақта. Кембридж университеті Жер туралы ғылым департаментінің басшысы Джеймс Джексон Алматы маңайында ондаған жердің опырылып тұрғанын айтты. «Бірақ олардың екеуі ғана зерттелген. Біріншісі, 1889 жылы Шелектегі жер сілкінісін тудырды. Екіншісі, Қырғызстанға жақын Ақсу маңайында, Алматыдан 50 шақырым жерде. 1911 жылғы жер сілкінісін тудырған сол. Жақында Талдықорған жақтан, Үшаралға жақын жерден қауіпті опырылыс байқалды, ол 400 жыл бұрын басталған», – деді ғалым.
Құрылыс берік болса...
Қала инфрақұрылымының ескіруі – басты назарға алатын мәселе. Өйткені адамдар жер сілкінгеннен емес, ескі ғимараттардың опырылуынан көптеп көз жұмады. Мысалы, 1994 жылы Лос-Анжелесте магнитудасы 6,7 баллдық зілзалада 60 адам көз жұмған. 2003 жылы Иранда дәл солай жер сілкінгенде 40 мың адам қаза тапты. 2010 жылы Гаити аралдарында 230 мың адамның өмірін әкеткен зілзаланың магнитудасы 7 балл болған. Бір жылдан кейін дәл осындай магнитудалы жер сілкінісі Жаңа Зеландияда болды, бірақ адам шығыны болған жоқ.
Мамандардың айтуынша, зілзаладан зардап шегетін елдер – жемқорлық жайлаған мемлекеттер. Мұнда құрылыс индустриясы іргетасынан бастап жымқырылады, нәтижесінде сапасыз құрылыс бой көтереді.
Соңғы жылдары Азияда жер сілкінісі жиі орын алатын болған. Айталық, 2004 жылы Азияның оңтүстік-шығысында, 2008 жылы Қытайдың Сычуан аймағында, 2011 жылы Жапонияда зілзала болды. Тянь-Шань, Алатау, Памир, Гималай тауларында да дүмпу жыл сайын жиіледі. Аймақтағы барлық мемлекеттерде жер сілкініп, біраз шығын әкелді. Ендеше еліміз қауіпті сейсмикалық аймақтардан алыс еместігін байқау қиын емес. Ал сақтанғанның ғана сақталатынын есімізден шығарып ала беретініміз өкінішті.