Тері өңдейтін кәсіпорын жетіспейді
«KAZNEX INVEST» мәліметі бойынша, 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында тоқыма мен тоқыма бұйымдарының экспорты 52,5 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімдегі көрсеткішімен салыстырғанда 18,3 пайызға артқан. Ал толық бір жылдың статистикасына үңілетін болсақ, жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 9,4 пайызға артса, соның ішінде шұлық өндірісі 5,7 пайызға, үй текстилі өндірісі 45 пайызға, трикотажды киім тігу 69 пайызға ұлғайды. 2017 жылдың алғашқы екі айында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру тауар құнымен есептегенде өткен жылдың осы уақытындағы көрсеткіштен 9,4 пайызға көбейіп, 10,26 млрд теңгеге артты. Соның ішінде республикалық көрсеткіштің тең жартысы үш өңірге: Оңтүстік Қазақстан облысы (3,14 млрд теңге), Алматы облысы (1,03 млрд теңге) және Ақмола облысына (1,03 млрд теңге) тиесілі. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 55 пайызы текстиль өнімдері. Бұл сала бір жылда 6,3 пайызға ұлғайып, 5,64 млрд теңгеге көбейді. Одан кейінгі орында киім тігіні. Киім тігу көрсеткіші бір жылда 10,2 пайызға ұлғайып, 3,93 млрд теңгеге көбейген. Көпжылдық динамикаға көз салатын болсақ, жеңіл өнеркәсіп саласы жыл сайын тұрақты өсім көрсетеді. Мәселен, 2015 жылы сала 13,3 пайызға ұлғайса, 2016 жылы 11 пайыздық өсім көрсеткен. Тек 2014 жылы ғана 2,8 пайызға құлдыраған еді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сүйенсек, Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасы аясындағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарды қаржылық қолдау жұмыстарының нәтижесінде 2016 жылы 5,09 млрд теңгеге 35 жобаның пайыздық үстемесін субсидияланған. Олардың арасында 10 жоба текстиль бұйымдарын шығаратын болса, 20 жоба киім тігумен айналысады. Тағы 5 жоба былғары өнімдерін өндіруге маманданған. 2016 жылы осы саланы дамыту үшін «KAZNEX INVEST» АҚ отандық бес ірі кәсіпорынды шетелдік үлкен көрмелерге апарып, сол шараларда 1,08 млн долларлық келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, 2016 жылы отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету шығындарын өтеу бойынша «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ, «Семирамида» тігін фирмасы» ЖШС, «Ажар» тігін фабрикасы» ЖШС мен «Семспецснаб» ЖШС қаржылық қолдау алған. Саланы алға сүйреуші өндіріс түрлері 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында текстиль және тігін өнеркәсібінде мақта өндірісі айтарлықтай көбейіп, былтырғымен салыстырғанда 2,7 есеге артты. Ал былғары өнім өндірісі бойынша жылдық есепте құлдырау байқалады. Ірі қара және жылқы терілерінен дайындалатын былғары өнімдерінің өндірісі бірден 76,4 пайызға қысқарса, былғары аяқ киім өндірісі 48,8 пайызға азайды. Мамандардың пікірінше, жеңіл өнеркәсіпте былғары өндірісі саласының тәуекелі жоғары. Себебі бұл сектор тікелей ауыл шаруашылығы өнімдеріне, соның ішінде мал басына тәуелді болғандықтан, сектор өз бетінше дами алмайды. Елімізде бұл күнде тері өндірісі саласында 160-тан астам кәсіпорын бар көрінеді. Оның арасында өңдеумен, бояумен айналысатыны да, өнім шығаратыны да бар. Десек те, оларды шикізатпен толық қамтамасыз ете алмайтын кездеріміз көп. Сонда ауылдық жерлерде тарыдай шашылған терілердің текке тулақ болып жатқаны еріксіз есіңізге түседі. Себебі тері өндірісінде жүйе жоқ. P.S. Кейбір мәліметтер қазақтың жылына 3 миллионға жуық қой соятынын тәптіштесе, бір миллион қойдың терісі түгелге жуық ысырап болатынын айтады. Ал табиғи шикізат – жүннен қағылғанымызға мән бермейтін біз бүгінде қытайдың синтепон мен холлафайбер салынған көрпе-жастығын тұтынып мәзбіз. Сөйте тұра, түрлі жолмен шекара асып жатқан тонналаған жүн мен теріге неге көз жұмып қарап келеміз?