Тағы да жол апаты, тағы да балалар зардап шекті
Тағы да жол апаты, тағы да балалар зардап шекті
Алматы қаласында мектеп автобусының қатысуымен жол апаты орын алды. Апат нәтижесінде 6 бала зардап шеккен.
Жол-көлік оқиғасы бүгін, яғни, 22 мамырда Қарасу ықшамауданында болған. Зардап шеккен балалардың біреуі №5 қалалық емханаға жеткізілсе, қалған бесеуі №1 балалар ауруханасында жатыр. Ал жол апатының жай-жапсары қазір анықталуда.
Осы апта ішінде Алматыда балаларға қатысты оқыс оқиғалар көп тіркелді. Соның бірі – 20 мамыр күні Алматыдағы балабақшалардың бірінде орын алған төтенше оқиға. Тежегіш пен газды шатыстырған 46 жастағы әйел балабақша қоршауына соғылып, балалар алаңында ойнап жүрген бүлдіршіндерді қағып кеткен еді. Қайғылы оқиға кезінде бір бүлдіршін қаза тауып, сегізі жарақаттанған. Кейін тағы бір бала ауруханаға жеткізілген. Қазір бұл іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ал оқиғаға жазықты әйел қазір уақытша изоляторда. Бүгін ол әйелді қамауға алу туралы санкция шығарылуы тиіс.
Кеше оқиға барысында қаза тапқан 5 жастағы Кәусар есімді бүлдіршінді ата-анасы жер қойнына тапсырды. Ал төтенше оқиғадан зардап шеккен балалардың соңғысы бүгін жан сақтау бөлімінен шығарылды. Қазір балалардың жағдайы едәуір жақсарған.