Мәрмәр ұнтағын өндіретін зауыт

Мәрмәр ұнтағын өндіретін зауыт

Мәрмәр ұнтағын өндіретін зауыт
ашық дереккөзі
Еліміздің қайсыбір өңірін алсақ та, табиғи байлық түрлеріне бай. Ал енді бір аймақта шикізаттың өзі өндіріске сұранып тұр. Соның бірі таяуда ғана Жамбыл облысында ашылған мәрмәр ұнтағын өндіретін зауыт. Талас ауданы, Қаратау қаласында орналасқан «Қаратау ПРО»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәрмәр ұнтағын өндіретін кәсіпорнына арнайы атбасын бұрған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев зауыттың ашылу рәсіміне қатысты. Елбасы «Қазақстан 2050 жылға қарай өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс» деген үлкен жауапты міндет жүктеген болатын. Сондықтан бүгінде экономикамызды индустрияландыру мәселесіне баса назар аударылуда. Бұл Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі айтулы күн. Өйткені ауданда жаңа инвестициялық жоба іске қосылып отыр», – деді әкім өз сөзінде. Жоба 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Аталмыш жобаның құны – 1946 миллион теңге. Жобаның жылдық  қуаттылығы – 110 мың тонна. Зауыт жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін де шешуге септігін тигізіп,  қазіргі таңда зауытта  68 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал зауытқа Италияның құрал-жабдықтары орнатылып, карьер толықтай геологиялық зерттеуден өткізілген. Зауыт ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларына 14357 тонна мәрмәр ұнтағын және 511 тонна мәрмәр үгіндісін өндіріп, жалпы өнім көлемі 105,5 миллион теңгені құрады. Айта кетейік, 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биыл облыста құны 15,4 миллиард теңге болатын 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы жобалар аясында келешекте 1400 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.