Жаңалықтар

Жетісу өңірінің жемісті істері

ашық дереккөзі

Жетісу өңірінің жемісті істері

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өңірдің биылғы жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және екінші жартыжылдыққа арналған міндеттері жан-жақты талқыланды. Мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша өнеркəсіп өнімінің көлемі 329, 4 млрд теңгені құраған. Оның ішінде өңдеу өндірісі  3,6 пайызға өскен. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі – 8 пайыз, сусын шығару – 22,3 пайыз, фармацевтикада – 1,8 есе, машина жасау – 35,2 пайызға артқан. Әсіресе, өнім өндіру көлемін өсіруге облыстағы 6 фармацевтикалық зауыт атсалысқан.  Бұл 6 зауыт бұл көрсеткішті 8 млрд теңгеге ұлғайтып,   мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде пайдалануға берілді. Осы алғашқы жартыжылдықта іске қосылып және кеңейтілген 39 нысан өндірісте қосымша 665 жаңа жұмыс орнының ашылуына түрткі болды. Осылайша, ауыл шаруашылығында Агроөнеркәсіп кешенді дамыту бағдарламасы шеңберіндегі қаржылық қолдау нәтижесінде өсім 3 пайызға жетті. Әрине, кез келген істің ілгері-кейінді тұстары баршылық. Бірқатар аудандарда шағын және орта бизнесті қолдау шараларында, кооперативтер құру ісінде, инвестиция тартуда және басқа да маңызды көрсеткіштерде кемшіліктер орын алған. Шағын несиені игеру Ақсу, Балқаш, Ескелді, Көксу, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай қаласында төмен деңгейде. Ал Ақсу және Райымбек аудандарында «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүт фермаларының құрылысы әлі басталмаған. Жиын барысын қорытындылаған Алматы облысының әкімі А.Баталов сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.  «Береке», «Талдықорған» индустриалды аймақтарына инвестиция тартумен түбегейлі айналысу қажет. Инженерлік жүйелері тартылып, дайын тұрған алаңдардың бар екенін кәсіпкерлерге, инвесторларға жеткізу үшін, қажет болса инвестфорумдар өткізіп, көрсетіңіздер, ұсыныңыздар. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті одан әрі дамытуымыз керек. Өнеркәсіп өндірісінде бірінші жартыжылдықтың осы өсім деңгейін сақтауға тиіспіз. Әсіресе, жүйеқұраушы кәсіпорындардың өндіріс қарқынын ерекше назарда ұстасаңыздар деймін. Жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, шағын несиелер беру мен оны игеру, кооперативтер құру мәселесі де қадағалауда болсын», – деді А.Баталов. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық шараларын, жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс жаңа мектептердің құрылысын бақылауды, тұрғын үй құрылысы мәселелерін де тұрақты назарға алуды қатаң  тапсырды.