Қазақтың қанына сіңген гуманизм

Қазақтың қанына сіңген гуманизм

Қазақтың қанына сіңген гуманизм
ашық дереккөзі
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты ұсыныстары мен жолдарын нақтылап берді. «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», – деп көрсетілген мақалада. Көп ұзамай «Киелі Қазақстан» жобасы жұмысқа кірісті. Бұдан кейін «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы да басталды. Қазіргі таңда Қарағанды облысында 40, Шығыс Қазақстан облысынан 20 киелі мекен нақтыланып, жалпы Қазақстан бойынша киелі жерлер саны 1 мыңға жуықтаған. Киелі жерлер тізімінің жасақталу барысын осы жобаға жетекшілік ететін ҰҒА академигі Ханкелді Әбжанов әңгімелеп берді. – «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» тізіміне қандай киелі орындар енеді? – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамдық сананы заманауи биікке көтеруге септесетін алты жоба ұсынғаны белгілі. «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деп атап өтті. Соның негізгілерінің бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асырудың мақсаты – халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын орнықтыру. Әрине, киелі орындардың қазақстандық ерекшелігін естен шығаруға болмайды. Мәселен, Еуропада киелі нысандарға негізінен дінмен байланысты орындарды жатқызады. Ал біздің халық құлашты кеңінен сілтеген. Жердің асты-үстіндегі көненің көзін ғана емес, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің де киесі, яғни қорғаушысы, обал-сауабы, зауал-нәубеті бар деп білген. Тұнып тұрған гуманизм осы емес пе?! Осы қасиет тарихымызға да, дүниетанымымызға да, табиғатты аялауымызға да тән. Елбасының мақаласында киелі санатына баршаға ортақ қасиетті жерлер жатқызылған. Фауна мен флора туралы сөз жоқ. Демек, рухани жаңғырудың төртінші жобасында басты назар геотарихымыздағы қасиетті құндылықтарға аударылатын болады. – Қазақта киелі сөзінің мағынасы кең. Танымдық тұрғыдан киелі жерлерге нені жатқызуға болады? Діни жерлер географиясы десек, ұғым тарылып қалатын сияқты. Өйткені діни ескерткіштердің ішінде ислам дінінен басқа да орындар бар, олар да тізімге іліне ме? – Киелі жерлерге, менің пайымымша, Ұлы дала халқының тарихы мен тағдырында, әйгілі тұлғаларының өмір жолы мен жасампаз әрекетінде айрықша орын алатын нақты аумақты, ондағы нысан, ескерткіш, сақталған табиғи белгіні жатқызамыз. Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқандықтан, Қазақстан діндер мен мәдениеттердің, түрлі өркениеттердің ықпалдастығын бастан өткерді. Біз үшін екі рухани құндылықтың парқы мен нарқы алабөтен. Олар – тәңірішілдік пен ислам. Осы екеуіне қатысты жерлердің, нысандардың, ескерткіштердің қасиеттісін анықтап, ғылыми бекемдейтін сәт келді. Отар өлкеге айналғанға дейінгі дәуірлерден жеткен жат діндер мен діни ағымдар мұрасын киелі география мәртебесімен ұлықтаудың реті жоқ. Елбасы мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ұғым-түсініктері тең мағынада қолданылған. «Туған жер» сөзіне екі мағынада тоқталған. Тар мағынасы – «әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі». Кең мағынасы – елдің де, мәдени-генетикалық кодтың де негізі жер, «біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады». Сондықтан екеуінің арқалаған жүгі екі түрлі. – Картаға енетін тарихи, діни ескерткіштер қанша уақытта картаға түсіріліп бітеді? Жұмыс барысы қалай жүргізілуде? – Киелі жерлердің картасын жасау, экспедициялар ұйымдастыру, мұрағаттар мен кітапханалардан деректер жинау, оларды ғылыми нәтижеге айналдыру, біріншіден, ғалымдар мен мамандарды ортақ мақсатқа жегуді, екіншіден, уақытты, үшіншіден, мол қаражатты талап етеді. Әзірге тиісті министрліктер адами капиталмен жұмыс істеуде, жер-жерден тізімдер алынып, нақтылануда, атқарылатын іс-шаралардың кешені мен реті анықталуда. Бұл ретте БАҚ-тардың белсенділігі жоғары. Үлкен шаруа келер жылы басталады. 2018 жылдың аяғына қарай жекелеген облыстардағы киелі жерлер жайлы іргелі кітаптар мен телематериалдар дестесі дүниеге келсе, оқу құралдары жазылса, нұр үстіне нұр дер едік. – Жалпы, киелі нысандардың біршамасы елді мекендерден жырақ жатыр. Сол жерге апаратын жолдардың әлеуметтік инфрақұрылымы жасалмаған. Карта жасалғаннан кейін ономастикалық, инфрақұрылымдық мәселелер қолға алына ма? – Киелі жерлерге қатысты жұмыстарды /жол салу, қонақүй тұрғызу, қираған нысандарды реставрациялау мен реконструкциялау, ономастикалық шешімдерді рәсімдеу, т.б./ қолдан келгенше бір мезгілде жүргізген жөн. Туристік бағыттарды біліктілікпен тиянақтаудың маңызы зор. Жол азабын жоймай, туристің келуінен дәмету – адасудың басы. Киелі жерлер туризмі ақша ғана әкелмейді, жаңа жұмыс орындарын да ашады. Білетіндердің айтуынша, әрбір турист жеті адамды жұмыспен қамтиды екен. – Қазақстанда шамамен 35 мың сәулеттік, археологиялық және тарихи ескерткіштер бар. Өзіңіз айтып өткендей, бұл жоба жаңа ескерткіштерді ашпайды, тек барымызды тізімге енгізеді. Дегенмен, ескерусіз, қараусыз қалған рухани маңыздылығы, тарихы Түркістан ескерткіштерінен кем емес діни орындар бар шығар... – Әрине, бар. Мәселен, Сырдарияның төменгі сағасында Бегім-ана мұнарасы тұр. Осы тарихи тұлға, шыққан тегі жайлы әр жылдары Ә.Марғұлан, Ә.Кекілбай, А.Сейдімбек, Ә.Жәмішев, И.Жақанов, І.Мыңбай, т.б. азаматтар зерттеулерін жариялады. Аңыз-әңгімелер жинады, құнды-құнды ұсыныстарын алға тартты. Жалпыұлттық мән берілмегендіктен, өкінішке қарай, осы киелі нысан көпшілікке танымал емес. Осы сияқты республика аймақтарында қасиетті орындар көп. Оның барлығын биыл жинақтап, келер жылы экспедиция басына барып, зерттейтін болады. Рухани жаңғыру биыл жарияланған Үшінші жаңғыруымыздың құрамдас бөлігі болып табылады. Оның түп көздегені – ұлттық кодымызды қорғай отырып, бәсекеге қабілеттігімізді шыңдау және ең дамыған 30 елдің қатарына ену. – Әңгімеңізге рахмет!