Жаңалықтар

Мақтанымыз делінген асыл мұралар

ашық дереккөзі

Мақтанымыз делінген асыл мұралар

Қазақ даласында көненің көзіне айналған жәдігерлер, тарихи ескерткіштер, қасиетті де киелі мекендер көп. Оның ішінде зерттелген-зерттелмегені, осы күнге дейін ұмыт қалғаны жетерлік. Халық бірін білсе, бірін біле бермейді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» негізіндегі «Туған жер» жобасы аясында қазақ даласындағы барлық туристік, тарихи, тәу ететін мекендер тізімделіп, түгенделмек. Туған топырақтың асыл қазыналары, табиғат қалаған тылсымдары мен адам қолымен тұрғызылған ғажайып ғимараттар бір жинаққа біріктіріледі. Соның негізінде аталған мекендердің түйткілдері, қалпына келтіру жұмыстары, жол мәселесі, ескерткіш басындағы инфрақұрылым, туристік әлеуеті зерделеніп, оң шешімін таппақ.  Әлемдік маңызы бар мұраларға бергісіз ескерткіштер елімізде жетіп артылады. Солардың бірі – Боралдай сақ қорғандары. Алматы маңындағы қорымдар 1970 жылдары ғана белгілі болды. Біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларға жататын Сақ қорымында 47 қорған бар. Оның 20-сы ірі қорымдарға жатады. Мұнда сақ пен үйсін тайпасының ақсүйектері жерленген. Археолог мамандар аталған тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізбекші. Десе де Боралдай сақ қорымдары әлі зерттеліп біткен жоқ. Мамандардың айтуынша, Боралдай сақ қорымдарының құрылысы Мысыр пирамидаларына ұқсас. «Қорғандардың құрылысы күрделі және Мысырдағы пирамидалардың тұрғызылуымен ұқсастығы бар. Біріншіден, терең ор қазылған. Қорғанның кеңдігі адамның мәртебесіне байланысты болған. Алдымен ағаш төселіп, кейін адамның мүрдесі қойылған. Топырақ салынған соң 7, 40, 100 күн өткенде тағы да топырақ қабаты төселеді. 1 жылдан соң мүлде таспен бекіткен. Сондықтан, олар осы уақытқа дейін сақталған», – дейді Ғылыми эксперименталды археология орталығының директоры Руслан Щербаев. Таспен қоршалған сақ қорымдары ескілікте ғибадатхана қызметін атқарған. Осыған ұқсас дүниелерді Англиядағы Стоунхендж кешенінен көруге болады. «Қорғандардың құрылысы жұлдыздармен байланысты. «Медеу» мұз айдыны маңында қазба жұмыстары кезінде сақ ғибадатханасы табылған. Сол жерде бұғыны жеп жатқан екі қасқыр мен екі қарғаның бейнесі табылды. Ғылыми ізденістердің нәтижесінде сол заманда осындай шоқжұлдыздар болғаны белгілі болды», – деді Ғылыми эксперименталды археология орталығының директоры Руслан Щербаев. Сол сияқты Алматы облысындағы Бесшатыр қорғаны тұнып тұрған тарих. Бұл жерді біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырларда сақтар мекен еткен. Бесшатыр – Сақ дәуірінің аса ірі ескерткіші «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Қорым құрамында үлкенді-кішілі 31 оба бар. Осыншама қорған бір-бірімен жерасты жолдары арқылы байланысады. Жерасты жолдарының бар екенін кез келген турист өз көзімен көре алады. Бірақ, ол жолмен жүруге мүмкіндік жоқ. Себебі уақыт өте жерасты дәліздері құлап, көміліп, жабылып қалған. Бұл да үлкен қиындық тудырып отыр. Өйткені туристерді қызықтыратыны – тарихты өз көзімен көріп, қолымен ұстау. Мысалы, Қытайдың Ұлы қорғанын көруге күніне мыңдаған адам барады. Оның бәрі қорғанға шығып, жүріп көруді ғана мақсат етеді. Ендеше көміліп қалған жолдарды ауызша айту туристерді тарта қоймасы анық. Бұл аймақты 1959-1960 жылдары белгілі археолог, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышев бастаған топ зерттеген. «Қазақстандық және ресейлік археологтар 18 қорымды ашып, зерттеді. Қазба жұмыстарын жүргізген кезде адамдардың сүйектері, сақтардың пайдаланған қыш ыдыстары, әшекей бұйымдары, қарулары, қалқандары табылған. Меніңше, әлі зерттелетін тұнып тұрған тарих. Біз бір қорғанды ашық аспан астындағы музей етіп жасадық», – дейді «Алтын­емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің маманы Жансерік Елубай. Еліміздегі мәңгілік ескерткіштерді дәріптеп, маңайына инфрақұрылым жүргізу жұмыстары нашар жүргізілетіні ақиқат. Айталық, Боралдай мегаполистен алыс емес. Туристік әлеуетті арттыруда таптырмас қазына екенін түсінсек те, соны іске асыру ескеріле бермейді. Боралдайдағы сақ қорымдары 2006 жылы ғана қоршалып, туристік орынға айналды. Оған дейінгі кезеңдерде кірпіш зауыты, егіс алқабына пайдаланылды. Қазіргі кезде сақ қорымдарына баратындардың басым көпшілігі – мектеп оқушылары.

Шығыс Қазақстанның «Алтын адамы»

Жақында Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданындағы Берел қорғанынан тарихи жәдігер табылды. Алдын ала болжам бойынша, бұл кезекті Алтын адам болуы мүмкін. Өйткені жәдігердің барлық бұйымдары алтыннан құйылған, кең аумақта жерленген, ең бастысы, бас киімі сақ қорғандарынан табылған Алтын адамға ұқсас. Бұл туралы «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы алғаш болып хабарлады. Сақ дәуіріне тән түрлі дүниені бүгінге бүтіндей жеткізген Алтай таулары маңындағы Берел қорымынан, Зейнолла Самашев бастаған экспедициялық топтың қазба жұмыстары нәтижесінде, тағы бір Алтын адам табылды. «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысына іссапарға барып, осындай айтулы жаңалыққа куә болдым» деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. Алайда оны нақты Алтын адам деу қиын. Өйткені қорым ертеректе тоналған. Алтын адам киімінің көптеген детальдары жоқ. Археолог Зейнолла Самашевтің айтуынша, көмілгеннен кейін көп уақыт өтпей жатып-ақ тоналған көрінеді. Қорған толық зерттелгеннен кейін реставраторлар бас киімнің фрагменттері арқылы оның үлгісін толық қалпына келтіре алады. Негізі, табылған бас киім Есік қорғандарындағы Алтын адамның бас киіміне өте ұқсас. Сондықтан ұқсастық болуы, тіпті бір ғасырда өмір сүрген адамдар болуы да ғажап емес. Жалпы, бұған дейін Берел қорғандарынан көптеген тарихи ескерткіштер табылды. Соның ең құндысы – терісі жақсы сақталған жылқылар. Олардың ат-әбзелдері мен қасындағы бұйымдар да бұзылмаған.

Құлпытас құпиялары

Қазақ даласындағы құлпытастарды оқу арқылы да бірталай тарихтың бетін ашуға болады. Өкінішке қарай, құлпытастар құпиясы әлі күнге жұмбақ күйінде қалып келеді. Жалпы, Қазақстан бойынша құлпытастар көп аймақ – Батыс Қазақстан. Бірақ осы күнге дейін құлпытастарды зерттеу қолға алынған жоқ. Кеңес үкіметі тұсында құлпытастар жан-жақтан жиыстырылып, ғимараттардың іргетасы пайдаланылды, диірмен тасына айналды. Осылайша талай тарихымыз уақыт шамына көмілді.Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында 2345 құлпытас оқылып, өлкенің бай мұрасына қосылды. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Әшірбек Муминов бастаған ғылыми қызметкерлер Бөкей ордасы ауданындағы Хан зираты қорымынан 526, Ақжайық ауданы Тайпақ өңіріндегі Кенжеқара, Базаршолан, Байшөрек, Байбарақ, Ескі Есім қорымдарынан 170, Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінің маңындағы Жантөре хан зиратынан 142 құлпытасты зерттеді. Осындай жұмыстар барлық өлкеде атқарылса, айналасы бірнеше жылдың ішінде тарихымыз түгенделіп қалар еді. Өкінішке қарай, бұл мәселе де өз кезегін күтіп тұрған түйткілдердің бірі ғана...   Тарихи жәдігерлерге апаратын жол сапасыз   Республиканың шалғай аймақтарындағы құнды ескерткіштерге, киелі орындар мен тарихи жәдігерлерге апаратын жолдар өте нашар. Жол жоқ жерлерге ішкі, сыртқы туристер де аттап баспайтыны айдан анық. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданынан 250 шақырым жерде орналасқан Әбілқайыр ханның кесенесіне қыста мүлде жол болмай қалады. Егер жол жөнделіп, қыстыкүні тазартылып тұратын болса, келушілер саны арта түсер еді. Әбілқайыр хан жерленген жерді зерттеу жұмысы 1978 жылдан бастап 2012 жылға дейін жалғасты. 2012 жылы Әбілқайыр ханның сүйегі қайтадан жерленді. Тарихшы Алпамыс Жалмұхановтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысының ғалымдары әлі күнге дейін Орынбордың мұрағаттарынан құжаттар іздестіруде. «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті... Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп атап өтті Елбасы. Қазақ даласында зерттелмеген тарихи жерлер көп. Оның келешек ұрпаққа берер тәлімі мен маңызы ұшан-теңіз. Патриотизм туған жерді сүюден басталады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.