Таза судың тапшылығы

Таза судың тапшылығы

Таза судың тапшылығы
ашық дереккөзі
Жер бетіндегі тұщы судың қоры небәрі 3 пайыз. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2025 жылдан кейін жер бетінде ауыз су тапшылығы басты түйткілге айналады. Мұның алдын алу үшін ауыз суды үнемдеу керек. Ғалымдардың айтуынша, тіршілік нәрін рәсуаламай, орнымен қолданса, тұщы су қорын 40 пайызға үнемдеуге болады. Ең сорақысы, келешектің қамын ойлағандар қатары сирек. Қазірдің өзінде ауыз су тапшылығын тартып отырған елдер бар. Соңғы 60 жылда жер бетіндегі ауыз суды тұтыну 8 есеге артқан. Сегіз жылдан кейін 3 миллиард халқы бар 50 мемлекетте су тапшылығы басты мәселеге айналады. Жер шарындағы тұщы судың тапшылығы жылына 230 миллиард текше метрге жеткен. Әлемде 2,5 миллиард адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ауыз су Қазақстанда да күрделі мәселелердің бірі. Қалай тартсақ та, сапалы, таза ауыз сумен республика аймақтарының барлығы қамтамасыз етілген дей алмаймыз. Елбасы ауыз су мәселесін 2050 жылға дейін түбегейлі шешуді тапсырған болатын. Үкіметке бірінші кезеңде, 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару түйткілді шешетін ұзақ мерзімді бағдарлама жасауды жүктеді. «Басқа елдердегі, мысалы, Аустралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудің озат тәжірибесін мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызда пайдалануға тиіспіз. Екіншіден, бізде елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу қажет. Үшіншіден, агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысуға тиіспіз. Ең бастысы, қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Біздің ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуымыз қажет», – деп атап өткен еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Республикадағы таза ауыз су мәселесі «Өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар аясында бірқатар өңірлерге ауыз су құбырлары тартылып, елдің берекесін енгізді. Таяуда Ақмола облысындағы екі елді мекенге су берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында судың көзін тауып, қондырғыларын орнату мен құбыр тартуға республикалық бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Ақсу және Заводской кенттерінде 1200-ден астам адамның қолы таза ауыз суға жетіп, тоқсаныншы жылдардан бері қаңырап қалған көпқабатты үйлерге де су кіргізілді. Ақтөбе облысында жерасты суларының көзін табу, тарту, жеткізу жұмыстарының қиындық тудырып келгені белгілі. Былтыр облыстағы ауыз су мәселесін шешуге 20 миллиард теңге бағытталды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының мәліметінше, өткен жылы іске асырылған 9 жобаның нәтижесі бойынша сумен жабдықтау желілерінің 49,9 шақырымы салынып, 71,8 шақырым қайта жөнделді. Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында су көтеру станциясы, Ақтөбе қаласында кәріз желілерінің 16,7 шақырымы қайта жөнделді. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2,27 миллиард теңгеге 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сол сияқты биыл Петропавл облысының елді мекендеріне су тарту жобасы қолға алынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың жалпы құны – 1 миллиард 126 миллион теңге. Қызылжар ауданындағы Шаховское аулында тұрғындар құдық қазып, амалдап жүрген болатын. Жыл соңына дейін ауылда 3 су тарату пункті, 1 мұнара және шағын станция мен 2 таза суға арналған қойма салынады. Дәл осындай жұмыстар өзге де аудандарда жүргізілмек. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткізілмек. Таза ауыз су мәселесі қала тұрғындарының жазылмас дертіне айналған еді. Жыл сайын сан мәрте айтылып, құрғақ уәдемен кері қайтарылған шағымдар биыл түпкілікті шешімін таппақ. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 5 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобаға қазынадан 2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Аягөзде 40 мың халық тұрады. Биыл жобаның соңғы 4-ші кезеңін іске асыру үшін бюджеттен 517 миллион, ал кәріз жүйелерін жаңғыртуға 700 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Аягөз аудандық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Айбек Смайылов: «Аягөз ауданы бойынша сумен қамтамасыз ету деңгейі 84,2 пайыз. Аудан бойынша 2017 жылы 84 шақырым құрылыс жоспарланған, соның ішінде 30 шақырым су жүйелері қаланың ішінде тартылады. Жаңа бағдарламалардың арқасында ауыз су тікелей үйлердің ішіне дейін апарып беріледі», – дейді. Оңтүстік Қазақстанда алдағы 5 жылда 700 мыңға тарта тұрғынға таза ауыз су берілмек. Жергілікті билік Өгем өзенінің суын тазартып, ауыз суға пайдалануды көздеп отыр. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы өзен екі ел арасында арнайы қаралып, судың белгілі бір бөлігін ауыз суға пайдалануға рұқсат берілді. Сонымен қатар жерасты суларын анықтауда жұмыстар толастаған емес. Қазіргі таңда 383 елді мекенге су тарту күн тәртібіне қойылған. Биыл 34, келесі жылы 105 елді мекенде тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл бағытта 1,5 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде таза ауыз сумен қамтылған елді мекендердің саны 628-ге жетеді. Жалпы, 2020 жылға дейін 700-ден астам ауылдарға су тарту жоспарланып отыр. Өкінішке қарай, ауыз судың зардабын тартып отырған елді мекендер әлі баршылық. Алысқа бармай-ақ, Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Жаңа тұрмыс, Ақжар ауылдарында жаздың күні ауыз су әрбір тұрғынның алаңдайтын мәселесіне айналады. Ауылдың басындағы үйлер су алса, төменгі жақтағы үйлер бір тамшы суға зар боп қалады. Өйткені судың нөпірі барлығына бірдей жетпейді. Ол аздай бұл ауылдың тұрғындары неше жылдан бері лай суды тұтынып келеді. Ал Талдықорған қаласының түбіндегі саяжайларға ауыз су тартылмаған. Облыс орталығының айналасында бар-жоғы 12 саяжай кооперативі бар. «Үйтас» саяжайының 3 мың тұрғыны ауыл ортасындағы құдықтан қысы-жазы су алады. Бұл жерде ұзын сонар кезек болғанда, жұртшылық Қаратал өзенінің суын да талғажау ететін көрінеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жергілікті әкімдік 2 жыл бұрын қаржы бөлініп, су жеткізіледі деп уәде еткен. Бірақ «Баяғы жартас бір жартас» кебімен әлі тұр. Алматы облысының Қарабұлақ аулында да осы жағдай. Су тартуға қаражат бөлінген, бірақ су жоқ. Ауыл адамдары суды бұлақтан тасиды, ал қариялар ауылдағы ескі құбырдың лай суын күтіп отыратын көрінеді. 400 түтіні бар ауылдың сусыз отырғанына 7 жылдың жүзі болған. Қарабұлақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы Еркін Жирендиннің айтуынша, су құбырларын тартуға 109 миллион теңге бөлінген. Шенеунік биыл бастауға уәде етті. Шын мәнінде, әкімдік уәдесінде тұрып, құрылысты биыл бастаған күннің өзінде жобаның келер жылы даяр болатыны күмәнді. Қаншама елді мекендердің құбыры жаңартылып, жаңадан су тартылса да, ауыз су тапшылығы әлі де байқалуда. Ауыз суды ұтымды пайдалану үшін бір ғана нәрсені білген жөн. Ол – үнемдеу. Тұрғындар суды бей-берекет шашпай, ұқыпты қолданса 40 пайызға дейін үнемдей алады. Дәл қазір Жер шарына қойылып отырған талап осы ғана. Жер бетінде тұщы судың мөлшері өте аз. Арктика мұздықтарының тұщы екені белгілі, бірақ ғаламдық жылыну бұл қорды жылдан жылға кемітіп келеді. Сондықтан адамзаттың келешегі үшін әрбір тамшы су маңызды. Осы орайда, елімізде ауыз суды пайдаланудың мәдениеті қалыптаспағаны көңілге қаяу түсіреді. Мәселен, елді мекендерге су тартылып, ескі кәріз құбырлары жаңартылғанда сол жердегі үй саны, адам саны мен басқа да қажеттіліктер есепке алынады. Ал жазда суды тұтыну 5-6 есеге көбейеді. Алайда ешбір бағдарламада жаздың күні жұртшылық бау-бақшаны таза ауыз сумен суаратыны ескерілмейді. Бұның зардаптары қандай? Біріншіден, жаз айларында суды тұтыну еселенеді. Сәйкесінше, су құбыры мен станцияның, қойманың шамасы оған жетпейді. Сөйтіп, су ауылдың бір жағына жетсе, екінші жағына су келмей қалады. Бұл жазда аулаға су шашу, бау-бақшаны суарудан туындайтын мәселе. Мұндай мысалдар өте көп. Сондықтан суды тұтыну мәдениетін меңгеріп, ысырапшылдыққа бой алдырмай, «Судың да сұрауы барын» ескерген жөн. Сапасыз су адам денсаулығына зиян. Судың құрамында микроэлементтер мен минералдар жоқ болғанда, тірі ағзаның қалыпты жұмыс істеу теңгерімі бұзылады. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, жер бетіндегі аурудың 80 пайызы сапасыз судан болады. «Өлі суды» тұрақты түрде тұтынушылар біршама уақыттан кейін бауыр, бүйрек және тағы да басқа ауруларға шалдығады. Микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай келмейтін ауыз суды тұтыну оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға шалдықтыратыны тағы белгілі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адамдардың денсаулығы негізінен сапасыз судың салдарынан нашарлайды. Жер бетінде таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырған 2,5 миллиард адам бар. Таяуда Астана қаласында судың құрамында А гепатиты бар деген хабарлама тарап, жұртты дүрліктірген болатын. «Ауыз суды тек қайнатып қана ішіңіздер, өйткені тасқынға байланысты су құрамынан А гепатитінің таяқшасы мен дизентерия ауруы табылып отыр. Тіпті, жеміс-жидектерді жуу үшін де, тістеріңізді тазалау үшін де тек қайнаған суды пайдаланыңыздар. Ақпарат расталған. Бүгін санитарлық-эпидемиологиялық станциядан анықтама алдық, сонда ескертілді!» – делінген хабарламада. Көп ұзамай бұл ақпараттың жалған екені анықталды. «Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті» мен «Астана су арнасы» МКМ қаладағы судың қатаң қадағаланатынын, ешқандай ауру таяқшаларының жоқтығын растады.