Жаңалықтар

Латын әліпбиіне көшу барысы

ашық дереккөзі

Латын әліпбиіне көшу барысы

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласында:  «Қазақ  тілін  біртіндеп  латын  әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері  мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға  қарай  іс  қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деген болатын. Бұл сең Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен кейін қозғалды. «Латын әліпбиіне көшу мәселесін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан бұрынғы кеңестік елдердің көпшілгінің латын әліпбиіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс» деп қадап айтқаны жұрт жадында. Ал 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін мәлімдегені есте. Міне, содан бері латын әліпбиіне көшудің тиімді не тиімсіз жолдары таразыға тартыла бастады. Ерте ме, кеш пе, еліміздің латын әліпбиіне көшетіні анық. Өмірдің өзі соған мәжбүр етіп отыр. Бұл маңызды шараға кіріскен арнайы комиссия жыл соңына дейін латын әліпбиінің нұсқасы дайын болатыны туралы айтты. Ал оқулықтарды, кітаптарды латын қарпіне ауыстыру ісімен тікелей айналысатын Білім және ғылым министрлігі. Министр Ерлан Сағадиев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік және білім салаларында жүзеге асырылуына арналған брифингте: «Бұл маңызды жоба болғандықтан барынша абай болу қажет, қателіктерге бой алдырмау керек. Ағымдағы жылы жасалуы тиісті мәселе – бұл көңілге қонымды барлық әріпті қабылдау. Бірнеше нұсқа әзірлеп, оны талқылап, әліпбиді қабылдау қажет. Содан кейін латынға көшу жұмыстарының жоспарын түзу керек. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр», – деді. Жақында Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты семинар-кеңес болып өтті. Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшелері, белгілі саясаткерлер, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері мен өңірдегі тіл жанашырларының қатысуымен өткен алқалы басқосуды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашты. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы терең мазмұнға толы аса құнды еңбек екені сөзсіз. Кемел келешекке бағдар болған құнды құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Мемлекет басшысы еліміздің рухани дамуы мен кемелденуі жолында, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіруге байланысты бірқатар міндетті белгіледі. Бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген және түрлі себептерге байланысты кешіктіріліп келген латын әрпіне оралудың орындалуы біздің замандастардың иығына артылып отыр екен. Сондықтан біздер мұны үлкендердің аманаты, болашақ ұрпақтың алдындағы міндетіміз деп қабылдап, жүзеге асыруға барымызды салуға тиіспіз деп ойлаймын. Өздеріңіз қатысып отырған бүгінгі семинарда да латын әліпбиіне көшудің дайындығын саралап, тағы бір сараптап алайық», – деді Жақсылық Мұқашұлы. Сондай-ақ, ол өңірде латын әліпбиіне көшіруді жалпыұлттық талқылау жөніндегі «Жаңғырудың жаңа белесі» атты ақпараттық-насихаттық жұмыс тобының құрылғандығынан да жиналғандарды құлағдар етті. Ал қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының жетекшісі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек: «Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақтылап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде басы артық кірме сөздерден арыламыз. Латын әліпбиіне көшуді сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлау, оның қолданыс аясын одан ары кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге жасалған мүмкіндік деп түсіну керек» дей келе, әліпбиді ауыстыру еліміздің болашағы үшін аса қажетті қадам екеніне тоқталды. «Әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген тақырыпта баяндама жасаған Қазақ жазуын латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек. Ол реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді және аса маңызды үш мәселені қамтиды. Ол үш мәселе – дыбыс, әліпби және емле-ереже. Дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы болса, әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны әрі оққағары. Емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері деген баяндамашы осылар бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, үшеуі қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайтыны жайлы ойын ортаға салды. Сонымен қатар әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады дей келе, егер латын таңбаларын дұрыс таңдап, қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын да ескертті. Сөзінде латын әліпбиін жатырқамай, қабылдайтын уақыттың келгенін, сондықтан кешіктіре беруге болмайтынына екпін түсірді. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова өзінің «Әліпби категориясы» атты тақырыптағы баяндамасын «Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері» деп жазып жүрген кейбір БАҚ өкілдеріне арнаған ескертпемен бастады. Профессордың айтуынша, сөзді бұлай қолдану мүлде қате, соған сай бірқатар түсінбестіктер туындауда. Сондықтан алдағы кезде: «Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру» деп жазған дұрыс дегенді назарға салды. Одан кейін қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі бірқатар мәселені тілге тиек етіп, тұшымды ойларымен бөлісті. Бұл талқылау әліпби реформасы тағы да халықтың бейқам тіршілігіне кері ықпал етпей ме деген күдік-күмәннің күрмеуін тарқатты. Латын әліпбиіне көшу туралы саясаттанушы Дос Көшім бұл реформамен қатар қазақ тіліндегі қолданыстағы Тілдер туралы заңды өзгерту керек екенін айтып, «келер жылдан бастап орыс мектептеріне жаңа әліпбиді үйретуді бастау керек» десе, ал сясаттанушы Айдос Сарым: «Латын әліпбиіне көшуден әр ізденген адам өзіне қажеттілікті табады. Өз басым, ұлт азаматы ретінде латын әліпбиіне көшуді отарсыздану деп қабылдаймын» деді. Демек, әліпби ауыстыру – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс. Келелі жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы «Латын әліпбиі – заман талабы» деген Елбасы сөзін басшылыққа ала отырып, әлем кеңістігіне еркін саяхаттай алатынымызға кәміл сеніп, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеу керектігін айтты. Алайда жақында «Алтай өркениеті мен Алтай тілі отбасы және туысқан халықтар» халықаралық форумында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев кирилл әліпбиін қолдап: «Кириллицадан кету халықтың өткенімен байланыстың ажырауына алып келеді. Өткен ғасырда араб әліпбиінен латын қарпіне, одан кириллицаға көшу Орталық Азия елдерін «алтын ғасыр» мұраларынан айырылып қалуға әкеліп соқты. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезов сынды жазушы, ғалымдардың барлығы кириллицада жазды. Оларға бұл әліпби қолайлы болды. Иә, дамыған елдердің барлығы латын әліпбиін пайдаланады. Біз де оған ауыссақ экономикалық тұрғыдан дамитын шығармыз. Бірақ Жапония, Корея, Қытай сынды елдер латын әліпбиіне ауыспай-ақ дамыған елдердің қатарына кіріп отыр. Егер де латын әліпбиіне ауысудан дамып кететін болса, онда неге Африка мемлекеттері әлі күнге дейін кедейліктен шыға алмай келеді», – деген болатын. Алайда мамандар да, саясаттанушылар да бұл асығыс айтылған пікір және оның бір елді басқарып отырған президенттің аузынан шығуы әбестік дегенді айтады. Бүгінде латын әліпбиіне көшу жөніндегі ұлттық комиссияға 100 жоба түскен. Соның ішінен тіл нормаларына сай, үйлесімді бір нұсқаны таңдап алу мәселесі тұр. Бұл жердегі басты мәселе – жобаны өте сауатты түрде іске асыру. Ол үшін мемлекет басшысы 8 жыл уақыт берді. Осы жылдың соңына дейін жаңа графика бекітілсе, 2018 жылдан бастап оны үйрету, оқулықтардың латын әліпбиімен шығарылуы секілді жұмыстар атқарылады, 2025 жылдан бастап іс-қағаздар латын әліпбиімен жүргізіле бастайды. Бір есте сақтайтын жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарылатын жұмыс емес, ол да эволюциялық дамудан өтеді. Латынға көшу процесі Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға, Түркияда 30 жылға созылды. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.