Жаңалықтар

Биыл 28 индустриалды жоба іске қосылды

ашық дереккөзі

Биыл 28 индустриалды жоба іске қосылды

Сондықтан бағдарламаға барынша жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қомақты қаржы да бөлініп келеді. Тиісінше, жетістіктер де аз емес. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында 4,7 трлн теңгенің 1 056 жобасы енгізіліп, 98 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, бағдарлама жобалары 8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Кейінгі жылдарды айтар болсақ, мәселен 2016 жылы 2,2 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Ал, Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар орта есеппен айтқанда, ай сайын 180 млрд теңгенің өнімін өндіріп отыр. Бұл аз көрсеткіш емес. Тағы бір айта кететін жайт, картаға енгізілген жобалар бұрын Қазақстанда өндірілмеген 500 жаңа өнім түрін игерді. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратуралары, жарықдиодты шамдар, титан құймалары мен слябтар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және тағы басқалар. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өңдеу секторындағы нақты өсім 6,5 пайызды құрады. Оның ішінде металлургия 7,9 пайызға, мұнай өңдеу 7,2 пайызға, құрылыс материалдары өндірісі 3,7 пайызға, фармацевтика 34,6 пайызға, машина жасау 3,8 пайызға өскен. 2017 жылдың қаңтар-наурыз айында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ доллары болды. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты өсім 5,3 пайызға артты. Ең жоғары өсім машина жасау секторында екенін де атап өткен жөн. Мысалы, теміржолда 2,9 есе, автомобиль жасау 2,7 есе, мұнай газ 2,5 есе, тау-кен 2,1 есе және электрлі техника 1,5 есе өсім бар. Сонымен қатар 2017 жылдың қаңтар-сәуірінде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,8 пайызға артып, 4,7 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім металлургия 1,2 есе, кокс пен мұнай өнімдері 1,8 есе және химиялық өнеркәсіп өнімдерінің 1,5 есе өсуіне байланысты артып отыр. Осы арқылы өңдеу өнеркәсібі экспорт құнының жалпы үлесі 86,1 пайызды құрады. Биылғы бес айда өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 303,1 млрд теңгеге жетті. Кокс пен мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің қарқынды өсуі нәтижесінде өңдеу секторындағы инвестиция көлемі еселенді. Бұл көрсеткіштердегі өсім динамикасын жыл соңына дейін жалғастыратын болсақ, саланың даму қарқыны еселене бермек. Биылғы бірінші жартыжылдықта 25,7 млрд теңгеден астам сомаға 28 жоба іске қосылды және 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда 1,7 трлн теңгенің 258 жобасы енгізіліп, 21 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Биылғы жылдың І жартыжылдығында іске қосылған маңызды жобалардың қатарында Атырау облысындағы «Жігермұнайсервис» ЖШС роботтық дәнекерлеу әдісін қолданатын металл конструкциялары өндірісі ұйымы, Жамбыл облысындағы құрғақ құрылыс қоспаларын, жұқа ұнтақталған толықтырғыштар мен гипс өндіретін «Alina Holding» ЖШС зауыт кешен құрылысы және Павлодар облысындағы майлау материалдарын өндіретін «Evooil Kazakhstan» ЖШС кешені құрылысы бар. Кез келген шаруа ауқымды жоспармен қолға алынатыны белгілі. Сондықтан бағдарлама дайындалған кезден бастап іске асырылуы тиіс негізгі жобалар басымдыққа алынады. Сол сияқты биылғы жылдың соңына дейін тағы да бірқатар жобаның тұсауын кесу көзделген. Мәселен, 2017 жылдың ІІ жартыжылдығында жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 100 жоба қолға алынады. Жобалар іске асқанда 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бұлардың қатарындағы 40 жоба шетелдіктердің қатысуымен іске аспақ. Мұндағы маңызды жобалардың қатарында Павлодар облысындағы теміржол доңғалақтарын өндіретін «Проммашкомплект» ЖШС кешені және «Giessenhaus» ЖШС қосындыланған алюминий ұйымы, Алматы облысының Қапшағай қаласындағы азық-түлік өндіретін «Мареван фуд» ЖШС  зауыты бар. Сонымен қатар, Индустрияландыру картасынан тыс Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриалды аймақтарда жалпы құны 280 млрд теңге болатын шамамен 100-ден астам жобаны іске асырып, 6800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.