Тарихи орындарда өткізілетін пән

Тарихи орындарда өткізілетін пән

Тарихи орындарда өткізілетін пән
ашық дереккөзі
Бұдан былай Астанада тарих және география пәндері мұражайда өтетін болады. Оқушылар тапжылмай отыратын сыныптан алшақтап, тарихи жәдігерлерді өз көзімен көріп, ғасырлар қойнауына саяхат жасай алады. Бұл  – оқушыларға «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясындағы  «Туған жер» бағдарламасының түпкі мәнін, маңызын түсіндіру үшін таптырмас мүмкіндік. «Туған жер» бағдарламасының басты бағыттарының бірі – білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу. Сондықтан тарихи және мәдени орындарға саяхат ұйымдастыру мектепке жүктеліп отыр. Бағдарлама аясында «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша сабақтарды музейлерде, мәдениет мекемелерінде және тарихи орындарда өткізу жоспарланған. Астананың білім басқармасы мамандарының пікірінше, оқушылар тәжірибе арқылы нақтыланғанда ғана теория тұрғысынан алған білімдерін нығайта алады. 2017-2018 оқу жылында «Мәңгілік ел» идеясы мектеп бағдарламасына академиялық пәндер, зерттеу мен сабақтан тыс оқытулар, қосымша білім беру, таңдамалы курстар арқылы енгізіледі. Сонымен қатар жаңа оқу жылында Астана мектептерінде 46 роботехника кабинеті ашылмақ. «20-дан астам елордалық мектеп роботехника курстарын сәтті жүзеге асыруда. Тағы да 46 кабинет жаңа оқу жылында ашылады», – деді Астана қалалық білім басқармасының жетекшісі Әнуар Жанғозин. Қазір мектепте білім беру бағдарламасын сынаушылар көп. Жетістіктерін айтатындар да аз емес. Десек те білім берудің форматының даулы мәселеге ұласқанына біраз болды. Мысалы, Ұлыбританияда бастауыш сынып оқушылары уақытының көбін сыныптан тыс жерде өткізеді. Яғни, сабақтың тақырыбына қарай мұражай, театр, ескерткіш, саябақтарға барады. Бастауыш сыныптың балаларына үйге тапсырма берілмейді. Тек баланың қабілеті мен ынтасына қарай қосымша әдебиет оқуға беріліп, өз ойын ауызша немесе жазбаша эссе ретінде тапсырады. Сол сияқты төменгі сыныптың оқушыларына баға қойылмайды. Бұл балаларды алаламай, тұлғалық қабілетін дамыту үшін жасалады. Олай болса, баланың білімін қалай бағалайды? Әр түрлі заттардан құралған ойыншықтар – жұлдызша, шаршы немесе жануарлардың пішіндері жақсы оқыған балаға беріледі. Ол осылайша өзінің сыйлықтарын жыл соңына дейін жинап, оқу мерзімі аяқталғанда санап шығады. Бұл жүйе Еуропаның барлық мемлекеттерінде қабылданған. Міне, осы жүйе біртіндеп мектеп бағдарламасына енгізіліп отыр.