Алматыға пойызбен қатынайды
Алматыға пойызбен қатынайды
Алматыға жақын орналасқан қалалар бұрынғыдан да жақындай түспекші. Себебі 15 тамыздан бастап Ұзынағаш пен Қапшағайдан арнайы пойыздар қатынайтын болды.
Алматыға күн сайын жақын елді мекендерден 500 мың адам, 200 мың көлік кіреді. Мұндай көп көлік ағыны қаланың экологиялық ахуалын қиындата түсетіні рас. Сырт аудандарға қатынайтын көліктер күре жолды күнде бөгеп, кептеліс тудыратыны да белгілі. Қала билігі осы мәселені шешу мақсатында Жамбыл ауданы мен Қапшағай қалалары әкімдерінің ұсынысын ескере отырып, «Алматы1-Ұзынағаш-Алматы» және «Алматы1-Қапшағай-Алматы» бағытында пойыз қатынасын ашты.
«Қапшағай -Алматы» темір жолының ара қашықтығы – 71 шақырым. Бұдан былай жолаушыларды 6 вагон тасымалдайтын болады. Жол арасы – 1,5 сағат. Пойыз 2 рет қатынамақ. Сондай-ақ, 37 шақырымдық Ұзынағаш бағытында 9 вагон жүреді. Жету уақыты шамамен 1,5 сағат. Бұл пойыз да Алматыға күніне 2 рет қатынайды. Бұл бағытта қала әкімдігі демеуқаржы бөліп қойған. Демеуқаржы бөлудің арқасында жол ақысы 80 теңге болады. Осылайша жүрдек пойыздар екі араға қатынайтын жекеменшік тасымалдаулармен бәсекелестікке түсе алады. Сондай-ақ, болашақта вагондарда «Оңай» терминалы орнатылмақ көрінеді.