Жаңалықтар

Үкіметте Ұлттық стратегиялар пысықталды

ашық дереккөзі

Үкіметте Ұлттық стратегиялар пысықталды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев төрағалық еткен кезекті Үкімет отырысында «Ұлттық инвестициялық стратегия» және «Ұлттық экспорттық стратегия» қаралып, бекітілді. Сонымен бірге, жиында жаңа оқу жылына әзірлік жайы сөз болды. Үкімет отырысында алғашқы стратегияны Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырды. «Ұлттық инвестициялық стратегия» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Дүниежүзілік банкпен бірлесе әзірленіпті. Аталмыш стратегия 2018-2020 жылдарға арналған. Министрдің айтуынша, стратегияда экспортқа бағдарланған шикізаттық емес секторларға шетелдік инвестицияларды тартуға басымдық берілген. Егер стратегия сәтті жүзеге асса, алдағы 5 жыл ішінде 2016 жылғы деңгейге шаққанда экономикаға инвестициялардың тартылуы 26 пайызға дейін кезең-кезеңімен өседі деген болжам бар. Ал экспортқа бағдарланған инвестициялар 50 пайызға дейін көбеймек.  «Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тиімділікті арттыруға бағытталған басымдықты салалар таңдалды, оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – «қазір әлеуеті бар салалар». Бұған тамақ өнеркәсібі, мұнайды, газды және пайдалы қазбаларды терең өңдеу, яғни металлургия, химия және мұнай-химия, сондай-ақ, машина жасау салалары жатады. Бұл топ қысқа мерзімді немесе орта мерзімді келешекте тиімділікті арттыруға бағытталған тікелей шетелдік инвестицияларды ілгерілету мүмкіндігі жоғары салалардан тұрады. Екіншісі – «перспективалы салалар», яғни ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қаржы салалары. Бұл топқа ұзақ мерзімді, келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалар кіреді» – деді Жеңіс Қасымбек. Министрдің түсіндіруінше, стратегия бойынша екі бағытта жұмыс жүргізіледі. Оның бірі – еліміздің инвестициялық ахуалын арттыру. Екіншісі – тиімді операциялық шараларды жүзеге асыру және инвестициялар тарту үшін жаңа тәсілдерді енгізу. Алғашқы бағыт бойынша жүргізілетін жұмыстарға инвестициялық саясаттың ашықтығын арттыру, визалық және көші-қон режімдерін жетілдіру, инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері жатады. Ал екінші бағыттың жұмысын жалғастыру үшін инвестициялар жөніндегі арнайы ұлттық компания құрылды. «Қазақ Инвест» компаниясының шетелдік өкілдіктері мен аймақтық филиалдар желісі инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Үкімет отырысында қаралған екінші «Ұлттық экспорттық стратегия» бойынша қолға алынған шаралар жөнінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Министр келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта қазақстандық өнім әлемнің 117 мемлекетіне экспортталады екен. Мәселен, былтыр қазақстан әлемдік экспорт көлемі бойынша 0,23 пайыз үлесімен 204 елдің арасында 52-орынға тұрақтады. Қазақстанның экспортын негізінен шикізаттық өнімдер және өңделу деңгейі төмен шикізаттық емес өнімдер құрайды. Рас, соңғы 10 жыл ішінде қызмет көрсету экспорты екі есеге дерлік артып, 2016 жылы 6,3 млрд долларды құрады. Ал жаңадан ұсынылып отырған «Ұлттық экспорттық стратегия» Қазақстанның экспорттық әлеуетін одан әрі дамытуды мақсат етеді. 2018-2020 жылдарға арналған стратегия Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Стратегияда шикізаттық емес экспорт көлемінің өсімін қамтамасыз ету үшін бірқатар міндеттерді кешенді түрде шешу қарастырылған. Оның ішінде экспортшыларды қолдаудың институттық негіздерін жетілдіруге назар аударылған. Яғни, «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниясының экспортты қолдау және дамыту бойынша бірыңғай операторы мәртебесін заң жүзінде бекіту ұсынылмақ. Сонымен қатар, 116 тауар түрі енген «экспорттық себет» анықталды. Бұдан кейін Үкімет мүшелері күн тәртібіндегі үшінші мәселеге назар салды. Жаңа оқу жылының дайындығы жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев есеп берді. Министр өз сөзінде білім беру жүйесінің кезекті жаңа оқу жылына әзір екендігін жеткізді. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында ешқандай жаңа шешімдердің қабылданбағандығын атап өтті. «Негізгі тұжырымдамалық шешімдердің барлығы өткен жылы қабылданды. Сондықтан биылдың және келесі жылдың міндеттері – басталған шараларды соңына дейін аяқтап, нәтижелерге қол жеткізу. Бұл бағыттағы міндеттердің бірі – 2019 жылдың қыркүйек айында барлық балабақшалар мен мектептерде нөлінші сыныпты енгізуге әзірлік. Оның қатарында «Әліппені» табысты мақұлдау, тәрбиешілер мен педагогтердің біліктілігін арттыру, нормативтік-құқықтық базаны «0+11» бойынша 12 жылдық оқыту цикліне сәйкестендіру бар. Мектептегі басты міндет – өткен жылы қолға алынған «жаңартылған мазмұнға көшу» болып қала береді. 2017 жылы оған қосымша 2,5 және 7 сыныптар көшеді», – деді Ерлан Сағадиев. Одан кейін министр ағылшын тілінде оқыту мәселесіне назар салды. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту бастамасына тіл курстарын бітірген немесе енді бітіретін 1500-ден астам мұғалім атсалысады екен. Айта кетейік, ағылшын тілін меңгерген мұғалімдердің жалақылары да көбейетін болады. Сондай-ақ, мектептердің қамқорлық кеңестерін құру, оны одан әрі дамыту, кеңестерге көбірек өкілеттіктер беру, қамқорлық кеңестерінің бақылауымен мектептердің академиялық, басқарушылық, қаржылық еркіндіктерін жоспарлы түрде кеңейту аса маңызды екендігі сөз болды. Ал кәсіптік-техникалық білім беру саласында «Баршаға арналған тегін кәсіптік және техникалық білім» жобасы бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасуда. Жоғары оқу орындары бойынша басты міндет – кәсіби қауымдастыққа, жұмыс берушілерге «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қазақстандық жоғары оқу орындарының сапасы, заманауилығы, нарыққа қажеттілігі тұрғысынан олардың білім беру бағдарламаларының нақты тізімін құруға мүмкіндік беретін заңның қабылдануы. Айта кететін бір жайт, бұл бағыттар бойынша жұмыстар басталып кеткен. Мәселен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ІТ мамандықтар тізімі таныстырылмақ. Бұл нарықтан сапасыз әрі ескірген білім бағдарламаларын алып тастауға мүмкіндік береді. Үкімет мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдарға барлық бағыттардағы жұмыстардың жүзеге асуын бақылауға алу туралы тапсырма берді.