Жаңалықтар

Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды

ашық дереккөзі

Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды

  Апта басында Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Элизабет Нельсонмен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы қарым-қатынас, гендерлік теңдік, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қаралды. «Еуропалық қайта құру және даму банкімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқанымыз белгілі. 1993 жылдан бері Қазақстанда ЕҚҚДБ жалпы құны 7 млрд АҚШ долларынан астам сомаға 222 жобаны қаржыландырды. Осы орайда жақында Қызылорда облысында, ал осыған дейін Алматы облысында болып, энергетика мен инфрақұрылым саласында ауқымды шаралар іске асырылып жатқанын көрдім», – деп тоқталды Г.Әбдіқалықова. Кездесу барысында гендерлік теңдік пен түрлі салаларда әйелдердің рөлін арттыру мәселесі қаралды. «Бүгінде әйелдерге түрлі деңгейде қолдау жасалып жатыр. Осы орайда өз ісін бастауға ниетті нәзік жандыларға, әсіресе ауылдық жерлереге қаржы бөлінуде», –деді Мемлекеттік хатшы. ҚР Үкіметі мен ЕҚҚДБ арасындағы келісім бойынша «Бизнестегі әйелдер» жобасы іске асырылып жатқаны аталып өтті. Бүгінде 7 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне 5,8 миллиард теңге қарыз берілді. Кездесу соңында 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Астанада өтетін «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумда қарастырылатын баламалы энергетика мен «жасыл» экономиканың, орнықты және инклюзивті өсімді қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды. «Атап айтқанда, «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» халықаралық форумының дайындық жұмыстарына белсенді түрде қатысып жатқаныңызға алғыс айтамын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова ЕҚҚДБ вице-президентіне қаратып айтқан сөзінде. Аталған форумға саясаткерлер, «жасыл» экономика мен баламалы энергетика саласындағы көшбасшылар, мемлекеттік органдардың, қазақстандық әйелдер қағамдастығының өкілдері қатыспақшы.