Қарттар үйі туралы жаңа кино
Қарттар үйі туралы жаңа кино
Қазақта «қарты бар үйдің - қазынасы бар» деп, үлкен адамдарды баға жетпес байлық, асыл қазына санап, ерекше құрмет көрсеткен. Алайда бүгінде осы қарияларымызға лайықты құрмет көрсетілмей жүрген сияқты. Бұған соңғы жылдары қарттар үйінің көбейіп, ата-анасынан бас тартқан безбүйрек балалардың санының артуы айқын дәлел. Осы орайда «Хабар» телеарнасы қарттар үйіндегі қилы тағдырлар туралы жаңа драма түсірді.
«Қазіргі таңда қазақтың қарияларынан қадір кетіп тұр. Бейнетінің зейнетін көріп, төрде отырып, ақыл айтар шақта, ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар көбейді. Немерелерінің маңдайынан бір иіскей алмай қаншама жан өмірден өтіп те жатыр. Жыл өткен сайын Қазақстанда қарияларға арналған интернат-үйлердің саны көбейіп келеді. Бұл мақтанатындай көрсеткіш емес. Сондықтан көрермендер осы туындыдан кейін ойланып, жағдай өзгереді деген сенімдеміз» – дейді картинаның бас продюсері Нұржайна Жұмаділлаева.
Оқиға желісі бойынша алпыстан асқан Әбілғазы әкей қарттар үйіне түседі. Туған баласының теріс айналуы қарияның сағын сындырып, отбасылық жылуды аталмыш мекемеден іздейді. Алайда бұл жердің де жағдайы мәз емес. Қарттар үйінің басшысы егде жасқа келген адамдарға күн көрсетпей, түрлі қиындықтар тудырады. Жас кезінде тергеуші болған басты кейіпкеріміз зерттеу жүргізіп, талай былықтың бетін ашады. Мінезі тік, жұмысына және айналасындағы адамдарға өте адал, сабырлы, батыл және еңбекқор қарияның тағдырында бұдан басқа да талай оқиғалар болады.
Туындының басым бөлігі Алматы қаласындағы қарттар үйінің бірінде өткен. Шығармашылық топтың айтуынша, олар шынайы өмірді көрсетуге тырысыпты. «Түсірілім жұмыстарының барысында бала-шағасы теріс айналған, түрлі өмір қиыншылықтарын бастан өткерген қарияларымыздың жанында жүріп, солардың өміріне терең үңілуге тырыстық. Бұл тақырыптағы дүниені түсіру оңай болмады. Дегенмен ата-апаларымыздың көз жасы, мұңы, үйіне деген сағынышы, өзара қарым қатынастары – осының барлығын ашып көрсете алдық деп ойлаймын» – деп ойын жалғады продюссер.
Картинада Әбілғазы қарияның рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай сомдайды. Сонымен бірге Досжан Жанботаев, Ерболат Тоғұзақов, Айқын Төлепберген, Алмас Шаяхметов, Гүлнәр Байбосынова сынды өнер иелерінің образдары көрермен көңілінен шығары даусыз. «Сериалға түскен актерлерге келетін болсақ, өз істерінің маманы. Дегенмен кәсіби актерлермен қоса, қарттар үйінің тұрғындары да түрлі рөлдерді сомдап шықты. Олар актерлік білімі болмаса да, өз кейіпкерлерінің образын жақсы аша алды, – дейді Нұржайна Жұмаділлаева.