«Мектепке жол» – дәстүрге айналған шара

«Мектепке жол» – дәстүрге айналған шара

«Мектепке жол» –  дәстүрге айналған шара
ашық дереккөзі
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясы он жылдан бері тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған отбасы балаларына көмек беріп келеді. Биылғы акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін  «Менiң таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтуде. Екі ай бойы жүргізілетін ауқымды шараның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қараусыз қалған балаларды мектепке дайындап, қажетті құрал-жабдықтарын алып беру.  Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім жылдан жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер мен меценаттардың қатары артқанын жеткізді. Былтыр 320 мың балаға жалпы сомасы 2 млрд 468 млн теңгенің көмегі көрсетіліпті. Көмекке мұқтаж балаларға көмектесу жағынан Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстары көш бастаған. Бұл өңiрлерде 30 мыңнан астам бала «Мектепке жол» акциясына қатысып, мектепке қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілді. Ал акция аясында қаржы тарту жағынан Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстары алдыңғы лектен көрінген. Әр өңір шамамен 500 млн теңгеден астам қаражат тартып, көмекке зәру жеткіншектерге мектеп құралдарын алып берген. Биыл акция барысында оқушылардың жаппай мектепке баруына айрықша көңіл бөлінбек. Былтыр көрінген жерде түнеп, қараусыз қалған 280 бала анықталған екен. Биыл осындай әлеуметтік себепке байланысты сабақтан қалу жағдайларын болдырмау үшін рейдтік шаралар ұйымдастырылатын болады. Тиісті мамандар пәтерлерді, саяжайларды аралап, ата-анасының бақылауынсыз қалған балаларды іздестіреді. «Мектепке жол» акциясы Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты Коммуналды мемлекеттік мекеме №100 жалпы білім беретін мектепте де жалғасын тапты. Шара аясында мектеп ұстаздары мен белсенді оқушылардың ұйымдастыруымен «Жүректен жүрекке» атпен мерекелік шара өтті. Барлығы 22 отбасынан келген 32 жасөспірім білім алуға қажетті құралдарымен, сондай-ақ, мектеп формасымен қамтамасыз етілді. №100 жалпы білім беретін мектеп директоры Әлия Бердиярқызының айтуынша, бұл шараны өткізу дәстүрге айналған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, адам баласы бір-біріне көмек беруден аянып қалмау керек. Шараны ұйымдастыруға қол ұшын созған аудан әкімшілігі мен ата-анаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Баланың қуанышты жүзін көру – біз үшін бақыт. Құрбан айт мерекесі қарсаңында басталатын жаңа оқу жылы әрбір баланың зейінін ашып, білім алуға деген құштарлығын арттырсын демекпін», – деді оқушыларға ақ жол тілеп.