Күніне 49 мың қонақ келген

Күніне 49 мың қонақ келген

Күніне 49 мың қонақ келген
ашық дереккөзі
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келушілер саны 3 миллионға жуықтады. Астана төріндегі көрмені тамашалауға келген миллионыншы кісі 11 шілдеде тіркелген болатын. Жақында ғана екі миллион адамның келгені тіркелді. Бұл алға қойған межеге біртабан жақындағанымызды білдіреді. Өйткені көрмеге кемінде 2-3 миллион адам келіп, кіріп-шығу көрсеткіші шамамен 5 миллион болады деп болжанған еді. 10 маусым мен 20 тамыз аралығында көрмеге келгендер саны 2 миллион 779 мың адамды құрап отыр. Соңғы бір аптада көрмеге 345 мыңнан астам адам келіп, орта есеппен бір күнде 49 мыңдай қонақ көрмені тамашалаған. Жалпы, ЭКСПО павильондарына кірген адамдардың саны 22 миллионнан асып кеткен. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі – Ресей, Германия және Қытайдан келген туристер. Өңірлерден келушілер де аз емес. Көш басында – Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстары тұр. Халықаралық көрме аумағының қай павильоны да қызықты. Барлық павильондарда болашақтың энергиясын паш ететін технологиялар – су, жел, толқын, көмір, ауадан энергия алудың жолдарын тәптіштеп түсіндіреді. Келушілердің жиі баратын жерлері – Нұр Әлем, Балалар саябағы, Дю солей циркі, Амфитеатр, АРТ орталығы және шығармашылық энергия аймағы екен. Көрме келушілері көп барған павильондар Африка плазасы, Мысыр, Корея, Түркия, Ресей, Тайланд, Жапония, Сауд Арабиясы және Әзірбайжан павильондары. Осы аталған павильондар энергия алудың балама жолдарын көрсететін технология үлгілеріне бай. Көрме ашылғалы бері көрмеден адам үзілген емес. Әсіресе, павильон қонақтары ұнатқан жерлерге қайталап барып, жаңа технологиямен танысудан жалықпайды. Мәселен, Оңтүстік Корея Республикасының павильонында ресми ашылудан кейін 46-ншы күні келушілердің саны 200 мың адамға жетті. Екінші орында – Ресей павильоны. Бұл жерге де 300 мыңнан астам адам бас сұқты. Халық­аралық көрме ашылғалы бері Ресей павильонына 300-ге жуық ресми делегация келген. Ресей экспозициясына деген ерекше назардың себебі ауқымды мәдени-іскерлік бағдарламасында. Аталмыш павильонда ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу аясында 70-тен астам іс-шара өткізілді. Көрме ұйымдастырушыларының соңғы мәліметтері бойынша Ресей және Оңтүстік Корея павильондары ЭКСПО-2017 көрмесінің қатысушы елдері арасында ең көп тамашаланатын үш павильонның тізіміне енген. Құрметті бірінші орын – қазақстандық Нұр-Әлем павильонына тиесілі. Болашақ энергиясының озық үлгілерін ұсынған мемлекеттер халықтың ықыласына бөленуде. Мемлекеттер балама энергетикамен қатар ұлттық салт-дәстүрі, музыкасы, тарихы мен мәдениетін таныстырады. Көрме аумағында 117 қатысушы мемлекеттің Ұлттық күні ұйымдастырылады. Мұнда ұлттық би, ән, күй, тағам, дәстүрлер мен көңілді бағдарламалар назарға ұсынылады. ЭКСПО-ның ресми ашылуынан бері Ұлыбритания, Франция, Финляндия, Грузия, Австрия, Литва және басқа да мемлекеттердің ұлттық күндері өтті.   Астана экономикасы іргеріледі   Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы Ахметжан Есімовпен көрмеге жұмсалған қаражат барысын талқылады. Кездесу барысында белгілі болғандай, қалашықты тұрғызу мен көрмеге дайындық барысында бөлінген қаражат айтарлықтай үнемделген. «Алғашында шығын 800 миллиард теңге көлемінде еді. Қолданылған шаралар нәтижесінде шығын көлемі екі есеге – шамамен 400 миллиард теңгеге қысқарды. Мұның бәрі Ахметжан Есімов жетекшілік ететін ЭКСПО-2017 ұйымдастырушыларының еңбегі. Олар жақсы жұмыс істеді», – деді Мемлекет басшысы. «Жаңа технологиялар пайда болуда. Ақпарат көлемі жыл сайын 2-2,5 есеге ұлғайып келеді. Қуып жету мүмкін емес. ЭКСПО-да барлық мемлекеттердің ең үздік идеяларын бір орынға тоғыстыра алдық. Біздің ғалымдар, министрліктер және мекемелер энергияға қатысты соңғы жаңалықтарды көру мүмкіндігіне ие болды», – дейді Елбасы. Сонымен қатар көрменің астаналық бизнеске де үлкен үлес қосқандығы мәлім болды. «Астананың барлық қонақүйлері лық толы. Келушілердің көптігінен бизнес гүлдене түсті. Туристердің көптігінен қала бюджетіне түсім де еселеп көбейді», – деп түйіндеді ойын Елбасы. Расында, көрме басталғалы бері Астана экономикасында оң өзгерістер байқалуда. «Астана қаласы әкімдігі мен статистика органдары қала экономикасының жанданғанын растап отыр. Баспанаға сұраныс 33 пайызға, сауда айналымы – 20 пайызға, сауда орталықтарын аралау 2 есеге, туроператорларға сұраныс 78 пайызға артқан. Халықаралық әуе бағыттары кеңейтілді, Хельсинки, Будапешт, Варшаваға жаңа рейстер ашылды. Астанаға күніне 7 мың адам ұшақпен, 16 мың адам жолаушы көлігімен келеді», – дейді Ахметжан Есімов. Былтырдан бері республикалық бюджеттің ресми түрде қаржы доноры саналатын Астана бүгінде салық жинаудан қамшы салдырмайды. Маусым айының өзінде қызмет көрсету саласынан жергілікті бюджетке түскен салық көлемі 2,5 есе артты. Астанаға келген қонақтар мен шағын және орта бизнестің даму бағдарламасы аясында берілетін әр түрлі жеңілдіктер арқасында сатып алу қабілетінің өсуі ШОБ кәсіпорындары санының ұлғаюына әкелді. Көрменің аяқталуына тура бір ай қалды. Осы аралыққа жоспарланған шаралар легі жалғасуда. Негізі теледидардан ЭКСПО-ны көріп отырған халық оның Қазақстанның абыройын асқақтатқан алып жоба екенін анық біледі. Бірақ көрменің қаншалықты қажеті бар дегенге ден қоя бермейді. ЭКСПО елімізде күнде бола бермейді. Үш айдың өзі де аздық еткенін Астана кәсіпкерлері ашық хат түрінде мәлімдеді. «Болашақтың энергиясы» деп аталған көрмеде адамзат болашақта қандай ресурстарды пайдаланады деген сұраққа жауап беріледі.