Жаңалықтар

Еурокодтарға енгізілген қосымшалар

ашық дереккөзі

Еурокодтарға енгізілген қосымшалар

2020 жылға дейін елімізде құрылыс түгелімен еуропалық қалыпқа   көшірілмек. Осыған дейін кеңестік кезеңдегі құрылыс нормалары үздік саналып келгенімен, Қазақстан жыл соңына дейін сол кезеңнен қалған ережелердің біразынан бас тартқалы отыр. Ал еуропалық стандарттың артықшылығы неде? Бұдан қарапайым халық не ұтады? Негізінен, құрылыс нормалары мен ережелері салынатын ғимараттың жобасын жасаудан бастап, іргетасы, әрлеу материалдары, инженерлік жүйесі, тіпті, абаттандырылуын да ретке келтіреді. Бұл талаптарды еуропалық стандартқа ауыстырғанымен, ғимараттар үлкен өзгеріске ұшырамайтын көрінеді. Өйткені еуропалық сапа ең алдымен қауіпсіздікті көздейді. Яғни, еурокодтар тек ғимараттың негізгі салмақ түсетін қаңқасын реттейді. Бұл үйдің іргетасы бұрынғыдан мықты болады деген сөз. Ал ғимараттың іші-сыртын әрлеу құрылыс компанияларының еріктерімен жүзеге асады. 2011 жылы құрылыс саласына жауапты органдар еліміздегі қолданылып жүрген құрылыс нормалары мен ережелерінің ескіргендігін, соның салдарынан құрылыс алаңында жаңалықтарды енгізудің қиын болып жатқандығын ескерткен болатын. Сөйтіп, құрылыс саласының техникалық реттеу жүйесіне реформа жасауға бел буған. Тіпті, 2011 жылдан бастап Қазақстанның жағдайына бейімделген еуропалық кодтар енгізіліп, отандық құрылысшылар еурокодтарды баламалы түрде пайдаланатындығы жөнінде шешім қабылданған. Сөйтіп, Қазақстан 2015 жылы еурокод жүйесін енгізді. Содан бері ел бойынша 6 ғимарат осы жаңа құрылыс стандартымен салыныпты. Еурокодқа толығымен көшу 2020 жылға дейін жүргізіледі. Оған дейін өз ісінің нағыз мамандары құрылыстың нормалары мен ережелері көрсетілген құжаттаманы жөнге келтіруі тиіс. Сондай-ақ, сәулетшілер мен құрылысшыларды еуропалық стандарттар бойынша жұмыс істеуге үйретуі қажет.   Еурокод деген не?   Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 49-қадамында кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу мәселесі қарастырылғаны белгілі. Жаңа нормаларды қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға,  жергілікті мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ, құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді. Жұртшылық «ел құрылысы еурокодтарға көшеді» деген ақпаратқа қанық болғанымен, еурокодтар туралы көп нәрсе біле бермейтіні жасырын емес. Сондықтан, ең әуелі еурокодтардың не екенін түсіндіріп өткен абзал. Еурокодтар – ғимараттар мен құрылыстардың негізгі тірек конструкцияларының механикалық беріктігі мен өртке төзімділігін қамтамасыз ету үшін Еуропалық одаққа мүше елдердің анықтамалық құжаттары ретінде қолдануға арналған жобалаудың жалпы әдістемесі. Жалпы, еурокодтар бойынша жобалау әдістемесі инженер-жобалаушыға қандай да бір ғимараттың конструкциясын негізді түрде және дұрыс есептеуге көмектеседі және оның механикалық, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Еурокодтар отандық құрылыс өнімдерін өндірушілердің еуропалық нарыққа шығуына, еуропалық стандарттарға жауап беретін өнім дайындауға, ЕО елдерінде құрылыс және инжириниг қызметтерін көрсетуге, құрылыс материалдары мен бұйымдарын Еуропалық сертификаттауға кететін шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Бірақ еурокодтарды Қазақстан территориясында қолдану мәселесіне қатысты ерекшеліктерді ескеру және меңгеру қажет. Өйткені біздегі табиғи-климаттық және геофизикалық шарттар  еуропалық елдердегі жағдайдан өзгеше. Еурокодтар Еуропалық Одаққа мүше елдер территориясында қолданылады. Еурокодтардың пилоттық жобасы бұған дейін Беларусь Республикасында іске асырылды, бірақ құрылыс құнының өсуіне байланысты Еурокодтарды қолдану тоқтатылды. Әрбір елде еурокодтардың ұлттық қосымшалары әзірленеді. Онда аталған елге тән параметрлер көрсетіліп, қосымша түсіндірмелер келтіріледі. Өйткені еурокодтар тікелей қолдануға арналмаған және бұл құжат жергілікті жағдайларға бейімделуі тиіс. Қазіргі уақытта Стандарттау жөніндегі Еуропалық комитеттен еурокодтарды Қазақстан аумағында қолдануға ресми рұқсат алынған. Еурокодтар 10 бөлімнен, 58 тармақтан және қазақстандық климат пен сейсмологиялық жағдайлар ескерілетін ұлттық қосымшалардан тұрады. Қазір ел арасында бұрыннан қолданыста жүрген «Құрылыс нормалары және ережелері» мен еурокодтардың ерекшелігіне бас қатырып жүргендер көп. Бұл ретте алғашқы құжаттың еурокодтармен қатар қолданыла беретіндігін ескерте кеткен жөн. Дегенмен, биылғы жылдың соңына дейін аталған құжаттағы 186 ереже күшін жоймақ. Еліміздегі құрылыс саласына еурокодтарды енгізу жылжымайтын мүлік құнына қаншалықты әсер етуі мүмкін? Бұл сұрақтың бүгінде көпшілікті мазалайтындығы жасырын емес. Әрине, жаңа стандартқа көшу қымбатшылыққа алып келетіні сөзсіз. Өйткені жаңа стандарт бойынша құрылыс материалдарына қойылар талап қатаң болғандықтан, оның құны да арзан болмайды. Нәтижесінде, құрылыстың өзіндік құны артады. Мәселен, көршілес Ресейде құрылыс саласы еуросапаға көшкенде құрылыс нысандарының шаршы метрі 30 пайызға дейін қымбаттаған екен.  Сондықтан еуростандарттың қымбатқа түсетіндігіне дайын болған абзал. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бас сарапшысы Мереке Тутанов: «Баға айтарлықтай қымбаттай қоймайды. Тіпті, қымбаттамайды деп ойлаймын. Қолданысқа алайын деп отырған еуростандарттар сапасы біздікінен жоғары. Еуропада құрылыста жаңа технология, тіпті, құрылыс материалдары да біздікінен өзге», – дейді. Жауапты орындар алаңдауға негіз жоқ дегенімен, жаңа ереженің бағаға әсер етпей қоймайтындығы айтпаса да түсінікті. Сәл өзгеріс енгізе қалса, бағаны аспандатып шыға келетін біздің елде бұл қалыпты жағдайға айналғандай. Мамандар еурокодтарға көшу құрылыс сапасын арттырады деп сенім артып отыр. Әрине, ғимараттардың қауіпсіз әрі сапалы болатындығы көңіл қуантады. Әйтпесе, бүгінгі күні елімізде бой көтерген тұрғын үйлердің кейбірі ұзаққа шыдамай, 5-6 ай ішінде қайтадан қабырғасы қақырап жатқаны бәрімізге де белгілі. Кейбір зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Алматы шаһарындағы үйлердің 41 пайызы ғана сейсмологиялық қауіпсіз саналады екен. Сала мамандарының сөзінше, бұрын жобалау кезінде ғимаратқа екі арматура қажет болса, еурокод оның төртеуін талап етеді. Енді ойлап қарасақ, сапа артқан соң, жылжымайтын мүліктің де құны қымбаттайтын тәрізді. Еурокод құрылыс материалдарын көбірек талап ететінін ескерсек, бағаның тұрақты сақталуы неғайбыл. Бірақ сала мамандары еурокодтар жылжымайтын мүлік құнына еш ықпал етпейтіндігін айтып, жұртты сендіруде. Құрылыс саласын еуростандартқа көшірудегі негізгі мақсат – сапаны арттыру. Бұл қазақстандықтарды шын қуантқаны рас. Өйткені соңғы жылдары елімізде сапасыз салынған нысандардың зардабын тартып жүргендер көп. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Баспанаға қол жеткіздім деп қуанған жұрттың көңіліне су сепкендей болған талай оқиғаны құлағымыз естіді, тіпті кейбірін көзіміз көрді. Бірнеше жыл бұрын Қарағандыда опырылып түскен «Бесоба» тұрғын үй кешені, Алматы қаласының «Алғабас» ауданында орналасқан жаңа тұрғын үйлердің орнынан қозғалып кетуі осының дәлелі. Қолданысқа берілген жаңа нысанның көп уақыт өтпей жатып-ақ қабырғасы қақырап кетуі қалыпты жағдайға айналғандай. Жаңа нысандардың сапасыздығы жөнінде құрылыс компанияларына сан мәрте ескерту жасалса да, апатты жағдайдағы тұрғын үйлер де, ғимараттар да азаймай тұр. Әсіресе, қарапайым халыққа арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарында сапасыздық жиі қылаң береді. Республикамыздың кез келген аймағында мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған тұрғын үйлердің көпшілігі сапасыз деседі сарапшылар. Құрылыс нысандарының сапасыздығына себеп болатын факторлар аз емес. Солардың бастысы – құрылыс материалдары. Сырты жылтыр, ішкі сапасы сын көтермейтін құрылыс материалдары пайдаланылған нысанның қауіпсіздік мәселесі тіпті де күмәнді. Құрылыс саласында нысанның негізгі тұғыры – арматура. Ал арматура Қазақстанда өндірілмейді. Сондықтан оны Ресей мен Украинадан жеткізеді. Кейінірек ресейлік және украиналық арматуралардың орнын қытай арматуралары алмастыра бастады. Қытайдан жеткізілетін арматураның сапасы төмен. Бағасы арзан арматураларды пайдаланып, құрылыс жұмыстарын аяқтау – компаниялардың басты мақсаты. Осылайша, елімізде тірегі әлсіз жүздеген ғимарат бой түзеуде. Бір шүкіршілік ететін жайт, Қазақстандағы құрылыс саласы халықтың 8 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Әрине, құрылыс саласының халықты жұмыспен қамтуы еліміз үшін өз пайдасын тигізеді. Мұның да бір әттеген-айы бар. Ол – мердігерлердің  құрылысқа  біліксіз гастарбайтерлерді жұмысқа тартуы. Әрине, өзге салалар секілді құрылыс сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі мамандардың кәсіби біліктілігі. Ал еліміздегі құрылыс саласында қызмет ететіндердің жартысынан көбі шеттен келген кәсіби біліксіздер. Мұндай арзан жұмыс қолын құрылысқа тарту компаниялар үшін өте тиімді. Олардың көбінің кәсіби біліктілігінің жоқтығын ескеретін болсақ, салынып жатқан нысанның кәсіби деңгейде орындалмайтыны анық. Бұл сапаның төмендеуіне әсер етеді. Мәселен, кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жоғарыда атап өткен «Бесоба» тұрғын үй кешенін Өзбекстаннан келген гастарбайтерлер салған көрінеді. Олардың ешбірінде кәсіби құрылысшы мамандығы болмаған, құрылыстың іргетасы стандарттарға сай талаптар бойынша жүргізілмеген. Құрылыс компаниялары үшін біз атап өткен себеп-салдардың ешқандай маңызы жоқ. Мұны бүгінгі құрылыс саласындағы олқылықтар мен жаңадан бой көтерген сапасыз құрылыс нысандарынан-ақ байқауға болады. Сондықтан құрылыс саласын Үкімет қатаң түрде бақылауға алып отыр. Мұның бір дәлелі – құрылысты еуропалық қалыпқа көшіру. Тек жаңа стандартқа көшу құрылыс саласындағы қордаланған мәселелерді оңалтса игі...