Кең далада – денсаулық пойызы
Кең далада – денсаулық пойызы
2017 жылдың 18 сәуірі және 20 желтоқсан аралығында Қазақстанның орталық, шығыс, оңтүстік және батыс өңірлерін аралап өтуді жоспарлаған «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы 13 сәуір күні Жезқазған қаласынан аттанған болатын. Қазіргі таңда Ақмола облысына табан тіреген пойыз 20 күн ішінде 15 елді мекенде жұмыс істеуді қарастырып отыр.
Дәрігерлер бригадасының құрамы терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, лор, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты негізгі бағыт мамандарымен қамтылған. Медициналық пойыз қызметтерін Қазақстанның шалғайдағы елді мекендерінің медициналық көмекке мұқтаж тұрғындары, теміржол қызметкерлері мен зейнеткерлер және олардың отбасы мүшелерінің пайдалануына мүмкіндіктері бар. Тұрғындарға қойылатын басты талап – дәрігерлерге келгенде жеке куәлікті ала келу керек. Медициналық пойыздың сегіз вагонында науқастарды толық тексеруге, шағын амбулаториялық оталарды жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және зертхана мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған, сонымен қатар онда персоналдың жайлы жол жүруіне барлық мүмкіндік қамтамасыз етілген. Жазда, жол үстіндегі бекеттерде, медицина пойызының жұмыс уақытында балаларға арнайы алаңдар мен аттракциондар ұймдастырылған. Мамандандырылған медицина пойыздары – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арасында 2010 жылы 9 наурызда жасалған, медициналық қамсыздандыру мәселелерінде өзара жұмыс істеу туралы меморандум аясында жүзеге асырылған жоба. «Денсаулық» пойызы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша жеңімпаздардың бірі болды, сондай-ақ 2010 жылы «Қазақстандағы Жыл таңдауы №1» халықаралық фестивалінде Қазақстандағы үздік әлеуметтік-жауапкершілік жобасы атанды.Жадыра Жақсытай