"Сөз шындығын өлшейтін таразы - уақыт"

"Сөз шындығын өлшейтін таразы - уақыт"

"Сөз шындығын өлшейтін таразы - уақыт"
ашық дереккөзі
Қазақтың дарынды ұлы,  қазақ мәдениеті мен сөз өнерінің көгінде аққан жұлдыздай  жанып өткен Сағат Әшімбаевтың өнегелі өмірі жайлы айтылар пікір легі тоқтамақ емес. Соның жалғасы, түйіні іспеттес  жиын М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының ғимаратында жалғасқан еді. Уәде бойынша жазушының жары, қазақ прозасындағы санаулы қаламгер қыздарымыздың бірі де бірегейі Шәрбану  Бейсенова ханымды әңгімеге тартқан болатынбыз. –  Сағат аға бір жазбасында: «... Бақыттың қыры да, сыры да көп, өмірлік бақыт өмірден өз орныңды табу әрі сол орынға лайықты теңіңді (жар) табу ма деймін...» деген екен. Қалай кездесіп едіңіздер? Әңгімені жастық, бозбала шақтан бастасақ... – Ол кісінің балалық шағы Алматы облысы, Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданындағы кішкентай ғана Жамбыл деген ауылда өткен. Табиғаты ғажайып! Жайлау дегенді өз басым биік таудың ортасында, таулы аймақта болады деп ойлайтынмын. Көркем жайлауға бергісіз Жамбыл ауылы таудың етегінде, жазықта орналасқан керім жер екен. Осы ауылда кіндік қаны тамған Сәкең әжесінің бауырында өскен тұңғыштардың бірі. Сондықтан болар, табиғатынан, жаратылысынан жаны жұмсақ, мейірімді еді. Өте мәдениетті. Адам баласы бірін-бірі тану үшін көп уақыттың керегі де жоқ қой.  Онымен өткен жиырма үш жылда бірде-бір рет дауыс көтермепті, болмаса біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпақ түгілі, үй-ішінде дөрекі мінез көрсетпеді. Үлкен-кіші демей әңгімесіне құлақ асып, өзімен тең дәрежедепікірлесіп жүретін байыптылық, сабырлылық сол әжесінен дарыған қасиет  болар деп ойлаймын. Сол қасиетін бозбала шағында-ақ, 1965 жылы Ұлттық университетте қатар оқыған жылдары да тани түстім. Бір факультеттің екі бөлімі– филология және журналистика бөлімі болды. Бір жатақханада жаттық, бір кітапханада жүрдік дегендей, кинотеатрларға бірге бардық.  Сол кездің өзінде өте пысық, белсенді студент болды. Көп оқитын. Шығарманы оқып қана қоймайтын, оны талдап, зерделеп, әбден санасына сіңіруге тырысатын-ды. Кез келген шығармадағы ұнаған кейіпкерлерінің аузынан шыққан сөздерінің астын сызып, тіпті қойын дәптеріне жазып қоюшы еді. Оқыған кітаптарын бүктемей, арасына тілдей қағаз салып отыратын. Ол тек шығарманың мазмұнын баяндап, кейіпкерлеріне баға берумен шектелмей, сол шығармаға байланысты философиялық, психологиялық тұрғыдан ізденістері мен түйген ойлары туралы талдаулар жасайтын. Мейлі, ол жаңа ғана баспадан шыққан кітап болсын немесе күнделікті шығып жатқан басылымдар бола ма, міндетті түрде өз көзқарасын білдіруден жалыққан емес. Мүмкін осы талдап-талғап, жүйелеп оқитын қасиеті болар, әдебиеттің ең күрделі жанры– әдеби сынға жетеледі. Бірақ сыншы екенмін деп ретсіз пікір айтпайтын. Ол оқырман назарын қай шығармаға, қандай кітапқа аудару керек екеніне аса мән берді. Әңгімешіл-ақ. Кез келген ортада әңгімесімен елді баурап алатын. Жас-кәрі ұйып тыңдаушы еді. Оқыған кітаптарын үнемі жанындағыларға насихаттап, оқып шығуға кеңес беріп жүретін.  Елгезек, көпшіл. Студенттік жылдардағы достық пейіл кейін отбасылық, жұбайлық ғұмырға жалғасты.  Пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүріп, өмірге балаларымыз келді. Кейін мөлтекаудандардың бірінде тұратын қарт журналистің үш бөлмелі үйінде бәріміз бірге тұрдық. Ол кісінің бойжетіп қалған қызы бар, таңертең ерте кетеді, кешке келеді. Ас-суымды дайындап мен отырамын. Сөйтіп жүріп, жеке үйлі болдық. Ол кезде бүкіл газет-журналдар бір жерде – «Дәуір» баспа үйіне шоғырланған. Сол жерден екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Қаланың жоғарғы жағынан пәтер тигеніне емес, қазақ мектебіне жақын болғанына қуандық. Ы.Алтынсарин атындағы  ғылыми-зерттеу институтына қарасты №2 мектеп-интернат дәл жанымызда. Сағат соған қуанды. Енді ше, ол жылдары қалада қазақ мектептері жоқтың қасы еді ғой.  Балаларымыз осында оқитын болды деп  шаттанғанын ұмытпаймын.Тұңғышымыз Дәурен жиырма бес жасында кенеттен қайтыс болып кетті. Үйленіп те үлгермеді... Шәрбан апай көзіне мөлтілдеп кеп қалған ыстық жасын саусағының ұшымен сүртіп тастады. – Мәуленіміз де осы мектептің түлегі. Кейін бір-екі үй жоғары жақтан үш бөлмелі пәтерге ауыстырдық. Сәкеңнің шығармашылықпен айналысуына жағдай керек болды да, осы үш бөлмеге көштік. Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімхан, Ержұман Смайыл,  біраз журналистер таяу маңда тұрады, балаларымыз бір аулада өсті. Ауладағы балалардың бәрі Сәкеңді өте жақсы көретін. Өйткені Сәкең шетелге көп шықты. Әр жолсапарында балаларды ұмытпай, Ол кезде сағыз деген біздің елге жете қоймаған кез,  сырт қағазы көз тартатын жылтыр сағыздар әкеледі. Ол кезде сағыз деген біздің елге жете қоймаған кез. Ал жолдастардың келіншектеріне бір-бір политэлен қапшықтар әкеледі. Балаларға қосылып біз де мәзбіз. Пәтер ауыстыру жайлы ой келгеннен-ақ, тек қана осы мөлтекауданнан қарастырайық деп шешті, өйткені балаларды басқа мектепке ауыстыруға болмайтын еді. Сөйтіп, екеуі де орта мектепті қазақша бітірді де, әкесі екеуміз оқыған Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсті. Қызметке тұрды. Отбасылы болды. Астанаға да алғашқы топпен қызметке ауысты. Немерелерім үшін маған да ауысуға тура келді. Өйткені олардың да қазақша мектепке барып, тілдерінің қазақша шыққанын жаным қалады. Сөйтіп, астаналық боп шыға келдік. Дегенмен, Сәкеңмен өткен жылдар, әрбір ай-күндерімнің елесіндей ұлы сағынышқа айналған әсем қала – Алматыға асығып тұрамын. –  Сағат ағаны білетіндер үнемі асығып жүретін еді дейді. Бала мінезді, аңғал кісі болған секілді. – Өте балажан, бірақ өте талапшыл болды. Олардың көзқарасы, ой-пікірлерімен үнемі санасып отыратын. Уақытының тығыздығына, үнемі асығып-аптығып оқу залдарына баратынына, қарапайым Қызметтен босай қалса, балаларымен әңгімелесуден шаршамайтын. Қай кезде қандай кітап оқу керек екенін, қалай оқу керек екенін қадағалап, пікірлерін сұрап жүруші еді. Мен де ол оқыған кітаптарды оқуға тырысып, пікірлесіп отырғанды жаным қалайтын. Осы күні кейбір отбасыларда бір-бірін іліп-шалып, кекетіп-мұқатып, әңгімелерін бөліп, қырғиқабақ болып, ырың-жырың берекесіз  тірлік кешіп жатқандарды көріп те, біліп те жүрміз. Соларға қарап отырып, әбден бір-бірінен шаршаған, жалыққан ғой деген ойға қаламын. Сәкеңмен жұптасқан жұбайлық ғұмырыма шексіз ризамын, бір-бірімізді толықтырып, жанымызбен түсініп өткен сол жылдар мәңгілік сағыныш-елеске айналып, әлі күнге көңіліме көрік, жүрегіме жұбаныш болып келеді... Көпшіл болды. Әр жастағы кісілермен дос-жолдас болып кететін. Әңгімелесіп отырған кісінің ыңғайына жығылып, көңіл ауанын дәл тауып, бейімделе білетін. Қандай жиындарға бармасын, тіпті газет-журнал сататын дүңгіршекте ме, әлде кітапхана залы ма, әйтеуір қағаздан бас  алмай оқып отырған таныс, бейтаныс жан Сәкеңнің назарынан тыс қалмаушы еді. Әлгі кісімен сол мақала, газет жайлы қызу пікірлесіп, әңгіме-дүкен құрып, тіпті кейде үйге ертіп келетін де, дастарқан басында қызу әңгіме өртіп кетуші еді. Оған біз де әбден үйренгенбіз. Үнемі ас-суын дайындап, күтетінбіз. Дастарқан жиналып көрген емес. Оттан қазанымыз түсіп көрген жоқ. Оның осы мінезіне балалары да әбден үйренген. Неге екенін білмеймін, көбіне тұрмыстан қажып,  уайым-қайғыға салынған, жүдеп-жадаған бейтаныс кісілер де көп келуші еді. Сәкеңнің жолын аңдып жүре ме, қайдам,  осындай уайымшыл «қонақтар» көп кездесетін. Үйге келіп, әңгімесін тыңдап, қолынан келген көмегін көрсетіп, тіпті болмаса сөзімен, жылы қабағымен демейтін. Әлгі кісілер, «күңіреніп келіп, күліп шығатын». Еңселері көтеріліп, жігерлендіріп шығарып салатынын әлі ұмытпаймын. Олар кеткеннен кейін де біраз уақыт әлгіндейлердің жағдайын айтып, өзі де терең ойға батып отыратын кездері де болды. Кімнің болса да басынан өткен қиын жағдайларды жүрегіне жақын қабылдап, жаны ауырып, әбден қиналып жүреді. Қолына енді ғана  қалам алып, әдебиет деген әлемнің есігінен сығалап жүрген талай жастарға қол ұшын берді. Қолынан жетелеп жүріп, редакцияға ертіп келіп, өлең-мақалаларын жариялауға көмектесетіні әлі есімде. Солардың жағдайын ойлап, біраз күн мұңға батып  жүреді. «Жаныңа жақын қабылдама, жүрекке салмақ салма» дегенді айтудай-ақ айтасың, бірақ бәрібір елге көмектесуден қашқан емес. Соның бәрі, кісіге жақсылық жасағысы кеп тұратын қасиеті де осы білімдарлығынан, зеректігінен, көп оқығандығынан, қазақи тәлім-тәрбие, үлкендерден алған үлгі-өнегесінен ғой. Өзі өскен кішкентай ғана ауылда кезінде Қытайдан келген қандастарымыз шоғырланған екен. Бөтен ұлт өкілдері жоқ шағын ауылдан шығып, осыншалық зерек болғаны, білімге құштар болғаны, бір ауыз орысша білмей келіп, бәрін үйренгені таңқалдырады. Қазір ойлап отырсам, орыс тілін білмесең қызмет түгілі, тіпті қарапайым қара жұмысқа да іліге алмайтын заман. Еңбек жолын «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жастан» бастаған Сәкең кейін «Жұлдыз» журналына сын және библиография бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Әсіресе, Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің Қазақ бөлімшесінің бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі болып қоғамдық негізде бірқатар қызметтерді атқарды. Одан Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болып қызмет атқарған жылдары, әрине, орыс тілін жетік білуі тиіс еді. Ұжымда әртүрлі ұлт өкілдері қызмет атқарады. Жиын-салтанаттардың бәрі Мәскеуде өтетін-ді, құжаттардың бәрі дерлік орыс тілінде дайындалады. Ал ұжым басшысының абырой-беделі де осы мәселеге келіп тіреліп тұрса, әрине, тіл білмеуің барып тұрған масқарашылық саналды. Қызметкерлерден сана-сезімің, ой-өрісің биік болмаса, ұжымда да беделің болмас еді.Өзге ұлт өкілдері біздің қаракөздерді аса  сауатты болмаса менсінбейді, «мазақ» етуі әбден мүмкін. Сәкең өзінің табандылығының арқасында, алғырлығы мен зеректігінің арқасында орыс тілін жетік біліп шықты. Мәжбүрлік деген болған жағдайда, тілге деген сұраныс болғанда ғана тіл өркендейді, өседі. Осындай басшылық жұмыстарда жүріп жеке шығармашылықпен айналысуы, үлкен ерлік дер едім. Жанкештілік деуге де болар. Алғашқы «Сын сағатынан» бастап, «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік» сынды әдеби-сын мақалалары, портреттері, зерттеу-толғаныстары бірінен кейін бірі кітап болып жарық көріп жатты. – Ол кісі аса сауаттылығымен қоса, өте батыл кісі болған деседі. Сөз бостандығы, жариялылықтың елесі жоқ кезде, кеңес үкіметі  кезінің өзінде «Қарыз бен парыз» сынды бағдарлама жасау, оның үстіне тікелей эфирге дайындау дегеніңіз... – Ол жылдар Сәкеңнің бір шабыттанған, намысы шыңдалған  шығармашылық тұсы десе де болады. Айтуға болмайтын, айта алмайтын емес, айтқызбайтын кез еді ғой. Еліміздің тәуелсіздігі сол кездің өзінде үлкен әңгімеге арқау болған тұс. Сондықтан да қазақтың көптеген зиялы қауым өкілдерімен болған  әңгіме-сұхбат талай тарихи оқиғаларды тірілткен. Тіпті кереғар пікір таластың қызды-қыздысымен тікелей эфир екенін естерінен шығарып, өзара дауласып қалған сәттері де болды. – Ұлттың мүддесін, ұлттық болмысты көздейтін, ұлттық  олардың көбі тәлім-тәрбиеге бағытталған бағдарламалардан кейінгі көңіл-күйі қалай болушы еді? – Шаршамайтын. Қайта рухтанып, жігерленіп, көтеріңкі көңіл-күйде жүретін. Шабыттанып, сол хабар әйтеуір бір қазаққа ой салса, намысын қайраса, ой түйсе деген үлкен үмітпен жүргізетін. Қазақшыл еді, теледидарда жүргенде талайларға пәтер алуға жағдай жасады. Әсіресе түк білмегенсіп, бүкіл бір жататқханаға түк білмегенсіп, басып кіруге кеңес бергенін естігенде шын шошыдым. Олардың көбі жастар еді, сол жастардың кейін бір-бір пәтерге ие болғандарын жақсы білемін. Бір қызметкері пәтер кезегінде тұрып, енді-енді қолына кілт алайын деп жүргенде аяқ астынан қайтыс болып кетті. Соңында қалған кішкентай баланың кәмелетке толмағаны себепті кезектен алып тастап, пәтер берілмейтін болып қалыпты. Талай есіктің табалдырығын тоздырып жүріп, әлгі отбасыға пәтер алып бергенін ұмыта қоймағандар бар. Тағы бір қызметкері алты баласымен бір бөлмелі үйде тұратын. Үйін кеңейтуге көмектесті. Өзіміз де пәтерден-пәтерге көшіп, әбден қиындық көрдік қой. Содан болар, қалада «қазақ қаңғып қалмасын деп шыр-пыр боп жүретін. Ол заман қалада тіркеуің болуы керек, әйтпесе пәтердің кезегіне тұру деген үміт те жоқ. – Ағаның хабарлары «Алтын қорда» бар ма? Болса неге диск етіп шығарып таратпасқа?! Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болар еді ғой... – Өкінішке қарай, алғашқы үш-төрт хабарға байланысты жоғары жақтан «Тікелей эфир емес, хабарды алдын-ала жазу керек, біз  бірінші көруіміз керек» деген бұйрық түсіпті. Кеңестік идеология күшті еді ғой. Содан бастап алдын ала жазу деген шықты да, алғашқы хабарлар белгілі себептермен  сақталмай қалған. Әрине, өкінішті. Бірақ ол кезде оның әділетсіздігі, неге жоғалып кеткені жайлы сөз қозғау мүмкін болмады. Ал кейінгілері жазылған, сақтаулы. Басқа жоғары оқу орындарына қайдам, өзіміздің университеттің журналистика факультетінің студенттері көрнекі құрал ретінде, теле-радио журналистері оқулық ретінде пайдаланады. – Өте бай кітапханасы жайлы бірер сөз айсаңыз... – Өзі қайтыс болғаннан кейін, 1992 жылы ақпан айында «Сағат Әшімбаевты мәңгі есте қалдыру туралы» ҚР Министрлер кабинетінің қаулысы шықты да, өзі тұрған үйге тақта қойылды. Кейін өзі оқыған мектебінде «Сағаттану кабинеті» ашылып,  өскен ортасы, студенттік шағы, атқарған қызметтері, шығармашылығы туралы деректермен жабдықталып, елу жылдығы тұсында ескерткіш бюсті орнатылды. Сол сыныптың бір қабырғасына қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармаларынан тұратын екі мыңға жуық кітап қорын жасақтап бердік. Ал үйдегі кітапханасы үш мың кітаптан асады. Өзі қалай реттеп қойды, әлі күнге солай тұр. Әлем философиясы, әлем әдебиеті, классика, көркем әдебиет, бәрі-бәрі өз қолымен қойған сөреде сақтаулы. Шаңы ғана сүртілгені болмаса, ешкім тиген емес. Осы мерейтойы қарсаңында кітап сөрелерін түгендеп, тізімін жасап, сапасын тексеріп көрдім. Әр кітабына қолын қойғанын, кейбір кітапты балаларына арнап алып, датасы мен қойған қолын көріп бір шер тарқатып алдым. Жазу үстеліне отырып, бір уақ көңілдегі қимас күндермен, түнімен жазу жазып отыратын сағыныш-бейнесімен іштей тілдесіп, сырласып қоямын! – Ағаның күнделіктері жайлы әңгіме жиі айтылады. Сіз білуші ме едіңіз? – Оны күнделік дегеннен гөрі қойын дәптер деген дұрыс шығар. Қай шығарманы болса да жүйелеп оқитын дедім қой. Сол оқыған-тоқығандарын кішкентай ғана, шетінде әріптері бар қойын дәптерге жазып, өз ойын қорытып, көзқарасын білдіруді әдетке айналдырған. Сондай қырықтан астам дәптері бар. Онда бүгін кіммен кездесіп, не әңгіме болды деген емес, қай кітаптан, қай газеттен не оқып, не түйді, соларын ғана жазып отырған.Сөйтіп, өзінің білімін « бал жинаған арадай» осылай байытты. Осылай қойын дәптерге керегін түртіп қойып, жүйелеп оқуды, санасына сіңіріп оқуды дағдыға айналдыра жүріп, өзі де тұлғаға айналған адам. – Шәрбану апай, өзіңіз де шығармашылық адамысыз, ер-азаматқа қарайлап жаза алмаған дүниелеріңіз бар шығар? Бала тәрбиесі, келімді-кетімді қонақтар...  өкінбейсіз бе? – Өкінбеймін. Үш бөлмелі үйде өмірбақи тұрдық. Залда кітапханасы болса да, жазуын үнемі жатын бөлмедегі жазу үстелінде, түнде жазатын-ды. Өйткені үйден үнемі қонақ үзілмейді. Өзімізде қыз бала болмады демесек, ағайын-туыстың балалары, әсіресе, қайнымның екі қызы мен сіңілілерімнің қыздары Сәкеңді әке деп, осы шаңырақта өсті. Мектеп қабырғасында, әңгіме-новелла жазып, арман арқалап Алматыға келдік. Ол кезде мектепте ақын-жазушылармен кездесу сияқты қызықты жиындар көп ұйымдастырылатын. Сол себепті әдебиетке, көркем әдебиетке жаным құмар болды. Жазуымды жазып, шығармашылықпен айналысуыма, арагідік іссапарға шығуыма да уақыт тауып тұрдым. Ер-азамат, отағасы ретінде оған еш қарсылық білдірген емес. Қайта жазған-сызғандарым жайлы өз көзқарасы мен пікірін білдіріп отыратын. Еңбек кітапшамдағы «Мәдениет және тұрмыс» пен «Қазақстан әйелдері» журналында еңбек еткен жылдарым өте-мөте көзіме ыстық. Жекен Жұмабаев, Қажыкен Ахметов, Рза Қонақова, Қуандық Шаңғытбаев, Зәкір Асабаев, Шәрбану апай Құмарова, Мұса Дінішев аға-апаларымның ортасынан шықтым, тәлім-тәрбиесін алдым. Әбу Сәрсенбаев атамыздың бәйбішесі Ләзиза апаймен қызметтес болдым. Үлкен мектептен өттім. Кейін Қазақстан республикасы Ақпарат министрлігінің Баспа істері жөніндегі департаментінде бас маман әрі жаңадан жарық көрген кітаптардың насихатымен айналыса жүріп, зейнеткерлікке шықтым ғой. Екеумізге ортақ көзқарас, ортақ әңгіме ешқашан жалықтырған емес. Сәкеңнен көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, шығарма оқуды, кітап оқуды үйрендім. Әңгімеміз де көбіне отбасы, ошақ қасы емес, әдебиеттен өрбитін. Қызу пікірталас үшін, өз көзқарасың, айтар ойың болу үшін сен де сол философ, не болмаса жазушы жайлы білуің керек екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан келімді-кетімді қонақ, бала тәрбиесі, қызметке қоса, әйтеуір уақыт тауып, Сәкең айтқан кітаптарды оқып алатынмын. – Журналистикада өзіңіздің де  айқын қолтаңбаңыз бар. Қазір не жазып жүрсіз? – Жариялылық, сөз бостандығы дегеннің өзі ептеп жасандылыққа жақындау ма деп қаламын. Деректі интернеттен теріп, газет беттерін оңды-солды толтыра берушілікке жол беріп алдық. Оқырманды осылай шатастыруға бейімбіз. Қоғамда күнделікті болып жатқан жаңалықтардың жөні, әрине, бөлек. Ал сұхбаттар, очеркке бергісіз сырласулар жаныңды көркем шығарма оқығандай әсерге бөлейді ғой. «Ұлы Дала арулары» атты тұтас кітаптар сериясын шығарсам деп армандаймын. –Отағасына адалдық, шынайы сыйластықты өзіңіздің өмір жолыңыздан да көруге болатындай... – Рахмет. Мен ғана емес, жалпы мұсылман халқы, оның ішінде қазақ әйелдеріне тән қасиет болар,  сірә. Қырық төрт жас! Былай қарасам, осы аз-ақ уақытта қыруар тірлік жасап үлгергеніне іштей тәубе етемін. Осы уақыт ішінде мол мұра қалдыру, ол мұраны жазып қана емес, еліне-халқына пайдасы тиетіндей қалам тербеу, әрине, айтуға ғана оңай тірлік. Ал Сәкеңнің жүрегіне түскен жара, сызат оңай емес еді... – Немерелеріңіз жазғандарыңызды оқи ма? Қаламға жақындауы бар шығар... – Мәуленнің қыздары өсіп, бойжетіп келеді. Жазда атасының мерейтойына, туған ауылына бірге барып, Ата қоныстарымен танысып қайтты. Жамбыл ауылы – таудың етегі. Ақкөл деген жайлауда болып, қаз қатар өскен түп-түзу қарағайларын көріп, таң-тамаша қалды.Ұнағандарын айтып, қуанды. Атасының кітаптары көркем әдебиет емес қой. Әдеби сын, толғау. Оны оқып, түсінуге немерелерінің қауқары әлі жетпей тұр. Әдеби сын – өте күрделі сала, жанр. Кітап оқылмайтын заманда әдеби сынды зерделеп оқитындар да жоқтың қасы, Сәкеңнің оқырмандары болмай қала ма деп қорқамын кейде. Проза, поэзияның өз оқырмандары қалыптасқан, ал сынды көпшілік оқи да бермейді. Бірақ университетте өткен ғылыми-конференцияда студент-жастар талдап жатты, соған қуанып қалдым. Иә, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде ерекше орын алатын екі жазушы-журналист, марқұм Сағат Әшімбаев пен жұбайы Шәрбану Бейсенова өз жетпіс жылдық мерейтойына ауыз толтырып айтарлықтай еңбекпен жетті. «Мизамшуағының» өзі бір төбе болса, тек «Тағылымды тағдырлар» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану  Қонақбайқызына әсерлі әңгімесі үшін рахмет айтып, қимай қоштастық...