Полигондар қалай пайдаға жаратылмақ?

Полигондар қалай пайдаға жаратылмақ?

Полигондар қалай  пайдаға жаратылмақ?
ашық дереккөзі
Қазіргі таңда қазақ даласында қолданыстан шыққан полигондарды шаруашылыққа пайдалану қолға алынуда. Ұлттық ядролық орталықтың мәліметінше, Семей полигонының 85 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі. Қазіргі таңда қазақ даласында қолданыстан шыққан полигондарды шаруашылыққа пайдалану қолға алынуда. Ұлттық ядролық орталықтың мәліметінше, Семей полигонының 85 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.   Адам денсаулығына зиянды аумақтың шаруашылықта қалай пайдаланылатыны әзірге белгісіз. Бірақ Ұлттық ядролық орталық директоры Ерлан Батырбековтің айтуынша, полигон мәселесін түбегейлі шешу жоспарланған. Ол үшін полигонды қолданысқа беру көзделіп отыр. «Ұлттық ядролық орталықтың радиациялық апаттарды жоюда, сонымен қатар радиациямен ластанған жерлерді қалпына келтіруде үлкен тәжірибесі бар. Бұл тәжірибе Семей полигонынан алынып отыр. Бүгінде жердің шамамен 50 пайызын зерттедік, оларды қалпына келтіру бағдарламасы әзірленді. 2023 жылы Семей полигоны түйткілін толықтай шешуді жоспарлап отырмыз. Яғни, Семей полигонының барлық жерінің 85 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы айналымына енгіземіз. Дегенмен 10-15 пайыз жер қор болып қалады», – деді Ұлттық ядролық орталық директоры. Мысалы қазірдің өзінде «Балапан» алаңында «Қазмырыш» кәсіпорнының өндірістік қалдықтарына арналған полигон құрылған. «Балапан» алаңы жерасты ядролық жарылыстары үшін пайдаланылған. Яғни, бұл жерлерді пайдалану мүлдем көзделмеген-ді. Дегенмен бүгінгі күні бұл жер мемлекетке нақты пайда әкелуде», – деді Батырбеков мырза. Қоршаған ортаны қорғау бойынша ұйымдар полигонның қолданысқа берілгенін, шаруашылықта пайдаланылғанын қоштайды, әрине. Бұл жерлердің қайта қалпына келуі үшін ондаған, жүздеген жылдар қажет. Осы уақытқа дейін Ресейдің қолданысына берілген полигондардың бірқатары елге қайтарылды. Атап айтқанда, жыл басында Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Қазақстандағы Ембі полигонын жалға алу және пайдалану бойынша келісімді тоқтату туралы қазақстандық-ресейлік мемлекетаралық хаттамаға қол қойды. Оған сай Қазақстанға 300 мың гектарға жуық жер қайтарылған еді. Сол сияқты ресейлік әскерилерге Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы полигонның 749,6 мың гектар жері жалға берілген болатын. Қазіргі таңда екі ел арасында жасалған келісім бойынша 624 мың гектар жер қайтарылды. Қызылқоға ауданындағы жер 1949 жылдан бері әскери полигонға тиесілі болған. 1966-77 жылдары бұл аймақта жиырмадан астам ядролық сынақ өткізілді. Одан кейінгі уақытта бұл жер бос жатқанымен, жергілікті шаруалар игілігін көре алған жоқ. Өйткені жерді 1991 жылы Ресей жалға алды. Қазір полигон аумағында 1,5 мыңнан астам адам тұрады. Бұған дейін Ресей жалға алғандықтан ауданға қарасты ұлан-ғайыр аумақты игеру үшін заңды құжат рәсімдеу мүмкін болмады. Қалай десек те, полигонның қолданысқа берілгені көңіл қуантады. Алайда шаруашылық пайдасы дегеннің өзі – қоқыс қалдықтарын орналастыруға арналған орын сияқты. Айталық, әскери сынақ алаңы болған полигондар бүгінде қоқысқа толған. Бұның қоршаған ортаға зияны шаш-етектен.

Торғай даласына тасталған қалдықтар

Соңғы кездері қазақ басылымдары Торғай даласының зымыран қалдықтарын тастайтын полигонға айналғаны туралы мәліметті зор өкінішпен жазуда. Торғай қаласы тұрғындарының Елбасы атына жазған ашық хаты жергілікті жағдайдан там-тұмдап хабар беретіні сөзсіз. Хат мәтінінде полигон есебіне берілген жерлер және алдағы уақытта солтүстік көршінің құда түсіп отырған аумақтарын атап көрсетіпті. «...Торғайдан 20 шақырым жердегі Шөптікөл қоныс орнын «Союз-2» ракетасының бірінші сатысының қалдықтарын тастайтын алаң ретінде пайдалануға, полигон етуге жер сұрауда. Оның сыртында олар тағы да 100 гектар жер алмақшы... Торғайдан 40600 гектар жерді осындай полигонға алған. Сол жерге зымыран қалдықтарын тастап жатыр. Ол жер Торғайдан 80 шақырымдай жер. Оған да қарсы болғанбыз. Бірақ Торғай халқымен ешкім санаспады. Енді Торғайдан 20 шақырым жерді алмақшы. Бұл деген масқара зорлық емес пе?!». Қоғам қайраткері Мақсат Ілиясұлының айтуынша, «Қазғарыш» агенттігі берген мәліметке сәйкес, «Байқоңырдан» ұшып шығатын зымырандардың екі ұшу жолы бар. Бірі – Қарағанды облысы, Жезқазған аймағы, екіншісі – Қостанай облысы, Жангелдин ауданы мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы. Зымыран, жалпы, үш бөліктен тұрады. Соның бірінші бөлігі ұшып шыққан соң, жоғарыда аталған аймақтардағы белгілі бір аумаққа құлайды. Жалпы, Ресей Қазақстаннан 7 бірдей полигонды жалға алған. Олардың ең ірісі – Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр 1994 жылдан бері жалға беріліп, елімізге жылына 115 миллион доллар төленеді. 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат етілген. Ресейлік әскерилерге жалға берілген қазақ даласындағы полигондар біртіндеп елге қайтарылуда. Бірақ қайтарылған жердің табиғаты мен тыныс-тіршілігі бұрынғыдай бола алмайды. Бұл тұрғылықты жердің экологиясын бұзып, халыққа да зиянын тигізуде. Ал Торғай даласына тасталған зымыран қалдықтарының зардабы мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіріп тұр дейді эколог-мамандар.