Бишімбаев қылмысын мойындамай отыр
Бишімбаев қылмысын мойындамай отыр
Қуандық Бишімбаев қылмысын мойындамай отыр. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметінің ағымдағы жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысына арналған брифингте ведомствоға қарасты Тергеу департаменті директорының орынбасары Олеся Кексель айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның дерегінше, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс 50-ден астам томнан тұрады. 23 күдіктінің тек үшеуі ғана өздерінің кінәлі екендігін мойындамаған. Оның ішінде Бишімбаев та бар. Тергеу барысында ол өзін қорғау үшін ешқандай куәлік, дәлел және құжаттар көрсетпеген. Сонымен қатар оның бауыры Нұрлыбек Сұлтан мен құрылыс компаниясы қызметкерлерінің бірі де кінәсін мойындамуда.
«Қылмыстық іс бойынша келтірілген шығын толықтай қалпына келтірілді. Бұған қоса, күдіктілердің 1 млрд теңгеден астам мүлкі бұғатталды. Аталған мүліктерді тәркілеу сотта қаралатын болады. Пара ретінде алынған 366 млн теңге республикалық бюджет кірісіне аударылды. Оны Жақсыбаевтың («Байтерек девелопмент» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы) туған-туыстары мен достары аударды. Ал шыны зауытына келтірілген шығындар өзге фигуранттар тарапынан өтеді. Шығынды өтеуге Бишімбаев қатысқан жоқ», - деді ол. Кексельдің сөзіне қарағанда, Бишімбаев параға алған ақшаға Астананың маңындағы Қосшы елді мекенінен аумағы 500 шаршы метрлі, құны шамамен 400-500 мың доллар болатын үй салған.