Жаурағандар көмірсіз жылына алмас

Жаурағандар көмірсіз жылына алмас

Жаурағандар көмірсіз жылына алмас
ашық дереккөзі
Қазақстанның қойнауында 150-160 миллиард тонналы көмір қоры бар. Бұл шамамен 300 жылға жетеді дейді мамандар. Елімізде пайдаланылатын отынның екіден бірі көмірдің үлесінде болғандықтан, қара отынды өндіру жөнінен де асығымыз түгел: әлемдегі үздік ондықтамыз. Өткен жылы 98 млн тонна көмір өндірілді. Биылғы өндіріс бұрынғыдан да қарқынды. Алайда басқа өңірлерді айтпағанда, қара отынның дәл үстінде отырған Қарағанды халқының өзі көмір таппай, суық үйде бүрсең қағып отыр. Қоймаға келген көмір жаураған елге жұғын да болмайтынын көре тұра жергілікті әкімдіктер отын тапшылығы жоқ деуден танар емес. Көмір тапшылығын қатты сезіп отырған өңірлердің бірі – Қостанай облысы. Облыс орталығындағы қабылдау орындарындағы қор таусылған. Қостанайда көмір қабылдайтын жеті қойма болса, қазір соның біреуінде ғана қара отын сатылуда. Сондықтан оның алдында ұзын-сонар кезек. Шалғайдан келген тасымалдаушылар сағаттап емес, тәуліктеп күтуге мәжбүр. Көмір өндірушілермен алдын-ала келісім болғанымен, олар жергілікті халықтың сұранысын дер кезінде қанағаттандыра алмай отыр. Себебі қара отынды жеткізетін вагондар жетіспейді. Жергілікті қойма иелері қолда бар көмірдің басым бөлігін бюджеттік мекемелерге деп сақтап отырған көрінеді. Жеке тұрғындарға береріміз таусылды дейді олар. Ал аймақ басшылығы  көмір қоры жеткілікті екенін алға тартады. Орталыққа аудан, ауылдардан келген көліктер  қақпадан кейін қайтуға мәжбүр. «Телефонмен алдын-ала хабарласып, вагон түнде келетінін естігенбіз. Келсек, қойма бос. Тағы да бос қайтатын түріміз бар. Екі қабылдау орнында болдық, екеуінде де көмір жоқ. Қарасу ауданынан келіп тұрмыз. Жол шығыны қалтаны жұқартатын болды»,  – дейді жүргізуші Виталий Кузовлев. Сәрсен Әлімбаев, есімді жүргізушінің де айтары осы. «Шұбаркөлдің көмірін ала алмай сенделдік.  Торғайдан, Наурызымнан келіп, апталап күтеміз. Жалдап келген «КАМАЗ»-дардың ақысы күн сайын өсе береді. Бұл тапшылық қашанға дейін созыларын білмейміз», – деп қамығады ол. Жергілікті тұтынушылардың айтуынша, Шұбаркөл көмірінің тоннасы бастапқыда 14500 теңгеден саудаланса,  бір аптадан кейін 15 мың теңгеге көтерілген. Бағаның былай құбылуына арадағы алыпсатарлардың да ықпалы бар. Ал облыстық әкімдіктегілер тапшылық та, қымбатшылық та жоқ деп отыр. «Қазір бізде жеткілікті қор, 200 мың тоннадан астам көмір бар. «Қазақстан теміржолымен» жылу беру маусымында  қосымша вагондар бөлу жөнінде келісім жасалды. Олар уәде берді, сондықтан бұл мәселе толық шешілді десе болады», – дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Гумбат Иманов. Оның айтуынша, қоймалар алдындағы ұзын-сонар кезектердің туындауына адамдардың қыс дайындығына кеш кірісетіндігі және жаппай сапалысын алуға ұмтылатындығы себеп екен.

Тапшылықты тудырған – алыпсатарлар

Қазақстандықтар арасында Шұбаркөлдің көмірі үлкен сұранысқа ие. Қара отынға бай бұл кен орнында көмір осыдан 30 жыл бұрын өндіріле бастаған еді. Геолог мамандар кездейсоқ ашқан бұл кеніштің даңқы жылдар өте келе бүкіл әлемге таралады деп ешкім ойламаған. Орталық «қара маржанына» айналған Шұбаркөл көмірін өзімізден бөлек, Финляндия, Ұлыбритания, Италия, Румыния, Германия, Польша, Дания, Сербия, Украина, Литва, Эстония, Венгрия, Болгария және Жапония тұтынып отыр. Отыннан бөлек, ферроқорыту, глинозем, алюминий, цемент, түсті металдар мен электр қуатының өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Шұбаркөл көмірінің қызуы жақсы әрі күл аз қалатынын білетін жұрт бағасы шарықтап кетсе де, осы отынды алуға тырысады. Алайда қазір оны өңірлердегі қоймалардан табу мұң. Тұтынушылардың пікірінше, алыпсатарлар көмірдің тапшылығы мен нарықтағы шиеленісті қолдан жасап отыр. Қазақстанның әр аймағына көмір сатумен айналысатын компания өкілінің айтуынша, отынды жеткізушілер «Шұбаркөл Көмір» АҚ-мен тікелей жұмыс істей алмағандықтан да үлкен түйткіл туып отыр. «Шұбаркөл Көмірдің»  арнайы 3-4 дилері бар. Басқаларға аталған компаниямен тікелей жұмыс істеуге тыйым салынған. Олар бәрін аймақ бойынша бөліп алған. Ал біз тек дилерлерден алып, сата аламыз. Бізде таңдау жоқ, осылай жұмыс істеуге мәжбүрміз», – дейді көмір жеткізуші. Басқа аймақтардағы секілді Алматыдағы көмір қоймаларында да қыс басталмай жел қыдырып жүр. Қала маңындағы елді-мекендер мен облыс халқы қоймаларды аңдумен күн өткізуде. Көмір жеткізілсе, кезекке тұрады. Үлгергендер алып, үлгермей қалғандар келесі вагонды күтуге мәжбүр. Әуелде отынның 15 мың теңгеге шарықтағанына шағымданғандар енді қолы жеткеніне қуанышты.  Мәселен, Ангарская көшесіндегі қойманың алдына таңғы сағат 6-дан бастап кезекке тұрғандар түске дейін 400 тоннаны талап әкеткен. «Таңертең 9-да келгенбіз. 70-ші болып жазылғанмын. Әлі 55 машина бар. Көмір жете ме, жетпей ме білмеймін. Қыстап шығуыма жоқ дегенде 5 тонна керек. Алайда қазір  қолымда 4 тоннаға ғана жететін ақша бар. Одан бөлек, көмірді үйге жеткізіп беретін көліктің ақысын беруім керек.  Қазір бензин қымбат. Жүк көліктері жеткізіп бергені үшін жоқ дегенде 12-15 мың сұрайды. Бір танысыма өтініш жасап, 10 мың теңгеге келістік», – дейді  Алматы облысының тұрғыны Жүнісхан Мүтәліпов. Қоймалар көмірдің бәрін таратып жібердік, кеніштерден жеткілікті көмір жеткізуге вагондар жетіспей жатыр деп сылтауратса, «Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» АҚ өкілдері жергілікті қоймаларда қара отын жеткілікті екенін, тапшылық қолдан жасалып отыр дейді. «Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» АҚ мәліметіне сәйкес, 2017 жылғы қазан айының алғашқы он күнінде ел аймақтарына 2,9 миллион тонна көмір жеткізген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6 пайыз жоғары болып отыр. «Қаражыра ЛДТ» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС сияқты ірі жүк жөнелтушілер өздеріне тиісті жоспарды 100 пайыз орындап шықса, «Богатырь Көмір» ЖШС артылған көмірдің көлемін былтырғымен салыстырғанда 17 пайызға көп орындаған.

«Көмірдің үстінде отырып, отынға жарымаймыз»

Еліміздегі көмірдің отаны, шахтерлер облысы – Қарағандыда да отын мәселесі ушығып тұр. Жергілікті тұрғындар дәл көмірдің үстінде отырып қара отынды қымбатқа сатып алатындарына наразы. 80 жастағы Галина Осипова Шахандағы көппәтерлі үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтеріне күн сайын шелекпен көмір тасиды. Зейнеткердің сөзінше, қазір іргедегі Шахтинск қаласынан әкелінген көмірдің бір тоннасы сегіз мың теңгеден сатылуда. Ал жұрт көп сұрайтын Қарағанды көмірінің бір тоннасын шахандықтар жекеменшік көмір тасушылардан 12 мың теңгеден сатып алады. Бұл – көмірдің өз бағасы, ал оны Қарағанды қаласынан Шахан кентіне жеткізгені үшін жүк көлігіне тағы 10 мың теңге төлеу керек. – Көмір екі еседей қымбаттап кетті. Бұл деген сұмдық қой. Кентіміздің айналасы толған шахта, ал біз тоннасына 12 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Бұған қоса, көмірді жеткізіп бергені үшін бірнеше мың теңгеден тағы төлейміз. Бір күн зейнеткер сияқты өмір сүріп көрсе, қандай күй кешіп жатқанымызды түсінер еді. Зейнетақымды жырымдап, басқаны алмасам да, отын алуым керек. Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, үй жылы болмаса, берекең қайдан болады? –  дейді ашынған зейнеткер Галина Осипова. Қарағанды облысының кенттеріндегі көпқабатты пәтерлердің көбінің тұрғындары үйлерін бұрыннан көмірмен жылытады. «Буржуйка» деп аталып кеткен темір пешпен жылынатын пәтер тұрғындары көмірді сыртта, өздері салып алған шағын қораларда сақтайды. Отынды алыстан тасуды қиынсынатындар пәтердің ішіне тасып, жуынатын бөлмеге, ас үйде немесе балконға кіргізіп қояды. Алайда биыл қарағандылықтар үшін көмірге қол жеткізу мұң болып отыр. «Отынды шелектеп тасуға да, таңнан қара кешке дейін пеш жағуға да көнеміз, тек көмір жеткізіп алсақ болды» дейді жергілікті тұрғындар. – Ауылға көмір әкеп сататындардың уәде еткеніне бір ай болды, отынды әлі жеткізген жоқ. Біресе кезек көп, біресе көмір нашар дейді, әйтеуір сылтаулары көп, – дейді Көкпекті ауылында тұратын Юлия Франк. Нұралықтардың да бас ауруы осы. Айтуларынша, қыркүйекте 15 мың теңгеден сатылған көмірдің бағасы тапшылыққа байланысты 16 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. – Бір ай бұрын 15 мың теңгеден бес тонна алып, 75 мың теңге бергенмін. Қазір 16 мың теңге болып кетіпті деп естідім. Әкелсе, жұрт бірден талап әкетеді. Хабарландыру бойынша фирмаға телефон соқсақ, көмір сатылып кетті дейді. Жай көмір емес, алтын көмір болып тұр, – деп қынжылады Нұра ауданының тұрғыны Любовь Битнер. Қарағанды халқының жанайқайы Үкімет басшысының құлағына жетті. Бақытжан Сағынтаев облыс қоймаларындағы ұзын-сонар кезектің жаға ұстатарлық жағдай екенін айтып, Үкімет отырысында аймақ басшысын орнынан тұрғызды. – Көмір өндірілетін облыс, көмірдің отаны. Ал оның кезегінде көліктер бірнеше шақырымдаған жерде қаңтарылып тұр. Жылу маусымына дайынбыз дегендеріңіз осы ма? Ерлан Жақанұлы, мұның себебі неде?, – деді Премьер-министр. Облыс әкімі өңірде көмір тапшылығы жоқ екенін, кезектің көбеюі сұраныстың күрт артуына байланысты екенін айтып ақталды. «Көмір жеткілікті өндіріліп жатыр, толықтай жеткізіп те жатырмыз. Облыста көмір тапшылығы деген мәселе жоқ. Өткен жылы халық көмірді қазан айынан бастап ала бастаған. Биыл қыркүйектен басталып кетті», – деді Ерлан Қошанов. Әкімнің жауабына қанағаттанбаған Үкімет басшысы: «Ерлан Жақанұлы, сонда халық кінәлі дегіңіз келіп тұр ма? Бұрын қазанда алған, қазір қыркүйекте алып жатыр дейсіз бе? Бар мәселе осында ма?», – деп Е.Қошановты тығырыққа тіреді. Өткен аптада қоймалары кезекте тұрғандардың алаңына айналған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те әріптесінің сөзін қостады. «Бакытжан Әбдірұлы, жағдай бақылауда. Көмір жоқ емес, бар. Біздегі түйткіл –  Шұбаркөл көмірі. 10 күннің ішінде бір айдың нормасындағы көмір сатылып кетті. Сұраныс 3 есеге өсті. Ертең 5 мың тонна көмір келеді, мәселе шешіледі. Негізінде, сұраныс әдеттегіден ерте басталып кетті, біз мұны есепке алмадық, сондықтан бүкіл графикті қайта қарау керек болды, тасымал графигін де қайта түздік», – деді елорда басшысы. Премьер-министр екі әкімнің де уәжін місе тұтпады. «Өткенде не дедіңдер? Жылыту маусымына бәрі дайын деген жоқсыңдар ма? Осы ма дайындықтарың? Көмірлерің әлі жоқ. Бұл арада өз ісіне жауапсыз адамдар бар, басқа түк те емес. Бұл сөзімді ескерту деп есептеңдер!», – деді Бақытжан Сағынтаев қатқыл үнмен. Ескертуден кейін Астанадағы жағдай қалыпқа түсе бастады. Өткен аптаның соңында елордаға 5 мың тоннадан астам көмір жеткізіліп, отыннан тарыққан тұрғындардың тірлігі оңалды.  Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Рысгүл Қауғабаеваның айтуынша, 1 қыркүйек пен 11 қазан аралығында Астанаға 46 726 тонна көмір жеткізілген.  Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық болса да, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыра алмады. Қара отынмен елордалықтарды толық қамту үшін әкімдік қазан айының соңына дейін күніне 1,5 мың тонна Шұбаркөл көмірін жеткізіп отырмақ. Қазаннан кейін не болары әзірге белгісіз. Ғалымдардың «Биыл соңғы 100 жылдағы ең суық қыс болады» деген болжамы жергілікті биліктің құлағына жеткен болар. Алдын-ала қамданар. Қарашаны қыстан қысылтпай алып шықса екен.