Мұрағат құжаттары латынға ауыстырылмайды

Мұрағат құжаттары латынға ауыстырылмайды

Мұрағат құжаттары латынға ауыстырылмайды
ашық дереккөзі
Архив құжаттары латын əліпбиіне ауыстырылмайды. Орталық мемлекеттік архивтегі тарихи құжаттар латын графикасына түсірілмейді. Бұл туралы мемлекеттік мекеменің басшысы Абзал Ботанов ұжыммен өткен жиналыста айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мұндай шешім  Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу туралы ұсынысын талқылау барысында бірауыздан қабылданған. «Архивте сақталып келген құжаттар латын әліпбиіне ауыстырылмайды. Менің ойымша бұған қажеттілік туып тұрған жоқ. Кириллица қарпі бәрібір ұмытылмайды. Сонымен қатар, мұнда миллионнан астам құжат бар. Ондай үлкен қазынаны латын әліпбиіне аудару үлкен шығынды талап етеді», - деді мекеме директоры Абзал Ботанов. Алайда, оның айтуынша, болашақта архивке түсетін құжаттар латын әліпбиінде жазылады. «Бізде латын әліпбиінде сақталған құжаттар да бар. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы құжаттар көбіне латын қарпінде жазылған. Дәл осы уақытта латын әліпбиі енгізілген. Біз бұл реформаны бастан өткізгенбіз. Сондықтан, аса қиындық туғызбайды деп ойлаймын», - деді ол. Айта кету керек, мұндай дөңгелек үстел Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. 9 қазанда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдаған болатын. Онда Елбасына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.