Жаңалықтар

Қазақстанда 13 күнге жететін Аи-92 жанармайы бар

ашық дереккөзі

Қазақстанда 13 күнге жететін Аи-92 жанармайы бар

Қазақстанда 13 күнге жететін АИ-92 бензині бар. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қабылданған шаралардың арқасында елімізде кешегі күні АИ-92 бензинінің жиынтық қалдығы 127 мың тоннаны құрады. Бұл  бірнеше күн бұрынғы көлемнен 10 мың тоннаға артық немесе қалған бензин мөлшері 13 күн бойы қамтамасыз етуге жетеді. Бұл елдің барлық өңірлерін сатылымда қандай да бір іркіліссіз толықтай қамтамасыз етуге жететін қалдық деңгейі», - деді Бозымбаев. Оның атап өтуінше, қазіргі күні АИ-92 бензинін сатуда шектеу бар өңірлер жоқ деуге де болады. Дегенмен, жанармай сататын 2 желіде АИ-92 бензинін талонмен сату жүргізілуде. «Меніңше, бұл желілер де таяу бірнеше күннің ішінде еркін сатуға көшетін болады. Бұған қоса, өткен аптада министрліктің комиссиясын мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарына аудит жүргізу үшін жібердім. Павлодар мұнай өңдеу зауыты бойынша барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, зауыттың іске қосылуы 26 қазанға жоспарланған. Қазан айының соңына дейін зауыт 65 мың тонна мұнай өңдеп, тәулігіне АИ-92 бензинінің 2,5 мың тоннасын жөнелтіп отырады деп жоспарлануда. Осылайша, біз осы аптада ахуал толықтай тұрақталады деп отырмыз. Бұған қоса, апта соңында 50 мың тонна импорт бензин кіреді және келесі аптада қазақстандық бензинді барынша өндіру қолға алынады», - деді министр.