Қазақстан қырғыздың сүт өнімдерін кіргізбей қойды

Қазақстан қырғыздың сүт өнімдерін кіргізбей қойды

Қазақстан қырғыздың сүт өнімдерін кіргізбей қойды
ашық дереккөзі
Қырғызстанның сүт өңдейтін бес кәсіпорнының өнімдерін "заң бұзушылыққа байланысты" Қазақстанға кіргізуге тыйым салынған деп хабарлады дүйсенбіде Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі. Ресми ақпарат бойынша, бұл тыйым "кәсіпорындар жеткізетін өнімдерді тексеру кезінде заң бұзушылық анықталған соң", 10 қазаннан бастап "қазақстан-қырғызстан шекарасындағы ветеринарлық бақылауды күшейту" аясында енгізілген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі қырғыз кәсіпорындарының жекелеген өнімдеріне "күшейтілген зертханалық қадағалау" енгізілгенін, яғни, елге кіргізілетін өнімнің әр партиясынан сынама алынып, тексеруге жіберіліп отыратынын хабарлады. "Қырғыз тауарларына қатысты ветеринарлық бақылау күшейтілген сәттен бастап оларды өткізу мен елге кіргізу азайғаны байқалып отыр" делінген министрлік хабарламасында. Ауыл шаруашылығы министрлігі өткізу бекеттерінде фитосанитарлық қадағалау күшейтілгеннен бері 117 жүк көлігінде жалпы салмағы 821,4 тоннадан асатын карантиндік өнім тексерілгенін айтады. Бұл тексеру күшейтілгеннен бері 105 тонна өнім кері қайтарылған. Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында 10 қазаннан бері тексеру күшейтіліп, Қазақстанға өтетін адамдар мен көліктер кезегі пайда болған. Шекарадан әрең өткендерің біразы мұны Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың қазанның басында Қазақстан билігінің атына сын айтқан сынымен байланыстырады. Қырғызстан мемлекетік шекара қызметінің 16 қазандағы мәліметі бойынша, шекарадағы жағдай әлі оңалмай тұр. Алмазбек Атамбаев 15 қазанда президент сайлауында дауыс берген соң "егер шекарадағы жағдай өзгермесе" Еуразия экономикалық одағы елдері президенттерінің кезектен тыс жиынын шақыратынын ескерткен.