Бұдан былай өрт сөндірушілер оқиға орнына мотоциклмен барады
Бұдан былай өрт сөндірушілер оқиға орнына мотоциклмен барады
Алматы тұрғындары өрт сөндіру үшін көз үйренген алып машина емес, мотоциклшілердің келіп жатқанына аң-таң болып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
14 қазанда Мамыр-4 ықшамауданындағы 293-үйдің тұрғындары көп қабатты үйдің кіреберісінде будақтаған түтін салдарынан «101-ге» хабарласады. Алдымен жеткендер мотоцикл мінген ТЖ қызметкерлері болды. Келе сала қолма-қол жұмысына кірісіп те кетті.
Фейсбукте Александр Климанов есімді азаматтың айтуынша, 7 минутта келген «шағын бригада» өртті сөндіріп тастағанына жұрт алғысын да білдірген.
Алматы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова өрт хабарына алғаш аттанған мотоцикл экипажы болғанын растады. Оның айтуынша, үй алдындағы қоқыстың өртенуі кіреберісті түтінге тұншықтырған. Аспалы өрт сөндіргіш құралдарымен жабдықталған мотоциклшілер оны 18:14-те сөндіреді. Кішігірім өрт апаттарына баратын экипаж мүшелері қажет болғанда адамдарды да құтқара алады, оған қажетті барлық құрал-сайманы бар.
«Бұл пилоттық жоба, Қазақстанның басқа жерінде мұндай жоқ. Мотоциклдерді 40,4 миллион теңгеге сатып алдық», - деп жазады Сандуғаш Баймұхамбетова.
Статистикаға сенсек, мотоцикл экипажы биылғы жеті айдың ішінде 50 рет «жорыққа» шыққан. Ал 9 айда Алматы өрт сөндірушілері 2692 өртті сөндіруіне тура келген.