Солтүстік Корея Қырымды "Ресей территориясы" деп атады

Солтүстік Корея Қырымды "Ресей территориясы" деп атады

Солтүстік Корея Қырымды "Ресей территориясы" деп атады
ашық дереккөзі
Солтүстік Корея Қырымды "Ресейдің ажырағысыз бөлігі" деп біледі. Бұл туралы Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшілігі Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Елшілік Солтүстік Кореяда әлемнің жаңа саяси картасы басылып шығуына байланысты түсінік берген. Елшілік жаңа картада Қырым "Ресей түсімен бірдей алқызыл түске" боялғанын айтады. Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігі Пхеньян Қырымның Ресейге қосылуы жөніндегі референдумды легитимді деп санайтынын түсіндірді. Ресей Қырымды Украинадан 2014 жылы наурызда, түбектің ресейшіл билігі аймақ мәртебесі туралы референдум өткізген соң аннексиялап алған. Солтүстік Корея Қырым аннексиясынан соң БҰҰ-ның Украинаның территориялық тұтастығы туралы қарарын қабылдауға қарсы дауыс берген. Қарарға барлығы 11 мемлекет, оның ішінде Ресейдің өзі де қарсы дауыс берген. Халықаралық ұйымдар Қырымды аннексиялауды заңсыз деп танып, Ресейдің әрекетін айыптаған. Батыс елдері Ресейге қарсы бірқатар экономикалық санкциялар салған. Ресей түбекті оккупациялап алғанын терістейді және бұны "тарихи әділеттіліктің қалпына келтірілуі" деп атайды.