Бұлбұл  құстар  қапасқа  қамалғандай

Бұлбұл  құстар  қапасқа  қамалғандай

Бұлбұл  құстар  қапасқа  қамалғандай
ашық дереккөзі
Жалпы, музыка өнері туралы сөз қозғағанда біз шығарманың көркемдік қуаты төңірегінде ой айтамыз да, оның эмоциялық, эстетикалық, тіпті медициналық тұрғыдағы әсерін қаперге ала бермейміз. Музыканың да жағымды, жағымсызы болады. Бұл туралы Ұлы Абай «Әннің де естісі бар, есері бар» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп айтқан. Қазіргі таңда тыңдарманның санасын барынша улау, халықты музыкалық талғамсыздыққа бет бұрғызу мейлінше қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан сияқты. Оны күнделікті өмірден көріп жүрміз.Талғамға сай әнді ести алмайсың, нашар әндер есіріп алға шықты. Бұл орайда ондаған мысал келтіруге болады. Айталық, үйіңізден аттап шықсаңыз болды, қоғамдық көлік, кафе, ресторан, офис дейсіз бе, тіпті барлық компьютерлерден санаңызды тұмшалаған, әулекілікті қоздыратын қиратушы әуенді естисіз. Бұған теледидардан күнделікті берілетін қойыртпақ даңғазаны қосыңыз. Оған қоса Қазақстанға шетелдік ансамбльдер жиі ат басын бұрып, концерт өткізуге құмар-ақ. Неге десеңіз, дүниетанымы дүбәраланып, музыкалық талғамы қарабайырланған жастары көп ел – ақша жасау үшін таптырмайтын рынок. Сонау бір жылдары Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда Ресейдің 4-5 жалбыр шашты музыканттан тұратын «Иванушки-Интернешнл» деген топтың концерті кезінде орын таппай иін тірескен халықтың нөпірінен 5-6 адам жаншылып, біреуінің қайтыс болғаны бар еді. Соңғы кездері Елорданың төрінде, қала берді облыс орталықтарында өткізіліп, модаға айналған «Венский бал» кештерінде смокинг киіп, бұратыла билеп жүрген «жаңа қазақтың» көбіне ән-күй мен терме, айтыс пен шұрайлы қазақ тілінің құны көк тиын. Осындай құбылыстарға қарап кейде налисың, әрі-сәрі күйге түсесің. Есесіне, «Дәл осы жерлерге қазақ өнерінің майталмандары Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Шахмардан Әбілов, Майра Мұхамедқызы, Қайрат Байбосынов, Алмас Алматов, Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Сәуле Жанпейісова, «Құрманғазы», «Отырар сазы» сияқты қазақтың төлқұжаты іспеттес ұжымдар мен тұлғалар келіп, тіпті тегін концерт берер болса, осыншама көрермен жиналар ма еді?» – деп іштей ойға батасың. Бұл сонда нені көрсетеді? Мұны тәуелсіздікті толық сезінбеген, көпшіліктің құлдық сана салдарынан өзінікін тәрк етіп, өзге мәдениетке табынуының бір көрінісі демеске лаж жоқ. Бұл жерде басқа халықтың музыкасын жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Мәселе қандастарымыздың кейбірінде, әсіресе, жастардың көбінде өз ұлтының рухани құндылықтарына деген құрметінің жоқтығында болып отыр. Бұл ахуал бір күнде немесе бір жылда қалыптаса қалған жоқ. Бүтіндей бір халықты рухани бастауларынан айыру тенденциясы сонау патшалы Ресей дәуірінен бастау алып, кешегі Кеңес империясы кезеңінде де үздіксіз жүріп отырды. Қазақтың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ғажайып дәстүрлі өнері отарлаушы мәдениеттердің тасасында қалып, жұтылудың аз-ақ алдында тұрды. Ұлттық өнерімізге басқа халықтың көзімен баға беру бұлжымас заңға айналды. Сөйтіп мыңжылдық тарихы бар Ұлы дала мәдениеті жас ұрпақ бойына сіңірілмей, уызына жарымаған баланың күйін кешті. Нәтижесінде домбыраның күмбіріне селт етпейтін, тілдері өзге тілде шығып, жат мәдениетті игеру арқылы жетілген адам болып көрінгісі келетін, тіпті қазақ болып туғанына өкінетін тұтастай бір маргинал ұрпақ қалыптасты. Бұл – қазақ ұлтының ең басты қасіреті еді. Ал енді кейінгі ұрпақ қағынан жерінетіндей қазақтың ұлттық музыкасы, жалпы рухани әлемі соншалықты жұтаң ба еді? Бұл орайда тарихқа жүгінейік. Бағзы замандардан-ақ қазақтың рухани өресінің биік болғанын шетелдік ғалымдар, этнограф-зерттеушілер, жиһанкездер өздерінің қолжазбаларында жазып қалдырып отырды. Тіпті, бертін келе Ресейдің бодандығында болған, қазақты «сауатсыз», «бұратана» деген кезеңдердің өзінде де әлемнің ең прогресшіл адамдары қазақ музыкасына, тіліне, руханиятына деген жүрекжарды ыстық лебіздерін білдірді емес пе? Олардың қатарына Клеменц, Бартольд, Потанин, Радлов, Ромен Роллан, Анри Барбюс т.б. көптеген тұлғаларды жатқызуға болады. Осылай бағаланған ұшан-теңіз рухани әлеміміз бола тұра, кейде «біз барымызды базарлай алмай жүрген ұлтпыз-ау» деген ой келеді. Себебі «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, өзіміз қадіріне жетпеген ұлттық музыкамызға шетелдіктер көзін жұмып, аузын ашып жатса, осылай демегенде қалай деуге болады? Осы ретте нақты бірер дәйекті тілге тиек ете кетейік. Белгілі француз жазушысы әрі музыка зерттеушісі Ромен Роллан Әміре Қашаубаевты Парижде тыңдаған соң, «Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім» деп жазса, француздың тағы бір дарынды жазушысы Анри Барбюс «Мен Шығыста әншісін бұлбұл құсқа неліктен теңейтінін енді түсіндім» деп тәнті болған екен. Ал Құрманғазы жөнінде орыс журналисі Никита Савичев «Құрманғазы сирек кездесетін аса музыкалы жан. Егер ол консерваториялық білім алса, музыка әлеміндегі ең жарық жұлдыз болар еді», – деп жазды. Әсілі, Құрманғазы Сағырбаев ешқандай консерватория бітірмесе де, әлемдік музыка дүлдүлдерімен қатар тұрған тұлға деп толық айта аламыз. Соның айғағы ретінде мына жағдайларды айтсақ та жеткілікті. Құрманғазы атындағы оркестр 1948 жылы Мәскеудегі өнер ордаларының бірінде концерт қояды. Концертте бабамыздың «Серпер», «Адай», «Сарыарқа» күйлері орындалған кезде залдағылар орындарынан тік тұрып: «Браво! Браво! Автора на сцену ... Автора на сцену...» деп, дуылдата қол соғып тұрып алған көрінеді. Құрманғазының кім екенін білмейтін тыңдарманға оның ғажайып туындылары осылай керемет әсер сыйлағанын Ахмет Жұбановтың шәкірті, сол кезде оркестрде ойнаған ұстазым, профессор Құбыш Мұхитовтың өз аузынан естіген едім. Ал 1975 жылы оркестрдің Франциядағы концерті туралы белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов былай деп еске алады: «И вот на сцену вышел оркестр имени Курмангазы, кюй «Серпер». Поймут ли, примут ли французы кюй? Эти мысли заставляли меня трепетать от нетерпения и волнения. Могучая мелодия кюя захватила зал. После ее окончания раздались такие оглушительные аплодисменты, что я, наконец, пришел в себя. Зрители очень горячо принимали оркестр. После исполнения каждого номера они бурно выражали свой восторг». Төрткүл дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған даңқты оркестр ертеректе Венгрияға жолы түсіп, бір концертте Құрманғазының «Ақбай» күйін орындайды. Концерт біткен соң көпшілік «бұл кімнің шығармасы» деп таңдана сұрайды. Сонда ешқандай музыкалық білімі жоқ адамның қолынан шыққан дүние екеніне таң-тамаша қалған мадиярлар «Ақбайға» «Бетховеннің шығармаларымен терезесі тең тұрған туынды» деп баға бергенін оркестрдің дирижері Алдаберген Мырзабековтің айтқаны бар. Енді күй туралы аз-кем тоқтала кетейік. Қазақтың маңдайына біткен бірегей жазушысы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Жалпы, музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулысы, ең терең сырлысы – күй. Күйдің тіліндей бай тіл қазақтың әнінде жоқ». Қазақ тілмен айтып жеткізе алмаған ойын күймен жеткізген халық. Оның мысалы ретінде халық күйі «Ақсақ құлан», Ақбикештің күйі «Айнам қалды», Қазанғаптың күйлері «Домалатпай», «Шынаяқ тастар» т.б. айтуға болады. Күй – аспаптық музыка. Бір ғажабы, осы жауҺарларды өмірге әкелген бабаларымыз музыка теориясынан хабары болмаса да, ешқандай нота танымаса да, бұл туындыларды бейне бір оркестрге арнап шығарған сияқты. Және де күйлердің басым бөлігінің дыбыс көлемі бар-жоғы екі октавадан сәл ғана асатын домбыра аспабында шығарылуы шын мәнінде таңданыс тудыратын жағдай. Жоғарыда айтылғандай мажар елінің күйлерімізді өте жоғары деңгейде бағалап, әлем классиктерінің шығармаларымен қатар қоюының өзі көп жайды аңғартса керек. Міне, осылай жатжұрттықтардың ерекше құрметіне бөленген күй жанры бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның бүкіл адамзаттық рухани құндылықтар тізіміне енгізілуі барша қазақ халқы үшін зор мәртебе. Осы жерде мынадай бір ой келеді. Музыкада опера, симфония, кантата, оратория, сюита, увертюра, марш, оперетта, вальс, рондо сияқты әр ұлттан енген жанрлар бар. Өзінің формасы, көркемдігі жағынан осылардың ешқайсысынан кем түспейтін ұлттық күйімізді жанр ретінде неге музыкалық терминологияға ("күй" деген атаумен) енгізбеске? Мақаланың басынан бастап ұлттық музыкамызға біршама шолу жасағандағы айтпағым, осыншама ұшан-теңіз рухани әлеміміз бола тұра, қазіргі жастарымыз неге ұлттық мәдени құндылықтарымызды мақтаныш етіп, қастер тұтпайды? Неге осы сарқылмас бай қазына ұлттық тәрбиенің ұстыны болмасқа? Тәрбиенің қайнар бұлағы музыка емес пе?! Осы жерде батыр Бауыржан Момышұлының «Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала уызына жарымаған көтерем қозыдай болады» деген пайымы мен «Болашақта бала емізіп отырып, «Бесік жырын» айтатын келіндер қалмай ма?» деп замананың ауанынан тіксінгені тегін бе еді?! Қаһарман қолбасшы меңзеген жайт қазір дөп айналып келген жоқ па? Ендеше не істеу керек? Қайтсек ұлттық музыкамыз әрбір қазақтың күнделікті қажетттілігіне айналады? Бұл орайда, төлтума өнерімізді насихаттау ісі мемлекеттік деңгейде барынша жандануы тиіс. Қазір әлемнің көптеген елдерінде ана тілінің мемлекеттік тіл ретінде үстемдік құруымен қатар, көпшілік орындарда тек отандық музыканы насихаттау қатаң назарда ұсталады. Бұл ұлттың рухын көтеруге арналған пәрменді шара болып есептеледі. Ал біз үшін жоғарыда Баукең айтқан «Бесік жырының» алар орны тіпті ерекше. Бала тәрбиесі құрсақтан басталады десек, ананың көңілді жүруі, ұлттық әуенді ыңылдап айтуы, ана тілінде сөйлеуі осының бәрі іштегі балаға оң ықпал етіп, оның толыққанды өз ұлтының өкілі болып дүниеге келуіне зор септігі барын ғалымдар дәлелдеп отыр. Тіпті, қазір адамды музыкамен емдейтін арнайы емханалардың бар екені белгілі. Жалпы, баланы өнермен тәрбиелеу үрдісіне жапондар аса үлкен мән беретін халық. Оларда бала тәрбиесіне арналған кешенді жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйе бойынша жасөспірім өнердің бір түрімен міндетті түрде шұғылдануы тиіс. Ал өнермен айналыспайтын бала толыққанды адам деп есептелмейді екен. Тағы бір сүйінерлік жағдай, өнерге байланысты сабақтар жапон мектептерінде аптаның әрбір күнінде де өткізілетін көрінеді. Және олардың бәрі де ұлттық негізде жүргізіледі. Рухани тұрғыдағы кемел адамның қандай да мәселені байыпты шеше алатынына көзі жеткен күншығыс елі бала тәрбиесіне бесіктен бастап мән беретіні сондықтан болса керек. Қазіргі дүниені дүр сілкіндірген небір ғажайыптарды ойлап тауып, жаңа технологияларды өмірге ендірудің бастауында ұлттық өнермен суғарылып, ғаламдық ілім-біліммен қаруланған жапондардың тұруы ұлттық дәстүр (тіл,музыка, әдет-ғұрып, салт-сана) аясында тәрбие беру нәтижесінің нақты көрінісі. Жалпы, әлемдік практикада музыкалық тәрбиенің мұндай мысалдарын көптеп келтіруге болар еді. Қазір Қазақ елі тәуелсіз мемлекет атанды. Ендігі жерде ұлттық рухы жоғары, бабалар қалдырған рухани мұрамен молынан сусындаған жас түлектерді тәрбиелеу ең бірінші кезекте отбасынан бастау алып, балабақша, мектеп, орта, жоғары оқу орындарында заңды жалғасын табуы тиіс. Бұл орайда еліміздің ақпарат құралдарының алатын рөлі айрықша екені бесенеден белгілі. Несін жасырамыз, бүгінгі күнгі теледидар жағдайы ешқандай сын көтермейді. Экранды шетелдің өмірі бітпейтін телесериалдары жаулап алды. Бұл – бір. Екіншіден, көрерменге берер рухани нәрі жоқ «жұлдыздардың» концерттерін былай қойып, отбасы-ошаққасылық күйкі тірліктеріне дейін тергілейтін қойылымдардан көз тұнатын жағдайға жеттік. Үшіншіден, қазақтың ұлттық музыкасын насихаттау өте төменгі дәрежеде. Төртіншіден, балалардың танымдық, музыкалық қызығушылығын оятатындай хабарлар жоқтың қасы. Оның есесіне өнердегі орны беймәлім әлдекімдердің ел кезіп жүріп, ешқандай оқу-тоқусыз-ақ конвейерлік тәсілмен қарадомалақтардан «жұлдыз» жасағысы келетін жобалары көз сүріндіреді. Бұны аз десеңіз, адамды қатыгездікке, имансыздыққа итермелейтін фильмдер экраннан түспей тұр. Барлық нәрсеге салыстыру арқылы баға беріледі емес пе? Айталық, іргемізде тұрған Ташкентке 120 шақырым жол жүріп, кеденнен өтісімен-ақ, өзіңнің Өзбек мемлекетінде жүргеніңді мынадай 4 фактор анық мойындатады: 1.Өзбек тілі; 2.Өзбек музыкасы; 3.Өзбектің ұлттық киімі; 4.Архитектурасы. Әсіресе, бұл елде ұлттық музыкаға ерекше мән беріледі. Ала топылы ағайынның мәнті сатушысынан бастап, министріне дейін бірінші кезекте тек төл музыкасын тыңдайтынын ешкім жоққа шығара алмас. Бұл ретте көршілерден үйренер тұсымыз көп-ақ. Міне, болар ел осылай ұлттық ерекшеліктерімен әлемдік қауымдастықта мәртебелі орнын айқындаса керек. Кезінде Осман империясы күйреп, тоз-тозы шыққан халықтың рухын көтеру үшін Мұстафа Кемал Ататүрік: «Түрік ұланы! Сен дүниеге түрік болып туғаның үшін мақтан етуге тиіссің» – деп ұран тастаған екен. Қазір бізге де нағыз ұлттық рухты жандандыратын кез келді. Ол тек төл тарихымыз бен мәдениетімізді, ұлттық өнерімізді, тілімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттағанда ғана жүзеге асатын болады. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген ұстаным әрбір қазақ баласының бойында төлтума мұраларымызға деген мақтаныш сезімін тудыру үшін қажет. Жаһандану деген аждаһаның жұмырына жұтылып кетпеудің бірден-бір амалы – ұлттық кодқа мықтап табан тіреу. Біз патриотизм, рух және намыс туралы өте жиі айтамыз. Ал намысты жанып, рухты атойлататын дүние ол – жеті қат жер астында жатқан газ, мұнай, темір, көмір, мырышымыз емес, жер бетінде ғасырлар бойы жасалып, адамзаттық өркениетте айшықты ізі бар бабаларымыздан аманат болып қалған ұшан-теңіз руханиятымыз. Сол себепті, ата-бабадан қалған асыл мұрамызды тәрбие ісінде кеңінен қолдану келешек ұрпақтың рухани кемел болуының кепілі екенін ұмытпағанымыз абзал. Бұл ұлы миссияны жүзеге асыру үшін жас жеткіншектерге эстетикалық-музыкалық тәрбие берудегі орашолақтықтарды жоя отырып, бұл істі түбірімен қайта құру керек. Мәселе әрбір жас түлектен әлемдік деңгейдегі өнер жұлдызын шығару емес, сол өнер арқылы биік рухты, ізгілігі мол, рухани өресі биік, үлкен әріпті Адам тәрбиелеу. Бұл орайда ана тілінің зор потенциалын пайдалану орасан мәнге ие фактор екендігі даусыз. Ұлттық менталитет жас ұрпақ бойында тәрбие жұмыстары тек ана тілінде жүргенде ғана қалыптасатын болады. Ең бастысы, желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскіннің ұлттық рухын атойлатуда ана тілімен қатар ұлттық музыканың алар орны айрықша екенін баса айтқымыз келеді.  

Қалмахан Омар,

ұстаз-домбырашы,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі