Тәрбие екіжүзді қанжар тектес

Тәрбие екіжүзді қанжар тектес

Тәрбие екіжүзді қанжар тектес
ашық дереккөзі
Күллі жанды нәрсенің нәр алар тамыры бар десек, адам баласы үшін көз бен құлақ – сол тамыр. Сананы тәрбиелейтін нәрсе ақпарат болса, ол көзге көрініп, құлаққа естіледі. Сол арқылы миға сіңіп, ойда қорытылады. Ал өз бетінше сараланып, қорытылған нәрсе дағдыға айналады. Дағды – әдет. Әдет мінезді қалыптастырады. Ал қалыптасқан мінездің өзгере қоюы қиын. «Сүтпен біткен мінез – сүйекпен кетеді» деген қазақ мақалы осыны түсіндіреді. Ал біз осыған құлақ асып жүрміз бе? Бүгінде ұрпақ тәрбиесі деген сөз ұғым ретінде мәнін жоя қоймағанымен, оны көпшілігіміз бірте-бірте жайына қалдырып бара жатқан сияқтымыз. Қалай? Ең алдымен мектеп жасындағы балаңызға смартфон әпердіңіз бе, соның өзі тәрбиедегі бірінші шегініс. Неге? Себебі сіз смартфон ұстаған баланы толық бақылай алмайсыз. Ол сіздің көзіңізден таса жерде смартфоннан ойын ойнай ма, бейнесюжет көре ме, әлеуметтік желіге кіріп, достарымен хат жазыса ма, білмейсіз. Яғни, қолына құрал ұстатқасын балаңызды шектей алмайсыз. Әрине, шектеу деген қиындықтан құтылудың жалғыз жолы емес, бірақ кез келген нәрсені керегінше пайдалану артық болмайды. Жалпы шектеуді айтамыз, бүгінгі жас ата-аналардың көпшілігі баласын туғаннан телефонмен туыс қылып қояды. Жыласа музыка қойып береді, мультфильм қойып береді, ойын ойнатады т.с.с. Демек, жас басынан ақпараттар тасқынынан зардап шеккен баланың санасы қажетсіз ақпараттарға толып қалады да, мидың жұмысы баяулайды. Бала өз бетінше ақпараттарды саралап, керекті-керексізін айыруға қабілетсіздеу болады. Жасыратын түгі жоқ, ғаламтор бүгінде ғаламдық түйткілдердің біріне айналып отыр. Адам үшін сананы залалды ақпараттан сақтау жыл сайын қиындап барады. Күллі әлемді алақандай аспаптың ішіне жиып берген ғаламтор екіжүзді қанжар секілді. Оны пайдалана отырып, сансыз мәліметтердің ішінен өзіңе керектісін ғана емес, керексізін де молынан табасың. Керектісін ғылым-біліммен сусындауды қажет ететіндер пайдаланса, керексізі – кез келгеннің алдынан шығып, көзін арбайды. Ең өкініштісі, ол мәліметтер әлі ақылы толысып, көзқарасы қалыптаспаған жастардың назарын аударып, санасын улай бастайды. Жас баланы дұрыс білім алып, дүние сырына үңіліп, санасын гуманистік қалыпта, рухани адамдық идеялар негізінде қалыптастыратын кезінде уақытын ұрлап, пайдасыз құбылыстарға еліктіреді. Ал алакөңіл бала ештеңені тындырып жарытпайды. Өзінің қызығушылығын жеңіл жолмен қанағаттандырған бала кісінің жетегіне ергіш қалыпқа түсіп, жеке тұлға ретінде тура жолдан адасады. Өзін қоғамға қажет тұлға ретінде қалыптастыра алмаған адам өзінің қайсыбір ұлттың өкілі не белгілі бір мемлекеттің азаматы, бір отбасының лайықты мүшесі ретінде сезіне алмағасын өмірден түңілуге дейін барып, түрлі жағдайларға ұшырап жатады. Демек, баланы азғын ақпараттардан сақтау – оның рухани жағынан толыққанды азамат болып жетілуіне жасалған көмек деген сөз. Бүгінде балалардың түрлі әлеуметтік желіге еркін кіріп, жасына сай емес (+16, +18, +21 дәрежесіндегі) түрлі ақпараттарға қол жеткізуі – көптеген жастардың болашағына балта шауып жүр. Мысалы, өткен жылы қырық мыңға жуық қазақстандық мектеп оқушылары түрлі әлеуметтік желідегі порносайттарға тіркелгендігі жайында мәлімет шықты. Ол, әрине, ізсіз кетіп жатқан жоқ. Кәмелет жасына толмаған көптеген жас қыздардың аяғы ауырлап қалып жатқаны соның нақты дәлелі. Сол секілді, өткен жылы ресейлік «Вконтакте» желісінде пайда болған «Синий кит» атты топ өзіне тіркелген балаларды бопсалап, бірнеше елде жас балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені белгілі болған еді. Үлкендерге қарағанда жас балалардың психологиялық тұрғыдағы айырмашылығы – оларда қайсыбір нәрсе туралы дұрыс түсінік болмағаны себепті көргендеріне еліктейді, естігендерін жасап көруге бейім тұрады. Ал оның арты түрлі қиын жағдайларға соқтыруы мүмкін. Демек, бүгінгі өркениетті өмірімізде балаларды керексіз, жасына сай емес азғын ақпараттардан сақтандыру есімізден шықпауға тиіс істің бастысы. Тәрбие беру ісі сан-салалы. Жоғарыдағы айтылып өткен сақтандыру, шектеу шаралары тәрбие беру мен дағды қалыптастыру ісіндегі есте сақтауға тиіс істің бірі болса, тағы бірі өнеге деп аталатын ұғым. Тәрбие балаға жақсы нәрселерді үйретумен, ақыл айтумен, қателігін түсіндірумен берілетін болса, өнеге – көрсетумен берілетін тәрбие. Егер тәрбие беруші тәрбиеленушіге жақсы болу керектігі жөнінде ақыл айтып, жақсы нәрселерді насихаттап, бірақ соны өзі жасамаса – оның әсері болмайды деген сөз. Балаға құлағына құйылған ақылдан гөрі көзімен көрген нәрсе әсерлі. Бұл жайында қазақ халқы «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деп мақалдайды. Демек, бала тәрбиесінде өнеге – басты ұстаным болуы тиіс. Өнеге – баланың болашақта кәсіп таңдауына, өмір жолын айқындауына да сабақ болады. Көптеген баланың әкесінің кәсібін жалғастырушы болуы не әкесінің өнерін бойына сіңіріп алатыны сол отбасында көрген-білгенінің әсерінен. «Әке көрген – оқ жонар» деген қазақ бірдеңені біліп айтқан. Әрине, көзбен көріп бойға сіңетін өнегенің бәрі дұрыс деуге келмейді. Кейде балаға дұрыс тәрбие береміз деп, қоғам дәстүріне оғаш, мемлекеттің заңына қайшы әрекеттерге баратын ата-аналар да жоқ емес. Соның бірі – кейінгі кезде мектеп жасындағы баласын өз қалауымызша тәрбиелейміз деген ата-аналардың ұстанымдарын балаларына да таңып, әлі ненің не екенін білмейтін бүлдіршіндерді тұмшалап қоюы болып отыр. Жыл сайын қыркүйекте, жаңа оқу жылы басталғанда мектеп басшылары мен ата-аналар арасында оқушылардың киіміне орай дау туып, келіспеушіліктер болып жатады. Кейбір ата-аналар балаларына діни сенімге байланысты киімдер кигізіп қойғысы келеді, ал мектеп басшылығы мектеп формасын талап етеді. Әрине, ата-ана бала тәрбиесіне жауап беретін негізгі тұлға, бірақ олар өз балалары оқитын мекеменің талабына мойынсұнуы тиіс. Өйткені мемлекет мектептерге арнаулы киім үлгісін бекітіп қойған. Бұл орынды іс. Сондықтан еліміздің орта білім беретін мектептері киіну мәселесінде ешбір оқушының  ұлтына, діни сеніміне қарай киінуіне жол бермейді. Егер бұзақылық заңды мойындамай, қылмыстың жазасы барын ескермейтіндерден шығады десек, мектептің талабын тыңдағысы келмейтін ата-аналардың әрекеті – балаларының болашақта қоғамдық тәртіпке бағынбай, заңды бұзуға бейім болатынын ұқпайды деген сөз. Бұл өнегенің өресіз, өріссіз түрі. Жалпы, тәртібі нашар, мінезі бұзақылыққа бейім балалардың психологиясын зерттеген психологтардың айтуынша, олардың болмысының солай қалыптасуына отбасылық жанжалдар мен әке-шешенің теріс өнегесінің әсері тиген деп есептейді. Демек, балаларының дұрыс адам болып қалыптасуына қам жейтін ата-аналар алдымен өзін жөндеп, баласына дұрыс өнеге көрсетуі керек екенін жадынан шығармауы тиіс. Жас ұрпақтың тән саулығы да басты назарда ұстайтын мәселелердің бірі. Өйткені ұрпағы сау ұлт қана қалыпты дами алады. «Тәні саудың – жаны сау». Физикалық жақтан дұрыс дамыған баланың ақыл-есі де дұрыс дамитыны, оған мінез бен дағды қалыптастырудың да жеңіл болатыны талайдан айтылып келе жатқан әңгіме. Тәрбие мәселесінде «Баланы қай кезден бастап тәрбиелеген жөн?» деген сауалдың өзі сауатсыздық дейді бұл саланың мамандары. Мынадай бір әңгіме бар: Ерлі-зайыпты кісілер данышпанға сәлем бере барыпты. Сонда олар «Баланы қай кезден бастап тәрбиелеуге кеңес бересіз?» – сұраса, данышпан оларға: «Балаларыңыз неше жаста?» – деп қарсы сұрақ қойыпты. Ерлі-зайыптылар баланың әлі құрсақта екенін, оған енді ғана алты ай толғанын айтса, данышпан: «Баланың тәрбиесінен алты айға кешіктіріпсіздер» деген екен. Демек, бала тәрбиесінде уақыттан ұтылмау керек. Алайда баланың дұрыс өсіп-жетілуіне кейбір медицина саласының қызметкерлері тарапынан кетіп жатқан кемшіліктер мен ата-аналардың балаларының дұрыс тамақтануына, дұрыс киінуіне көңіл бөлмеуінен болатын қателіктер де теріс әсерін тигізетіні жасырын емес. Аз айтып, көп айтқанда, сөздің тоқ­етері – бүгінде баланың ой-санасына зиянын тигізетін нәрсе көп-ақ. Солардың әрбірінен ұрпақты сақтандырып отырмасақ, соңынан орны толмас өкінішке ұрынарымыз хақ. Сондықтан аты әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов айтпақшы, «Жаһандану дәуірінде әр адам өз отбасын агрессиядан қорғауы керек».