Адам – еркін, сөз – бостан

Адам – еркін, сөз – бостан

Адам – еркін, сөз – бостан
ашық дереккөзі
Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың ағынан жарылып, қазақ елі мен оның басшысына деген жүрекжарды алғысын білдіргені көпшіліктің есінде.  Сөзбе-сөз келтірсек, «қырғыздың «Қолда бар алтынның парқы жоқ» деген жақсы сөзі бар. «Қазақ пен қырғыз бір туған» дейді. Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың қадірін білсін. Мен көптеген елдің президенттерімен кездесіп жүрмін. Сонда таңқалғаным, әлем Назарбаевты бағалағандай ешбір елдің басшысын бағаламайды. Кіммен кездессем  де, Путин болсын, Меркель болсын, басқа да елдің басшылары Назарбаевқа тең келмейді. Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлға дүниеде жоқ емес, алайда аз. Ол қиын, қатал кезеңде Кеңестер Одағы құлағанда Қазақстанды сақтап қалды. Қазақстан экономикалық көрсеткіші бойынша әлемдегі 50 мемлекеттің қатарына кіреді. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бізде болған оқиғаларды ешкімге бермесін. Бізді де құдай сақтап қалды...», – дегенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанға сапары қарсаңында қазақстандық ресми БАҚ журналистеріне берген сұхбатында әуелі қырғыз бен қазақтың «түп-тамырын қараса, бір ел болғанын», «тілі, діні ортақ халықтар екенін» айтты. «Біздің тіліміз ғана емес, түріміз де ұқсайды. Қиын кезеңдерде бір-бірімізге көмектесіп келдік. Кейде бір билеушілердің өз мүддесін ойлап, қос халықты бір-біріне қарсы қойғысы келген кездері де болды... Кейін келе ғана бөліндік. Әйтпесе, орыс, поляк, француз карталарында «қырғыз-қайсақ», яғни «қырғыз-қазақ территориясы» деп көрсетілген» деген-ді Атамбаев. Қырғызстан басшысы Қазақстан тауар айналымы көлемі бойынша Қытай мен Ресейден кейінгі 3-орында тұрғанын, қазақстандық инвесторлар Қырғызстанға 1 миллиард долларға жуық қаржы салғанын да айтты. «Шынын айтайын, биыл бізде энергетикалық проблемалар болып жатыр. Газ жетпей, электр энергиясының тұтыну өлшемдері өсіп кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағынан Қырғызстанға жәрдем береді», – дей келе, Қазақстан президенті Назарбаевты «ұлы адам» деп мақтап өткені де санада жаңғырып тұр. Алайда  қырғыз президенті биылғы қыстан бастап күрт өзгерді. Сол кезде Астана мен Бішкек арасында дипломатиялық дау өрши түсіп, еліміздің Сыртқы Істер министрлігі елордадағы қырғыз дипломатын дереу  шақыртып, қолына наразылық нотасын ұстатты. Қырғыз президентінің әлемге әйгілі телеарналардың біріне берген сұхбаты екі елдің арасына сызат түсірді. Әншейінде қазақты жиі мақтайтын Алмазбек Атамбаев Еуропаға барған сапарында аяқасты құбылып, 2010 жылғы төңкеріс кезінде Қазақстанның шекарасын 40 күнге жабуы біраз кісінің өліміне әкелді деп дүниежүзінің алдында құдайы көршісін қаралаған еді. Атамбаевтың бұл тосын мәлімдемесін ресми Астана да түсіне алмады. Оның үстіне Қазақстан қауіпсіздік үшін шекарасын жапқанымен, бауырлас елге төңкеріс кезінде көп көмек көрсеткен еді. Қырғыз Республикасында 2010 жылы болған төңкерістің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан тарапы ағайын ел ретінде және ЕҚЫҰ қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жан-жақты көмек көрсетті. Гуманитарлық, қаржылық қолдаудан бөлек, жүк пен жолаушылар тасымалына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Тіпті, Астана қиын жағдайда қалған бауырларымызға гуманитарлық көмек ретінде 10 миллиард теңге бөлген. Одан кейін де Бішкекке тонналаған жанармай мен астық жіберіп, 400 миллион киловатт тегін электр қуатын жөнелтті. Десе де, Қырғызстан президенті  неліктен кезекті сыңаржақ мәлімдеме жасады? Көрші елдің биліктен кеткелі отырған басшысы Қазақстан билігін алдағы болатын сайлауға ықпал етуіне қатысты айыптап, ескерту жасады. «Мен қазақстандық биліктің өз үміткерін неліктен таңып отырғанын түсінемін. Олар Бакиевті жақсы көреді. Бакиевтар әлі күнге дейін Қазақстанда мерекелер өткізеді. Қазақстанның ішкі өнімі Қырғызстан экономикасынан 20 есе көп. Орта есеппен Қазақстанның әр азаматына 10 есеге көп келеді. Бірақ неге бұл елде зейнетақы бізбен салыстырғанда 1,5 есеге аз? Тарифтер не себепті 5 есеге қымбат?», – деді Атамбаев. ҚР Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанның қырғыз елінің ішкі істеріне араласуы туралы айтқан пікіріне қатысты келіспеушілік білдірді. «Біз Қырғызстан президенттігіне сайлауалды кезеңіндегі бұл тәрізді арандатушылық мәлімдемелер екі елдің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен бауырластық қатынасқа өз кесірін тигізбейтініне сенімділік білдіреміз», –  делінген СІМ хабарламасында. Сол сияқты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев та Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады. «Биылғы 7 қазанда Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген  аспектілеріне қатысты бірқатар орынсыз, әрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін бірқатар мәлімдеме жасады. Қырғыз Республикасымен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың бұлжымас бағытын растай отырып, Қырғызстан президентінің сайлауалды мақсатта жасаған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымы біздің елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Осыған байланысты, қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуы туралы дереу хабардар етуді жөн деп шештім. Тәуелсіздік жылдары біздің экономикамыз 20 есе өсті. 2012 жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 ең озық экономикасының қатарына кірді. Елімізде қуатты ұлттық бизнес жасалды. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде Қазақстан әлем елдері арасында 35-орын алады. Бүгінде 1,3 млн кәсіпкерлік құрылымдары ұлттық байлықтың төрттен бірін өндіреді. Тек соңғы он жылда Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында автокөліктер, локомотивтер, вагондар, тікұшақтар және басқа да көптеген өнімдер шығаратын мыңнан астам жаңа өндірістер салынды. Біздің елімізде бұған дейін ешқашан өндірілмеген өнімдердің 500 жаңа түрін шығару игерілді. Біз ұзындығы 2800 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық магистралінің қазақстандық аумағының құрылысын толығымен аяқтадық. 2,5 мың шақырымнан астам жаңа теміржол салынды. ...Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі аясында Қазақстан Президенті 100 млн АҚШ доллары көлемінде техникалық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде Техникалық көмек көрсету туралы келісімді Қазақстан Парламенті ратификациялады. Қырғызстанға гуманитарлық көмек желісі бойынша 20 млн-нан аса АҚШ доллары бөлінді. Бішкек пен Ош қалаларында жалпы білім беретін 2 мектеп салынды. Қырғызстан экономикасына қазақстандық инвестициялар көлемі 820 млн АҚШ долларын құрады.  Жоғарыда аталғанның барлығы елдеріміздің екіжақты ынтымақтастығының қыр-аспектілерінің толық тізімін қамти алмайды. ...Сөз соңында Қырғызстан президенті А.Атамбаевтың өз пайдасы мақсатындағы әредік қарсы шығу пиғылдарына қарамастан, Қазақстан Үкіметінің қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі белсенді тереңдетіп, кеңейте түсуге ниетті екенін атап өтемін» делінген мәлімдемеде. Ал Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі Асқар Нұршаның пікірінше, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан мен оның басшылығына қатысты айтқан мәлімдемесі эмоциялық негізде жасалған. «Бұл ел президентінің деңгейі емес. Президенттік институттың халықаралық қатынастар саласындағы басты функциясы негізінен ынтымақтастық, серіктестікті нығайту, екі ел арасындағы достыққа дәнекер болу секілді жайттардан тұрады. Әсіресе, өз қызметінен кеткенде басшы өзінен кейінгі ел басқаратын тұлғалар үшін жақсы жағдай жасап кетуі керек, екі көршілес мемлекеттің достық бағытынан ажырамауына септесу керек», – дейді сарапшы. Атамбаевтың президенттік мерзімі ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында аяқталады. Конституцияға сәйкес, Атамбаев қайта сайлауға түсе алмайды. Демократиялық қоғамды адам-еркін, сөз-бостан болып қалыптасатыны ежелден мәлім. Бірақ бауырлас, көршілес елдің басшысы Алмазбек Атамбаевтың кейбір ресми мәлімдемелері қазақстандықтардың түсінбестігін тудырып жүргенін жасыруға бола қоймас.