Еңбек кодексі: Келісім комиссиялары дамып келеді

Еңбек кодексі: Келісім комиссиялары дамып келеді

Еңбек кодексі:  Келісім комиссиялары дамып келеді
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 83-қадамын іске асыру аясында Қазақстан Республикасындағы Еңбек кодексінің жаңа моделін енгізу барысы талқыланды. Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Ұлт жоспарының 83-қадамына орай әзірленген жаңа Еңбек кодексі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенін еске салды. Оның байламынша, содан бері еңбек саласындағы көптеген базалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. 2017 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық рейтингінде «еңбек нарығының тиімділігі» көрсеткіші бойынша 140 мемлекет ішінде 35-орынға шықты. – Біз негізгі мәселенің бірі – дағдарысқа қарсы шаралардан еңбек нарығын реттеудің ұзақ мерзімді, жүйелі іс-қимылына көшу жөнінде, төртінші өнеркәсіптік революция, жедел жүзеге асып жатқан цифрландыру және роботтандыру процестері туралы және еңбек ресурстарының босауы жөнінде ойлануымыз керек. Кодекспен реттелетін еңбек қатынастарына ел тұрғындарының 70 пайызы немесе 9 миллиондай адам тартылған. Бүгінде экономикалық жағынан белсенді халықтың саны да осыншаны құрайды. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде жасалған ұжымдық шарттар саны 9 пайызға өсті. Еңбек дауларын шешудің сотқа дейінгі институттары және келісім комиссиялары дамуда. Бірақ бірқатар талқылайтын мәселелер де баршылық, – деді Г.Исимбаева. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өз баяндамасында жаңа Еңбек кодексі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың әлеуметтік-еңбек қатынастарының жаңа үлгісін қалыптастыру мен халықтың жұмыспен нәтижелі қамтылуын кеңейту жөніндегі алға қойған міндеттеріне сай қолға алынып жатқандығын атап өтті. Министр Т.Дүйсенова тарапынан бүгінде қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жасалған ұжымдық шарттардың саны 9 пайызға өсіп, еңбек дауларын шешудің сотқа дейінгі институттарының қызметі (татуластыру және келісім комиссиялары, медиация) дамып жатқандығы айтылды. «Еңбек тәуекелі карталарындағы ақпаратты ескере отырып, биылғы жылы еңбек инспекторлары Еңбек кодексінің жаңа нормаларына сәйкес, зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайындағы 149 кәсіп­орында болды. Осы орайда айыппұл санкцияларынсыз еңбек қауіпсіздігі стандарттарын орындау тұрғысында жұмыс берушілерге 300-ге тарта ұсыныс берді. Оның ішінде бүгінде 240-қа жуығы орындалды. Үшжақты комиссияның отырыстарында еңбекақы бойынша қарыздары бар 294 кәсіпорын қаралды. Осы жылдың 8 айында 17 жұмысшының алдындағы 2,2 миллиард теңге еңбекақы қарызы өтелді. Сонымен қатар жұмысшыларды босатуды жоспарлаған 396 кәсіпорынның 5 мың қызметкерін жұмыстан шығару қадамына жол берілген жоқ. 100-ден астам жұмысшысы бар 250 кәсіпорын еңбек және әлеуметтік заңнаманы жиі бұзатын тәуекел тобына жатқызылды», – деді министр. Т.Дүйсенованың сөзіне қарағанда, биыл мемлекеттік инспекторлар 539 жоспарлы тексеру жүргізген. Яғни, тексерулер саны 2014 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам деңгейге азайған болса, ал тексерулер тәуекел тобына енген кәсіпорындарда ғана іске асырылыпты. Сондай-ақ, азаматтардың шағымы бойынша 5 136 жоспардан тыс тексеру жасалған. «Оның басым бөлігі жұмысқа алу мен босату мәселелерін қамтыса, 4 мың кәсіпорында 6 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша 326 миллион теңге көлеміндегі айыппұл санкциялары салынып, 761 іс құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұл тұрғыда 161 лауазым иелері қызметінен босатылды», – деді Т.Дүйсенова. Талқылау барысында депутаттар тарапынан жастар мен жас мамандар мәселесіне қатысты пікірлер де айтылды. Айталық, Еңбек кодексінің бірнеше баптарына жаңаша өзгерістер енгізілгендігін атап өткен депутат Жанат Омарбекова еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыру мен еңбек заңнамасын ырықтандыру бағытында оңтайлы шешімдер қабылданғанына тоқталды. «Жаңа Еңбек кодексі бойынша жұмыс барысында, көптеген жұмыс берушілер мен қызметкерлер басшыларға арналған 3 айлық сынақ мерзімінің жеткіліксіздігі туралы наразылық білдірді. Өйткені оларға басқарушылық дағдыларын көрсетіп, дәлелдеуге және жұмыстың бәрін қабылдап, іс-қимыл жоспарына ену үшін бұл уақыт жеткіліксіз. Кейбір жағдайларда, тәжірибе бойынша жетекші қызметкерлер үшін өтпелі кезең 12 айға дейін болуы мүмкін. Жаңа Еңбек кодексі жартылай шешім ұсынады. 2016 жылдан бастап жұмыс берушi басшылар мен олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, филиал басшылары мен өкілдері үшін сынақ мерзімін 6 айға дейін белгілеуге құқық беріледі», – деді ол. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы жастардың нақты жасы мен олардың практикалық тұрғыда жиі кездесетін қиындықтары тұрғысында депутат Бақтияр Мәкен мәлімдеме жасады. «Мысалы, Статистика комитеті 15 пен 28 жас аралығын жастарға жатқызса, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда бұл 14-29 жас аралығы деп көрсетілген. Жастардың жасын осы заңға сәйкес атауды дұрыс деп санаймын. Сол сияқты елімізде оқудың соңғы жылындағы ЖОО студенттері үшін практикалық іс-тәжірибеден өту көп жағдайда, тек ресми сипатта ғана жүргізіледі. Бұл бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» шеңберінде «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, айтылған жобаларға бақылау жасайтын бірыңғай мемлекеттік орган қажеттігі туындауда», – деді Б.Мәкен. Бұл тақырыпты өрбіткен депутат Б.­­Смағұл халықтан түсетін арыз-шағымдарға сүйене отырып, министр Т.Дүйсеноваға сұрақ қойды. Халық қалаулысының айтуынша, бұрынғы кодекспен салыстырғанда, енді жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу тәртібі айтарлықтай өзгерді. Қазіргі кезде дауласушы тараптарға сотқа жүгінгенге дейін алдын ала ерікті түрде бітімге келу талабы қойылады. «Тиісінше, әрбір дау туған кәсіпорында келісім комиссиясы құрылуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, егер осындай комиссияда алдын ала қаралмаса, еңбек дауы жылдам сотқа дейін жете алмайды. Статистикалық деректерге сенсек, соттарға жүгіну саны азаюда. Атап айтқанда, егер 2015 жылға дейін соттарға шағым түсірулер санының өскені байқалса, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш бірден 200 шағымға кеміп кеткен. Әзірге келісім комиссияларының қызметінің тиімділігі туралы қорытынды жасау қиын, себебі бізге салалар мен өңірлер бөлінісінде олардың саны бойынша мәліметтер ұсынылған жоқ», – деді Бақытбек Смағұл. Осыған байланысты ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен осы келісім комиссияларының нақты саны мен олардың жергілікті жерлердегі қызметінің тиімділігі туралы деректер сұратты. Бірақ ондай деректер жауапты ведомствода жоқ болып шықты. – Жұмыс беруші келісім комиссиялары туралы ақпаратты уәкілетті органға беруі міндеттелмеген. Оның өз себептері бар. Өйткені елде 200 мыңнан астам әртүрлі мекемелер, ұйымдар, компаниялар жұмыс жасайды. Бірақ біз азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан қарауымыз керек. Егер де азамат жұмыс берушінің шешіміне келіспейтін болса, онда жұмыс берушіге шағым түсіреді: онда «Мен сіздің мына шешіміңізге келіспеймін!» дейді. Шағымхат түскеннен кейінгі 15 күн ішінде жұмыс беруші оған жауап беруі керек. Келісім комиссиясы құрылмаған болса, осы күндер үдерінде құрылуы қажет, – деді министр Т.Дүйсенова. Оның айтуынша, егер 15 күн ішінде азамат өз шағымхатына ешқандай жауап ала алмаса, ол «келісім комиссиясының шешімін күтпей, бірден сотқа жүгінуге құқылы».