Қырғызстанмен шекарада тексерудің күшейтілгені хабарланды
Қырғызстанмен шекарада тексерудің күшейтілгені хабарланды
Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы "Қордай" өткізу бекетінде шекарадан өтетіндерді тексеру күшейтілгені хабарланды. Куәгерлер әлеуметтік желілерде тексерістің күшеюінен бекетте кезек пайда болғанын жазып жатыр. Журналист Марат Толомушулуның Азаттықтың Қырғыз редакциясына хабарлауынша, шекарада жүздеген көлік кезекте тұр.
- Қазақстан жағы шекарадан өтуді қиындатып жіберді. Тексеріс күшейді. Көліктердің өте алмай тұрғанына міне, үш сағат болды. Мұнда тұрған адамдар үш сағаттан бері күтіп тұрғанын айтады. Шекарашылар түсіндіріп жатқан жоқ. Тек шекарадан өту тәртібі аздап қиындағанын айтып жатыр, - деді Марат Толомушулу.
Шекараның Қырғызстан жағындағы "Ақжол", Қазақстан жағындағы "Қордай" бекеті Бішкектен 25 километр қашықтықта орналасқан және ол екі ел арасындағы негізгі өткізу бекеті саналады.
Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз хатшысы Салкын Абдыкариева Қазақстан жағында шекарадан өту қиындағанын растағанымен, әзірге оның себептері белгісіз екенін айтты.
- Мен сағат 18:30-да (10 қазан күні) байланысқа шықтым. Біздің шекарашылар өзіміз жақтан кезек мүлдем жоғын хабарлады. Қазақстаннан бері өтіп жатқандарды қазақстандықтардың ұзақ тексеріп жатқанын, тіпті көліктеріне дейін қарап жатқанын айтты. Қазақ жағының біздің азаматтарымызға айтуына қарағанда, оларда тексеріс күшейтілген. Бірақ Қазақстан жағы бізді тәртіп күшейтілгені жөнінде ресми түрде ескерткен жоқ. Олардың бұлай істеуге құқығы бар. Олар бізге ескертіп, я ескертпей тәртіпті күшейтуге хақы бар. Егер олар бізді ресми түрде ескертпесе, біз басқа ел шекарашыларының іс-қимылына түсінік бере алмаймын. Қырғыздар жағынан шектеу де, кедергі де жоқ, - деді Абдыкариева.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің "Қордайдағы" жағдайға қатысты сауалына сауал жолдауды сұрады.
"Қордай" тексеру-өткізу бекетінен күн сайын 25 мың адам және екі мыңға жуық көлік өтеді. Қазақстандық туристер Ыстықкөл жағалауына демалуға баратын жаз мезгілінде шекарадан өтетіндер саны ондаған мыңнан асып кетеді.