Астанада жосықсыз такси жүргізушілері жауапқа тартылады
Астанада жосықсыз такси жүргізушілері жауапқа тартылады
Астанада жосықсыз такси жүргізушілері жауапқа тартылады. Көлік қызметкерлері ассоциациясының төрағасы Медет Құрманов жолаушылардың жеке тасымалымен айналысатын жүргізушілерді Bus Lane жолақтарына шыққандығы үшін жауапқа тартылатынын ескертті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.
"Біз қазір ресми тіркелмеген такси жүргізушілерінің Bus Lane арнайы жол жолақтарына жиі шығып кететінін байқап отырмыз. Олар жазасыз қаламыз деп есептейтін болар, бірақ қыркүйек айында фото және бейне тіркейтін "Сергек" жүйесі іске қосылғандығын еске салғым келеді. Бұл жүйенің көмегімен ЖЖЕ бұзудың фактілері, оның ішінде жеке тасымалмен айналысатын такси жүргізушілерінің Bus Lane жолақтарына шығуы да тіркеліп отырады", - деп хабарлады Медет Құрманов. Елорданың көлік қызметкерлері ассоциациясының төрағасының сөзінше, қазіргі таңда қоғамдық көліктерден басқа Bus Lane жолағымен Астананың жолаушылар көлігі басқармасында ресми түрде тіркелген тасымалдаушылардың көліктері жүреді. Ал, Bus Lane жолағына шығып жеке тасымалдаумен айналысқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұнымен қоса, ресми түрде тіркелген тасымалдаушылардың санын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуда. Енді Astana taxi брендімен тек такси қызметін көрсетуші компаниялар ғана емес, жеке такси жүргізушілері де жұмыс істей алады. "Қазіргі таңда бірыңғай такси қызметі жүйесіне тіркелу қиын емес. Ол үшін Таксомоторлы компаниялар қауымдастығына хабарласу қажет. Компанияның көлікке қоятын талаптары бар. Көлігіңіздің ескілігі 7 жылдан аспауы керек. Оның түсі ақ болғаны жөн. Жүргізушігеде талаптар қойылады.Олар тәрбиелі, жауапты, адамгершілігі мол азамат болғаны абзал", - деді Медет Құрманов. Қызметке ресми түрде тілкелген жүргізушілер Astana taxi call-орталықтары арқылы тапсырыстарды қабылдау, Bus Lane жолағымен жүру мүмкіндіктерінен басқа ресми такси қызметтері елорда әуежайының, екі теміржол вокзалының аумағындағы мамандандырылған автотұрақтарға, астаналық таксиге арналған инфрақұрылымдардың шеңберінде құрылып жатқан басқа да қалалық тұрақтарды пайдалану құқығына ие болады. Жеке тасымалмен айналысып жүрген жүргізушілер Astana taxi қызметіне тіркелгеннен кейін, бюджетте салық түсімдері өскені байқалған, сондай-ақ қызмет бағасына бірыңғай тариф енгізіп, орталықтандырылған call-орталығы құрылып, қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек, - дейді Медет Құрманов.