"Балуан Шолақ" фильмінің түсірілімі аяқталды

"Балуан Шолақ" фильмінің түсірілімі аяқталды

"Балуан Шолақ" фильмінің түсірілімі аяқталды
ашық дереккөзі
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Балуан Шолақ» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары аяқталды. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі хабарлады.  Қазіргі уақытта режиссер Нұргелді Садығұловтың көркем фильмдегі алғашқы туындысының монтаждау кезеңі жүріп жатыр. Аталған тарихи шығарма әнші және композитор, аты аңызға айналған Балуан Шолақ өмірінен сыр шертеді. «Қазір монтажды бітіргелі отырмыз. Монтаж -  фильмнің үшінші және соңғы кезеңі. Монтажға көп уақытым кетті, себебі түсірілген материал ауқымды әрі қызықты. Монтаждың соңғы нұсқасын ''Қазақфильмнің'' Эксперттік кеңесіне көрсетеміз. Содан кейін ғана дыбыстау жұмыстары, графика және түстеу жасаймыз», - деді Нұргелді Садығұлов. Сондай-ақ, режиссер Бурабайда өткен түсірілімдер туралы да сөз етті. «Көкшетаудағы түсірілімдер өте сәтті өтті деп ойлаймын, себебі мен үшін табиғат таптырмас актер. Түсірілім кезінде жаңбыр жауып, боран болды. Соған қарамастан түсірілім тобы да, актерлер де бір адамдай жұмыс істеді. Соның арқасында алдымызға қойған мақсатымызға қол жеткіздік. Монтаждап болған соң, эпилог керек деген шешім қабылдадым. Фильмнің эпилогын түсірсек фильм  әсерлі әрі тақырып кеңінен ашылады деп сенем», - деді ол. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, фильмнің түсірілімдері Алматы облысы, Павлодар қаласы және Бурабайда өткен. Алматы облысы Кеген және Жалаңаш ауылдарында фильмнің негізгі бөлігі түсірілген. Көпшілік сахналарға үш жүзге жуық адам қатысқан. «Ең бастысы мен үшін Балуан Шолақтың бейнесін үлкен экранға әкелу және сол дәуірді көрсету. Қаншалықты сәтті немесе сәтсіз шықанын экран көрсетеді. Түсірілген материал жүз пайызға ұнайды деп айта алмаймын. Кейде монтаждан ашумен кетемін, кейде қуанышпен шығам. Актерлердің барлығы да барын салды. Десе де,  Балуан Шолақтың рөліндегі Еркебұлан Дайыров, Ақылбайды сомдаған Медғат Өмірәлиев пен Долгоносовты ойнаған Александр Багрянцевті ерекше атап өткім келеді», - деді фильм режиссері. Айта кетейік, фильмге екі бірдей трейлер және екі саундтрек әзірленіп жатыр. Шығармашылық топ оларды жақын арада көрермен назарына ұсынады. Фильм жылдың соңында көрермен назарына жол тартады  деп жоспарлануда.