Жаңалықтар

Жануар тінінен био-таңғыш жасалды

ашық дереккөзі

Жануар тінінен био-таңғыш жасалды

Ұлттық онкология және трансплантология  ғылыми орталығында  жануардың  ұлпасынан биологиялық жара таңғыш жасалды. Бұл туралы ғылыми орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Жануарлардың тінінен биологиялық жара таңғыш жасау үшін әуелі өңдеу жұмыстары жүргізілген. Содан кейін жасушалар алынып тасталыпты. Биологиялық жара таңғыш ұлпалардың өлуін тоқтатып, жараның жазылып кетуіне көмектеседі. Бұл жануарларға жасалған тәжірибе барысында белгілі болған. Биологиялық таңғышты күйік шалған теріге қолдану да оң нәтиже беріпті. Ғылыми орталықтың комбустиолог маманы Қабылбек Әбуғалиев: «Байланыстырушы ұлпадан қалған каркас таңғышты жарадан алған кезде тері ауырмайды. Құрамында күміс бөлшектер бар коллеган мен эластинің микробқа қарсы әсері бар. Ал тері өсуіне әсер ететін және адамның эмбриондық фибробласты қосылған таңғыш зақымдалған ұлпаны қайта қалпына келтіруге көмектеседі», – деп отыр.

Елімізде биологиялық таңғыш жасайтын өндіріс жоқ екен. Сондықтан да, бұл жобаны мемлекет қаржыландырудан бас тартпаған. Аталмыш жобаға дәрігерлермен қатар Ұлттық биотехнология орталығы, Ядролық физика институтының ғалымдары атсалысты. Ал жануар тінінен жасалған био-таңғыш 27 мамыр күні Алматы қаласында өтетін «Инновациялық көпір: ғылым және бизнес» ІІ диалог алаңы аясындағы шарада көрсетіледі деп жоспарлануда.