Қызылағаш су қоймасы қалпына келтіріле бастады

Қызылағаш су қоймасы қалпына келтіріле бастады

Қызылағаш су қоймасы қалпына келтіріле бастады
ашық дереккөзі
Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оған республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл жыл соңына дейін мердігерлер 1 млрд 802 млн теңгені игеру керек. Қазіргі таңда ескі су қойманың орны тазартылып, электр желілері тартылып, 12 шақырым жол төселді. Жөндеу жұмыстарына 120 адам мен 70-тен астам әртүрлі техника жұмылдырылған. Мердігер мекеменің бас инженері Рахым Разбаевтың айтуынша,  жаңа бөгет алдыңғысынан әлде қайда берік және сапалы болмақ. Тоспаның жалпы ұзындығы 310 метр, биіктігі 55,5 метр. Ал су қоймаға 42,2 млн текше метр су сияды. Стратегиялық маңызды нысан қайта іске қосылса елдің әл-ауқаты артады дейді мамандар. «Қант қызылшасын өсіретін алқаптар қалпына келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің экономикасына қан жүгіреді. Бұған ең алдымен шаруалар қатты қуанып отыр. Себебі бұрынғы су қойма тек 1 420 гектар алқапты суарса, жаңа тоспамен 6 700-7 000 гектар алқапты игеруге мүмкіндік бар», дейді «Қазсушаруашылығы» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Сейілхан Мұхамадиев. Кәсіпорын басшысы жаңа су қоймада жұмыс істейтін мамандардың да жағдайы қарастырылғанын айтып отыр. Бөгеттің басында және төменгі жағындағы су тарату торабында 4 пәтерлі екі үй салынып жатыр. Жалпы бөгеттің құрылысын 2018 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген. Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы 12 наурызда Қызылағаш су қоймасының арнасы толып, бөгет шыдас бермей бүкіл бір ауылды қызыл су шайып кеткен болатын.