Полицейдің бетін тырнап, погонын жұлып алған әйел жауапқа тартылды
Полицейдің бетін тырнап, погонын жұлып алған әйел жауапқа тартылды
Алматы облысында полицейдің бетін тырнап, погонын жұлып тастаған 26 жастағы келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің мəліметінше, бұл оқиға Үштөбе қаласындағы қонақ үйлердің бірінде болған. Анықталғандай, бұл жерде екі адам айғай-шу көтеріп, жанындағылардың мазасын кетірген. Ал айғай-шуға наразылық танытқандар полиция шақырған.
Тəртіп сақшылары бірден келіп, əйел жəне ер адамды ұстады. Олардың екеуі де ішімдікке сылқия тойып алған болып шықты. 26 жастағы азаматша тəртіп сақшысына қарсылық көрсетіп, погонын жұлып, бетін тырнап, қызметтік киімін бүлдіріп тастаған.
Полицейлер екі адамды айықтырғышқа жеткізді. Екі тұрғын айыққаннан кейін осы жайт бойынша түсініктеме берді.
Қазір тек 26 жастағы азаматшаның үстінен ғана ҚР ҚК 380-бабына сәйкес іс қозғалды. Себебі, қыздың жанындағы ер азамат ішімдік ішкенмен, полицейге қарсылық көрсетпеген.
«Ал 26 жастағы үштөбелік тұрғынның бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Алдыңғы шартты түрде кесілген жазасын өтеп үлгермеген əйелдің осы жолғы жазасын қатаңдату мəселесі қарастырылуда», - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметі.