Мемлекеттік сыйлық берілетін жұмыстардың тізімі айқындалды

Мемлекеттік сыйлық берілетін жұмыстардың тізімі айқындалды. Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет тарапынан отандық ғылым мен техника саласының дамуына зор мән беріліп келе жатқанын өздеріңіз білесіздер. Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында экономиканың технологиялық тұрғыдан жаңғыруын жеделдету үшін ғылымды технология мен инновацияға бағыттау қажеттігін атап өтті. Зерттеуші ғалымдар, өндіріс жаңашылдары, ғылыми-техникалық зиялы қауым өкілдері ел экономикасының дамуына, ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып жатыр. Бүгін біз 2017 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алу үшін ұсынылған, алдын ала іріктеуден өткен жұмыстарды таныстыру мен талқылау нәтижелерін қарастырамыз және тізімін бекітіп, қорытынды шешім қабылдап, Елбасына өзіміздің ұсынысымызды айтуымыз қажет»,-деді Мемлекеттік хатшы. Осы орайда Г. Әбдіқалықова әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы ғылым әрі техника қайраткерлері еңбегін қоғам мен мемлекет тарапынан жоғары бағалауды білдіретінін атап өтті. Мемлекеттік сыйлық берілетін жұмыстардың тізімі айқындалды Атап айтқанда, екі жылда бір рет 7 сыйлыққа дейін беріледі. Аталған Мемлекеттік сыйлықты ҚР Президенті Тәуелсіздік күні қарсаңында тапсырады деп күтілуде. Белгілі болғандай, 2017 жылғы сыйлықты алу үшін барлығы 24 жұмыс келіп түсті. Алдын ала іріктеуден соң екінші кезеңге оның 11-і өтті. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай көлемі 18,6 млн теңгені құрайды. Комиссия отырыс қорытындысы бойынша сыйлықты беру үшін Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын жұмыстардың тізімін айқындады.

Back to top button