Каталония өз тәуелсіздігін қашан жариялайтынын мәлімдеді
Каталония өз тәуелсіздігін қашан жариялайтынын мәлімдеді
Каталония Испаниядан тәуелсіздігін 9 қазанда жарияламақ.
Халық бірлігі партиясының депутаты, каталониялық Мирея Боя аймақтың тәуелсіздік туралы декларациясы парламент 1 қазанда өткен тәуелсіздік туралы референдум нәтижелерін бағалаған соң жарияланатынын айтты. Испания билігі референдумды заңсыз деп таныған.
Мадрид бұған дейін Каталония аймағының президенті Карлес Пучдемоннің саяси дағдарысты реттеуде арағайын болу туралы ұсынысын қабылдамай тастаған.
Испания билігі Каталонияны келіссөз жүргізудің орнына "құқықтық жолға түсуге" шақырған.
Пучдемон 3 қазанда BBC-ге берген сұхбатында аймақта тәуелсіздік қолдаған демонстрациялар ауқымы ұлғайып бара жатқан тұста өз үкіметі "осы аптаның соңы немесе келесі аптаның басында тәуелсіздік жариялау шараларына кірісетінін" айтқан.
Каталония басшылары 1 қазанда өткен референдумға қатысқан 2,26 миллион сайлаушының 90 пайызға жуығы Испаниядан бөлінуді қолдағанын мәлімдеген. Билік референдумға аймақтың дауыс беру құқығы бар 5,34 миллион азаматының 42 пайызы қатысқанын айтады.
Референдумға дейін сауалнама қорытындылары Каталонияның 7,5 миллион халқының шамамен 40 пайызы тәуелсіздікті қолдайтынын көрсеткен.