Дүтбаевтың әйелі Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрады
Дүтбаевтың әйелі Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы, сотталған Нартай Дүтбаевтың әйелі Халида Бичурина Facebook пен YouTube-те Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу жариялады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Бичурина үндеуінде ҰҚК күйеуін "күйеубаласы мен ағасының баласын қудалаудан құтқару үшін жасамаған қылмысын мойнына алуға мәжбүрлегенін" айтады.
"ҰҚК айтқан сөзінде тұрмады. Олар дәлелді қолдан жасап, еш кінәсі жоқ жастарды арсыздықпен соттады. Бұдан соң Нартай балаларды құтқару үшін ғана кінәні мойнына алатыны туралы қысым арқылы берген жауаптарынан бас тартты" дейді Халида Бичурина.
Ол жиені мен күйеубаласын соттау "күткендегідей нәтиже" бермегендіктен, келесі "ықпал ету тетігі" ретінде биыл 28 қыркүйекте Нартай Дүтбаевтың інісі ұсталғанын айтады.
56 жастағы інісі Рүстембек Нұртаевтың тұтқындалғаны туралы Нартай Дүтбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатында да айтылады. Бичурина ол хатты Facebook-тегі парақшасына салды. Дүтбаев онда президентке екінші қайтара қайырылуына өзі мен інісіне қарсы қозғалған, "2000 және 2004 жылдары жасалды делінген, ойдан құрастырылған тағы бір қылмыстық іс" себеп болғанын айтады. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы тергеу органдары Рүстембек Нұртаевты қылмыстық қудалаудан босату үшін өзіне алғашқы іс бойынша кінәсін мойнына алуды талап етіп отырғанын мәлімдейді.
Нартай Дүтбаев президент Назарбаевқа бұған дейін жазған хаты жетпегеніне сенімді болғандықтан тағы да хат жазуға мәжбүр болып отырғанын айтады және өзіне қатысты іске араласуын сұрайды.
Ақмола гарнизонының әскери соты 2017 жылы 24 тамызда Нартай Дүтбаев пен өзге үш адамды "мемлекеттік құпияны жариялау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" айыптары бойынша ұзақ мерзімге соттаған. Дүтбаевтан өзге оның екі туысы - күйеубаласы Нұрлан Хасен мен ағасының баласы Ерлан Нұртаев және Раис Мұратов сотталған.
Дүтбаевтың туыстарының Азаттыққа хабарлауынша, үкімге апелляциялық шағым берілгендіктен заңды күшіне енген жоқ.
Нартай Дүтбаев, бұрынғы шенеуніктер Нұрлан Хасен мен Ерлан Нұртаев 2016 жылы желтоқсанда ұсталған соң оларға мемлекеттік құпияны жариялады және қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптар тағылған. "Дүтбаев ісіне" қатысты тергеу мен іс материалы құпия жүргізілді, сот процесі жабық өтті.
Нартай Дүтбаев ҰҚК-ні 2001 жылғы желтоқсаннан 2006 жылғы ақпанның 22-сіне дейін басқарған. Ол оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге ҰҚК-нің "Арыстан" арнайы жасағы қызметкерлерінің қатысы бары анықталғаннан кейін отставкаға кеткен. Дүтбаев отставкаға кеткен соң ҰҚК академиясының басшысы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болды, аз уақыт "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды.