Сергей Дзюба: Біздегі үлкен уайым – бейбіт өмір

Сергей Дзюба: Біздегі үлкен уайым – бейбіт өмір

Сергей Дзюба:  Біздегі үлкен уайым –  бейбіт өмір
ашық дереккөзі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен М.Әуезовтің 120 жылдығына арналған «М.Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арнайы келген Украин Әдебиет және өнер халықаралық академиясының президенті, Украин Жазушылар ұлттық одағының мүшесі, жазушы, журналист Сергей Дзюба «Жазушы М.Әуезов шығармашылығының қазіргі украин және әлем әдебиеті үшін өзектілігі» атты баяндама жасады. Ол Әуезовтің әлем әдебиетіне ғана емес, украин әдебиетіндегі орнына кеңінен тоқтала келе, соңғы жылдары заңғар жазушының еңбектерін аударуға атсалысып жатқанын тілге тиек етті. Біз  Қазақстан мен Украина әдебиетіне алтын көпір болып жүрген қаламгер Сергей Дзюбаны аз-кем әңгімеге тартқан едік. – Қадірлі қонақ ретінде М.Әуезовтің 120 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның басы-қасынан табылып жатқаныңыз қуантады. Жалпы, сізді Әуезовпен байланыстыратын не нәрсе? – Көп рахмет! Бұл Қазақстанға екінші мәрте келуім. М.Әуезовтің 120 жылдығына байланысты ғылыми-практикалық конференция өтеді дегенді естіп жұбайым, Украин Жазушылар ұлттық одағының мүшесі, әдебиеттанушы Татьяна Дзюба екеуміз құстай ұшып келдік. Осыдан бес жылдай бұрын біз халық­аралық шаралармен белсене айналыстық. Қазақстан мен Украина арасында ежелден жақындық байланыс бар. Қазір де қарым-қатынасқа пәлендей қылау түсе қойған жоқ. Соңғы жылдары біздің еліміздегі саяси ахуалдың мәз емес екендігі дүйім жұртқа мәлім. Саясатты қолжаулыққа айналдырғандар өз әрекеті арқылы мемлекетті бөліп-жаруға кірісті. Осындай қысылтаяң шақта бізді құтқаратын нәрсе не? Әрине, әдебиет пен мәдениет. Сондықтан украиндық әдебиетті сүбелі зерттеудің нәтижесінде басқа елдермен рухани қарым-қатынасты нық орнатуға тырысып келеміз. Бүгінде біз әлемге танымал жазушылардың шығармаларын украин тіліне аударуды бастап кеттік. Сол сияқты басқа елдер Украинаның классикалық туындыларын әлемнің әртүрлі тіліне аударса екен деген ниет жоқ емес. Қазір бұл бастама жолға қойылып, жемісін беруде. Ал аударма мәселесіне келсек, біздің, яғни жұбайымыз екеуміздің өлеңдерімізді мәдениеттанушы Әуезхан Қодар аударып, «Махабаттың соңғы көші» деген атпен Қазақстанда жарық көрді. Сосын балаларға арналған «Кракатунчик – кленовый бог» романым тәржімаланды. Өз кезегінде Украина академиясы да қазақ жазушыларын аударуға көңіл бөлуде. Нәтижесінде Абайдан бастап бүгінгі заманның жазушыларының шығармаларын аударуға күш салсақ деп отырмыз. Әрине, бұл тізімге кіргендердің бәрі – қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген майталман қаламгерлер екені даусыз. «Сізді Әуезовпен не байланыстырады?» дегенге келсем, Украинада ұлы ақын Абай Құнанбаев пен заңғар жазушы М.Әуезовтің еңбектері украин тіліне сауатты аударылып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Кітап – рухани қазына. Тіпті, бүгінде бұл тұлғалардың шығармаларын украин тілінде интернеттен де қиындықсыз-ақ табуға болады. Қазір электронды кітаптар үлкен сұранысқа ие. Барлық жерде электронды кітапхана жүйеге енді. Бұл екі тұлға да – қазақ ұлтының жаны, ар-намысы. Біз Тарас Шевченконы қалай құрметтесек, қазақтар Абайды солай төбесіне көтереді. Қазақ арасында жүріп, «Абайды танытқан – Әуезов, ал Әуезовті танытқан – «Абай жолы» дегенді жиі естимін. Шынында да, «Абай жолы» шоқтығы биік шығарма. Ал роман-эпопея әлемнің 116 тіліне аударылуы кездейсоқ емес. Француз жазушысы Луи Арагонның «Әлемнің басқа елдерінде онымен тең түсетін шығарма табу қиын» деуінің өзі бәріне жауап беретін сияқты. – Қалай ойлайсыз, қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармалары украин қоғамын тәрбиелеуге қаншалықты үлес қосады? – Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың, жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармалары Украина әдебиетінен ойып тұрып орын алды десем артық айтқандық емес. Олардың шығармалары арқылы халықтың ұлттық ойлау қабілеті артып, санасы өзгерді. Себебі бұл тұлғалардың кез келген шығармасы адамзат баласына рух сыйлап, ерекше қанат бітірді. Қазақстан мен Украинаның кейбір мәселеде көрген бейнеті мен пікірі ортақ. Біз қай жағынан алсақ та, қазақ пен украинның жақындығын аңғарамыз. Қазақ – өте бауырмал халық. Алғашқы сапардан кейін-ақ Қазақстанға деген құрметім артып, жаңа көзқарас қалыптасты. Қазақ – қонақжай халық. Әлемнің талай елін аралап жүріп, мұндай қонақжайлылықты басқа жерден көрген емеспін. Осы жолы да бар жұмысымызды тастап, қазақ даласына табанымыз тигенше асықтық. – Сергей мырза, бүгінде екі елдің мәдени, рухани байланысын дамытуға не жетіспейді? – Өкінішке қарай, КСРО тарағаннан кейін бұрынғы тығыз қарым-қатынастағы әдеби, мәдени байланыс үзіліп қалды. Сонау студент кезімде «КСРО халықтарының әдебиеті» деген курс жүретін. Осы пәннің оқытушысы, әдебиеттанушы Олег Бабышкин қазақ тілін, қазақ әдебиетін терең білетін маман еді. Әлі есімде, бізге қазақ әдебиеті жайлы айтқанда құдды қазақтың сахара даласында жүргендей арқаланып кететін. Қазақ әдебиеті өкілдері кеңінен қалам тербеген әйел теңдігі, аштық, тағы басқа қазақ халқының өмірін суреттейтін шығармаларға терең талдау жасап, баға берді. Ал қазір өкініштісі сол, мұндай курс жоқ. Тіпті, Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты мәдени, рухани байланыс бәсеңдеді. Ел мен елді жақындастыратын – рухани бай мұрасы. Меніңше, мұны мемлекетаралық деңгейде шешу керек. Украина мемлекеті: «Қазақстан – біздің стратегиялық әріптесіміз» деп мәлімдеме жасады. Жарайды делік, бірақ тек экономикалық байланысты ғана емес, мәдени-рухани қарым-қатынасқа да жан бітіру керек. Ол үшін екі ел өзара келісіп, Украина жағы қазақтың кешегі және бүгінгі классик жазушылары мен ғалымдарының еңбегін аударып, жариялауы қажет. Сол сияқты Қазақстанда да украин ақын-жазушыларының шығармашылығы кеңінен таныстырылып, танымалдылығы артса деген ой бар. Жұбайым Татьяна Дзюба екеуміз қазақ еліне жасаған алғашқы сапардан кейін Украинаның белді деген журналдары мен сайттарында Қазақстан туралы имидждік мақала жарияладық. Әркім осылайша үлес қосса деймін. Халықтық дипломатия екі жаққа да тиімді. Солай болуы тиіс те. – Енді өзіңіздің шығармашылығыңызға келсек. Білуімше, жарық көрген еңбегіңіздің бәрін жұбайыңыз Татьяна Дзюбаға арнаған екенсіз. Тіпті, бұл рекордтық көрсеткішке жеткен сияқты. Қолына қалам ұстаған қаламгердің көбі бәрін болмаса да, алғашқы кітабын ата-бабасының рухына, анасына, әкесіне арнап жатады ғой. – Дұрыс аңғарған екенсіз, жарық көрген 70 кітабымның бәрі жұбайым Татьянаға арналды. Кейде Гиннестер кітабына ақылға қонымсыз жайттар да ене береді ғой (күледі). Мұны әлемдік рекорд десе де болады. Бізге қайта-қайта хабарласып, Гиннестер кітабына ену жайында ұсыныс та айтты. Былай қарағанда, кітаптарымды әйеліме арнасам несі жаман?! Алғашқы кітабымды жаздым да, «Жұбайым Татья­наға арнаймын» деп шығардым. Мұны қалыпты жағдай деп ойладым. Екінші кітабым да солай болды. Әрине, ақын-жазушының көбі әке-шешесіне, арғы ата-бабасының рухына арнайтынын білемін. Кейде әке-шешем де ренжіген кейіп танытып: «Бізге тым болмаса бір кітабыңды арнасаң қайтеді?!» деп қалады. Білмеймін, басы солай басталған соң, солай жалғасып кетті. Жұбайым екеумізді ортақ рухани өмір байланыстырады. Ол – досым, пікірлесім, қолдаушым. Елді де бірге аралап, әдебиетті де бірге талқылаймыз. Кейде маған: «Сергей, сен жақсы жазушы шығарсың. Бірақ әйелің сенен өткен ақылды...» деп баға беріп жатады. Мұндай пікір естісем қуанып қаламын. Жақында Қытайда жарық көрген «Әлемнің ең үздік поэзиясы» жинағына менің емес, Татьянаның өлеңдері енді. – Өзіңіз журналистика мамандығын тәмамдаған екенсіз. Бұл салада қандай түйткілдерді баса айтар едіңіз?  – Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірдім. Алғаш рет публицистикалық мақалалар жазып таныла бастадым. Бұл салада да біраз жұмыс істеп, уақыт өте келе әдебиетке қалам тербедім. Бүгінде журналистикаға қатысты мәселе көп елде бар. Ең өкініштісі, біздің елде әлі күнге соғыс жүріп жатыр. Кәдімгі соғыс! Бейбіт заманда күн сайын адамдар ажал құшуда. Ресми емес деректер бойынша, 20 мың адам қаза тауып, зардап шекті. Днепропетровск пен Қырымда бейберекетсіздік орын алды. Қаншама адам босып кетті. Бұл – Украина халқы үшін үлкен трагедия. Бұл ахуалды қалай тоқтатуға болады? Әрине, халықаралық қауымдастықтың бұл бассыздықты тоқтатуға күші жетеді деп ойлаймын. Біздегі үлкен уайым – елдің бейбітшілігі. Ақылға келіп, тез арада шешпесе, жағдай бұдан да қиындап кетуі мүмкін. – «Украинада орыс тіліне қысым жасалып жатыр» дегенді жиі естиміз. Жер шалғай, арақашықтық алыс болған соң анық-қанығына көз жеткізу қиын... – Бұл өтірік. Тәуелсіздік алған 26 жылда ешқандай ұлтаралық қақтығыс болған емес. Біз Қырым татарларымен де туған бауырдай тату тұрдық. Олар да жағдайдың осылай орын алғанына өкінішін білдіріп жүр. Өзім Украинаның Полтава облысы, Чернигов қаласында тұрамын. Мұндағы халықтың 80 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Тәуелсіздікке дейін осында бірде-бір украин тіліндегі мектеп болған емес. Украин жері болса да, орыс тілі үлкен басымдыққа ие. Соңғы кезде ғана мектептерде ұлттың тілі кең өріс алуда. Черниговта орыстар да, башқұрттар да, беларустар да көп. Олардың бәрі де Украинаны сақтап қалу үшін күресті. Сенсеңіз, Днепропетровск халқының 99 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Осыдан кейін Украинада орыс тілін ығыстырып жатыр дегенге қалай сенуге болады? Сіз Днепропетровскіге барыңызшы, украин тілінде бір сөз естімеуіңіз мүмкін. Иә, украин тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Бірақ бәзбіреулер ойлағандай украин тілі білім ошақтарында жаппай енгізіліп жатқан жоқ. Бәрі де өз ретімен, біртіндеп жүзеге асуда. 1991 жылдан бері 26 жыл өтсе де, бір азаматтың шағым айтқанын көрмеппін. Керісінше, орыс тілінен гөрі украин тілін қорғау керек сияқты. Орыс тілі онсыз да тамырын тереңге жайып алған. Менің Қазақстанда да, Ресейде де аралас-құралас әріптестерім, достарым бар. Олармен рухани қарым-қатынасты жаңғырту соғысты тоқтатуға септігін тигізеді деп сенемін. Ал, шын мәнінде бар түйткіл Украинаның өзінде ғана емес, бұл әлемдік мәселе. Оны реттеуге әлемдік қауымдастықтың рөлі зор. Соның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да беделі жоғары. Біз Назарбаев тұрақтылықтың кепілі екенін жақсы білеміз. – Сіз патриотсыз ба? – Әрине, патриотпын. Қай жерде де украин тілінде сөйлеуге тырысамын. Бүгінде шығармаларымды орыс тіліне аударып жатқан әріптестерім бар. Сол сияқты кітаптарым әлемнің 40 елінің 63 тіліне аударылды. Тағы бір мақтанып айтатын жағдай, 15 кітабым әлемнің әр елінде жарық көрді. Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен де тығыз әріптестік орнаттық. Ол біздің, біз оның еңбегін аударып, басылымға шығардық. Ал белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев былтыр Украинаның әдеби сыйлығына ие болды. Биыл бұл тізімде төрт қаламгер бар. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың повесін украин тіліне аударып, тиражы көп журналға жарияладық. Бұл әдебиет саласында үлкен резонанс туғызды. Біздің ұсынысымыз бойынша Роллан Сейсенбаев Канадада Эрнест Хэмингуэй атындағы сыйлығымен марапатталды. Осылайша, біз мәдени, рухани байланыстың арқасында қазақ жазушыларын аударып, насихаттауға кірістік. Бұл қарым-қатынас кеңейіп жатыр. Себебі дәл қазіргі жағдайда бұл бізге де ауадай қажет. – Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағытты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деді. Онда украин ақын-жазушыларынан кімдер бар екендігінен хабардарсыз ба? – Бұл өте жақсы үрдіс. Осы тізімде Тарас Шевченконың барына күмәнім жоқ. Оның үстіне Тарас Шевченко 1847-1857 жылдары аралығында 10 жыл бойы Қазақстанда саяси жер аударуда болған. Тіпті, ол қазақ халқының өмірі мен тұрмысын терең түсініп, сезіммен бейнелеген алғашқы көркемсуретін де салды. Оның қолынан шыққан туындыларда қазақ даласының кеңдігі көрініс тапқан. Кейбір ғалымдар «Тарас заманауи қазақ көркемсурет өнерінің негізін қалаушы» деген баға берген. – Ал Қазақстанның латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ойыңыз қандай? – Әр мемлекеттің ішкі мәселесі болады. Қазақстан – түркітілдес халық. Егер қазақ халқы солай шешсе, онда тұрған не бар? Сырт көзбен қарағанда, бұл шешімге құрметпен қараймын. Латын әліпбиіне көшу – Қазақстанның ішкі саясаты. Соған қарамастан пікір білдіретіндер жетерлік. Қазірдің өзінде Ресей бұған қатысты кереғар ойын айтып қалуда. Біздің басқа елдің саясатына, ішкі асханасына араласуға құқымыз жоқ. Соның салдарынан бізде өрт тұтанып, соғысқа ұласып кеткен жоқ па? Кикілжіңнің бәрі ішкі мәселеге араласудан туындады. Ал кейбіреулер орыс тілін ығыстырды дегенге тіреп қойды. Орыс тілінің еш кінәсі жоқ. Украин халқы Януковичтің бассыздық әрекеттеріне қарсы көтерілді. Бар болғаны сол. Жақында елімізге немістер келді. Оларға қаланы аралап, көрсеттік. Барлық жерде орыс тілінің қолданыс аясының кеңдігіне таң қалды. Төңкеріс елдің экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай нұқсан келтірді. Кейбір ғимараттар қирап қалды. Зауыт, фабрикалар да тоқтап қалды. Өкініштісі сол, соғыстың салдарынан экономикалық, әлеуметтік мәселе қиындап кетті. Соған қарамастан, украин халқы берілмейді, жеңілмейді. Егер соғыс болмағанда, қазіргі жағдайымыз әлдеқайда басқаша болар еді. Есесіне, халықта патриоттық рух өршіп тұр. Бұрын-соңды ешкімге соқтықпаған украин халқына керегі бейбіт өмір ғана. Бізге ешкімнің жері керек емес. Бар арманымыз – өз жерімізге иелік ету ғана.  Сондықтан басқа мемлекетпен соғысқаннан гөрі, дос болған дұрыс. – Әңгімеңізге рахмет!