Жаңалықтар

Ғұмыр бойына созылған экспедиция

ашық дереккөзі

Ғұмыр бойына созылған экспедиция

Ел үшін еңбек еткен жандарды халық ешқашанда ұмытпаған. Әрдайым естерінде сақтап, олар өмірден өтіп кетсе де құрметпен еске алуды дәстүрге айналдырған. Сондай жандардың бірі – академик Шахмардан Есенов. Ол азды-көпті 67 жыл өмірінде артында мол із қалдырды.  Қазақ мектебін бітірген қарапайым ауыл баласы республиканың сол кездегі астанасы Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шыққан. Еңбек жолын Жезқазған геологиялық барлау экспедициясында бастаған ол қарапайым геологтан санаулы жылдар ішінде бас инженерге дейін көтерілді. Есенов өзін «Сәтбаевтың шәкіртімін» дейді екен. Кен орындарын барлап, көлемін анықтау барысында атақты академикпен жиі-жиі пікір алысқанын, қызметтес болған әріптестері әрдайым айтып отырады. Орда бұзар отыздан асқан бойда, 1960 жылы Қазақ ССР Геология және жер қойнауын қорғау министрінің орынбасары, арада бір жыл өткен соң сол саланың министрі болып тағайындалды. Сол кезде ол 33 жаста ғана еді. Кеңестер Одағында мұндай жасында министр болғандар некен-саяқ екен. Ол геологияның қыры мен сырын басқалардан жақсы білді. Ол Жезқазғанның ұшы мен қиырына көз жетпейтін иен даласын экспедициясымен кезіп жүріп, кен орындарын тауып, институтта алған теориялық білімін өндірісте жалғастырып, дамытып отырды. Кейін жинақталған тәжірибесін ғылыми жұмыстарына кеңінен пайдаланған. 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 1967 жылы қамал алар шағы қырықтың қырқасына шыққан кезінде Ғылым Академиясына президент болып сайланды. 1974 жылы екінші рет сала министрі, біраз жылдардан соң бұрын өзі қабырғасынан түлеп ұшқан Қазақ политехникалық институтына кафедра меңгерушісі, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылы Парламенттің мүшесі болды. Геологияда сіңірген еңбегі бүкілодақтық Лениндік және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының иегері атандырған. Өткен аптада Ғылым академиясында Шахмардан Есеновті көз көргендер, қызметтес болғандар, кейінгі ұрпақ өкілдері 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Мәдени шараны Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов құттықтау сөзімен ашып, Шахмардан Есенов өмірінің бірқатар кезеңдеріне тоқталды. Академиктің тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында ұлдары мен қыздары  арнайы түсірген «Өмір бойына созылған экспедиция» атты деректі фильмі көрсетілді. Фильмдегі естелік айтушы ғалымдар оның Хрущевтің басшылығы тұсында тағдыры талқыға түскен Маңғышлақты Түркіменияға беру жөніндегі Мәскеуде болған айтыс-тартыста Есенов Қазақстан геологтары да кенді ешкімнен кем өндірмейтінін дәлелдеп бергенін, әл-Фараби бабамызға Орта Азия елдері таласқан кезде саланың білікті ғалымдарын ұйымдастырып, оның есімін өзімізге қайтарғаны жөнінде де құнды естеліктер айтқан. Фильмнен кейін сөз алған академик Серік Қирабаев Есенов жайында көрген-білгендерінен сөз қозғап, оның ұлағатты өмірін өзгелерге үлгі тұтты. Кешті ұйымдастыруға ат салысқандардың бірі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы  жиналған қауымды академиктің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Нұр-Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның салтанатты жиынға арнаған  құттықтауын «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаров жеткізді. – Ұлы адам әрдайым бастамашы болады, себебі ол басқаларға қарағанда алысқа көз тастап, жаңалыққа басқалардан гөрі ерекше ынтық болады...» деп жазған Георгий Плехановтың сөздерімен бастаған естелігінде Мұхтар Абрарұлы осы теңеудің ғалымның өмірі мен тағдырын толық сипаттап беретінін жеткізе келіп: – Өткен ғасырдың басында жазылған Георгий Плехановтың бұл сөздері тамаша адам және ұстаз, елеулі мемлекеттік қызметкер, ғылым мен өндірістегі кереметтей ұйымдастырушы Шахмардан Есеновтің өмірі мен қызметіне тікелей қатысты. Қазақтар үлкен істерге мұрындық болып жүретін алдына қойған биік мақсаттары бар азамат туралы «Отызында орда бұзған, қырқында қамал алған» дейді. Шахмардан ағаның осындай тұлғалардың қатарынан екені даусыз. Сырдарияның бойынан түлеп ұшқан ол шын мәнінде, «өзін-өзі жасады, өз тағдыры өз қолындағы адам» деп айтуға тұрарлық халықтың адамы еді. Оның елі мен жері үшін жасаған адами және кәсіби ерліктерін тізбектеп отырудың қажеті жоқ. Жиынға қатысып отырған жұрт оларды жақсы біледі. Тек оның Қаныш Сәтбаевтың ең сүйікті әрі талантты шәкірттерінің бірі ретінде талай тәжірибеден өтіп, өз саласына ерен еңбегін сіңіріп, 33 жасында-ақ министрлік тізгінін ұстағанын айтсақ та жеткілікті, – деп жазған Мұхтар Құл-Мұхаммед. Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов осы оқу орны жанындағы баспадан «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Шахмардан Есенов» атты кітапты таныстырды. Кітаптың тұсауын академиктер Мұрат Жұрынов пен Көпжасар Нәрібаев кесті. Иә, академик Шахмардан Есенов өмірде қандай адам болған?  Аты аңызға айнала бастаған академиктің қарапайым тіршіліктегі жұртпен қарым-қатынасы, рухани жан-дүниесі, адами  қасиеттері туралы кезінде көз көргендер не айтқан? Қазақстанның Халық жазушысы  Әзілхан Нұршайықов: «... Жезқазған жағының жай-жапсарын тәптіштеп сұрап білгеннен кейін Қаныш Имантайұлы өзінің ең сүйікті шәкіртінің бетіне күлімдей қарады. – Ал айналайын Шаха, не шаруамен келдің?, – деді Сәтбаев. Ол өзінің жасының, дәрежесінің үлкендігіне қарамастан Шахмарданды құрметтеп, «Шаха» деп атайтын. Шахмардан оған алғашқыда қысылып та жүрді. Бірақ мені олай атамаңызшы деп ағасының аузынан қақпады. Бір жағынан, оным әдепсіздік болар деп те ойлады. Екіншіден, алдына келген үлкен-кішінің бәрін пәленшеке деп құрметпен атау Қанекеңнің сүйегіне сіңген сыпайылық екенін түсінетін. Талай жас адам президенттің кабинетіне кіші болып кіріп, одан марқайып, көңілі көтеріліп шығатынын талай рет естіген де, көрген де болатын. Шахмардан келген жұмысын айтты. Оны осынау Жезқазғаннан Орталық Комитет Алматыға әдейі шақыртқан екен. Осындағы Геология министріне орынбасар болуына ұсыныс жасапты. Әлі бітпеген аса маңызды геологиялық зерттеулері бар. Міне, осы жөнінде інісі ағасымен ақылдасуға келіпті. – Қай орынбасарлыққа ұсынбақ? – деді академик аға басын изей отырып. – Біріншісіне, Қаныш аға. – Біріншісіне бар. Оның арты министр болу деген сөз. Бірақ орынбасар болсаң да, министр болсаң да, ғылымнан қол үзбе. Орынбасар кезіңде диссертацияңды тиянақтап таста. Сен дипломсыз да ғалымсың. Бірақ осы күнгі жұрт қатырма тысты қағазға көбірек сенеді. Ал министр болған кезде сенің өрісің кеңейеді. Жалғыз Жезқазған емес, бүкіл Қазақстан кеніне құрық саласың. Сонда Оңтүстік Маңғыстаудағы мұнайлы газ өндірісін де, Жетібай мен Өзен байлықтарын да зерттейсің. Успенка кен белдеуін тиянақтайсың, Алтайдың түсті металын түгендейсің. Осылай деп Қаныш Имантайұлы екі қолын екі жағына жайды. – Мінеки, көрдің бе, сонда сенің құлашың бүкіл Қазақстанды қамтиды.  Сонда сен болашақ ұрпаққа қаншама геологиялық қазына көмбесін қалдырасың. Бұған сенің күш-қуатың жететініне сенемін, айналайын.  – Осылай деп академик аға Шахмарданды еркелете арқасынан қақты. – Жолың болсын, қалқам! Жасқанба. Бірақ жай министр болма, ғалым министр бол. Түптің түбінде ғылымға да ие керек. Ал сен ғылым үшін, геология үшін жаратылған жансың. Геология – менің тұңғыш қызым, сенің туған апаң ғой. Ендеше, оны ешқашан жетімсіретпе. Содан кейін президент үстелді саусағымен тықылдатып, төмен қарап сәл отырды да, бұйра шаш арыстан басын қайтадан жоғары көтерді. – Сенің дәрежең өскен сайын қас дұшпаның да көбейе береді. Күндеу сөздер де қардай борайтын болады. Бірақ соның бәріне қасқайып, қарсы тұр. Иілме, майыспа, сынба! Осыдан жеті жыл кейін осы кабинетке өзі ие боларын Есенов онда білген жоқ еді. Бұл 1960 жылдың жазы болатын. ... 1970 жылы менің «Махаббат, қызық мол жылдар»  деген романым жарық көрді. Оқырмандардың жылы сөзімен жігерленіп, бұл кітабымның бір данасын академик жазушы Ғабит Мүсіреповке ұсынуға бел байладым. Есіктен қоңырау шылдырлады. Мырзабек пен келіншегі Зура екен. – Кімге жазып жатырсың? – деді Мырзабек алдымдағы кітапқа назар аударып. Мен Ғабит ағамызға осы кітапты сыйлауға тәуекел еткенімді айттым. − Ойың дұрыс, – деді Мырзабек. – Ағаларың кітабыңды бермесең оқымайды. Оқымаған соң білмейді. Сен екінші кітапқа да автограф жаз. – Кімге? – Академия президенті Есеновке. – Ойбай-ау, ол кісі ғалым ғой. Көркем әдебиетке көз салады дейсің бе? – Көз салғанда қандай! Әйелі Камила – тарихшы. Әдебиетке құмар адам. ... Мырзабек айтқандай ертеңінде мен Есеновке кедергісіз кірдім. Есенов орнынан тұрып, үстелді айналып, есікке қарай аяңдап келіп қарсы алды. – Шаха, сіздің уақытыңызды бөлгеніме кешірім өтінемін. Рұқсат етсеңіз, бір-ақ ауыз шаруам бар. Соны айтайын деп келдім. – Айтыңыз. – Мынау менің биыл баспадан шыққан кітабым еді. Осыны сізге және сіздің үйдегі келінге сыйлайын деп әкелдім. Шаруам осы ғана. – Папкамды ашып, ішінен кітабымды алдым да, президентке ұсындым. Ол кітапқа бірден қолын созбады. Алдымен жеңіл қозғалып, креслодан көтерілді. Мен: «Мұнысы несі, кітабымды алғысы келмегені ме?» – деп іштей сасқалақтап, президенттің бетіне қарадым. Шахмарданның денесінің зорлығы отырған адамға айқын білінеді екен. Мен өзімді биік жартастың етегінде тұрғандай сезіндім. Менің қолайсызданып қалғанымды аңғарды ма, жылы жымиып, ұсынған кітабыма қарай қолын созды. – Кітап деген адамзаттың ұлы ұстазы ғой. Оны түрегеп тұрып қана қабылдау жөн шығар, – деді ол жайлап қана. Бұл сөзі ол маған арнап емес, өзіне айтқан тәрізді болып танылды, өзімен-өзі сөйлесіп тұрғандай сияқтанды.  Содан кейін кітаптың мұқабасына көз жүгіртіп, алдымен аты-жөнімді ойына тоқуға тырысқандай болды. «Махаббат, қызық мол жылдар», –  деп романның атын дауыстап оқыды да, кірпігін қайта-қайта қағып, бөгеліп қалды. Содан соң түрегеп тұрған қалпында қоңыр дауыспен тақпақтата үн қатты. Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?! Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау құрғырлар! – Осылай ма? – деп ол тағы да жымиып маған қарады. – Осылай, – дедім мен де орнымнан тұрып. Ол креслоға қайта жайғасты. – Мен сіз қызмет ететін энциклопедияда Мұхамеджан ағамыз Қаратаевтан басқа кітап жазатын ешкім жоқ деп ойлаушы едім. Қаратаев біздің бас редакторымыз. Президент оны ресми түрде фамилиясымен ғана атамай, алдымен «Мұхамеджан ағамыз» деп алуы оның жүрегіндегі үлкенге деген өзгелерде кездесе бермейтін ұлттық ілтипатты аңғартқандай-ды. Өйткені лауазымы жоғары жас жігіттердің бәрі өзінен үлкендерге «Әй, Бәленбаев, сен сөйт, сен бүйт!» деп бұйыра сөйлеуді жаппай әдетке айналдырған болатын. Президентпен бұл кездесуде мен екі нәрсені көңіліме түйдім. Бірі оның өзіне сыйлаған кітапты орнынан тұрып қабыл алғаны болса, екіншісі, ағаларға деген ілтипаты еді». Сол кездесуде Шахмардан Есенов жазушыға Абайдың өзге өлеңдерін де жатқа оқып берген. Нұршайықов академиктен мұны күтпесе керек. Аң-таң болып: – Сіз Абай өлеңдерін қалай жатқа білесіз? – деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым. Президент қысқа тұжырып жауап берді. – Жақсы адам, азамат болуы үшін Абай өлеңдерін білуі керек. Одан соң қалаған мамандығыңды игере бер. – Ол осымен тоқтамақ болған сияқты еді. Бірақ сәл ойланып, ойын әрі қарай жалғады. – Бұл әсіресе басшы болып жүрген қазақтарға қажет. Абай өлеңдерін оқып, білмеген адам білікті басшы бола алмайды. Ал мен Абайдың 100 жылдығына шыққан үлкен томын 1945 жылы, студент күнімде, нан картешкесі жойылмай тұрған кезімде сатып алдым. Соны қолтықтап жүріп институтты бітірдім. Соны арқалап жүріп он бір жыл Жезқазған-Қарсақбай арасын, Ұлытау өңірін шарладым, қазақ даласын кездім. Геолог қапшығымда әр жерден тапқан кен тастарының қасында қазақ даласының данышпаны Абайдың кітабы жатты. Менделеев кестесінде жоқ жаңа металл тапсам, атын Абай қойсам деп арман еттім». Академик Шахмардан Есенов геолог мамандығымен ғана шектеліп қалмаған. Әдебиетке, шешендік сөз өнеріне де ыңғайы барын 1971 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Өнегелі әдебиет үрдісі» мақаласынан да айқын байқалады. Ол сол мақаласында өзінің көркем сөз өнерін саралай келіп: «... Жер қыртысын ақтарып кен іздеген геологтай, жазушылар да адам жанының  бар қыртыс-қалтарыстарына терең үңіліп, қалт жібермей тап басады. Қоғамның қай кезеңі, қандай әлеуметтік ортасы болсын өз қиялдарында қайта толғап, соның көркем болмысын қайта жасауға тек жазушылардың құдіреті жетеді. ... Өз халқының, адамзат тарихының даму жолын білмей, өзіңді мәдениетті адаммын деп санау қиын» деген құнды ойларын ортаға салған. Тарихшы академик Кеңес Нұрпейісов: «Шахмардан Есеновті ғылым мен әдебиет, ғылым мен жазушылық өнердің, тарих пен көркем әдебиеттің арақатынастары әрқашан қызықтырып, толғандырып отырған», – дегені де оның осы қасиетін айқындай түседі. Ол өндірісті ғана ойлап қойған жоқ, ұлттық  мәдениетті де назарынан тыс қалдырмаған жан. Тіпті жан-дүниесі ұлттық мәдениеттің бір саласы салт-дәстүрімен де біте қайнасып кеткен. Оны Мемлекет және қоғам қайраткері Бижамал Рамазанованың «Білікті басшы болды» деп аталынған естелігінен де көруге болады.