Ауыл әкімінің беделі мен білігі

Ауыл әкімінің беделі мен білігі

Ауыл әкімінің беделі мен білігі
ашық дереккөзі
Инфрақұрылымы дамыған, шағын және орта кәсіпкерлігі табысты жұмыс істеп келген қаланы басқарғаннан гөрі, ауылдың қордаланып қалған экономикалық-әлеуметтік мәселесін шешу күрделі. Себебі сонау тәуелсіздік алған жылдары тоқырауға ұшырап, шырайы кете бастаған ауылды қайта аяғынан тұрғызып, көшке ілестіру оңай шаруа емес. Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында 98 қадам шеңберінде ауылдық округтердің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын. Бұл маңызды мәселе Өскеменде өткен ауыл әкімдерінің бірінші республикалық форумында жан-жақты талқыланды. Кереку мен Шығыс өңірінің 500-ден астам ауыл әкімдерінің басын қосқан жиынға Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, облыс әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ директоры Сергей Худяков пен саясаттанушы Айдос Сарым қатысты. Форумды ашқан аймақ басшысы Даниал Ахметов ауылдық жерлерге бюджеттің төртінші деңгейін енгізу азаматтық қоғам құруға жасалған маңызды қадам екендігін, Шығыс Қазақстанда 2018 жылы 100, 2020 жылы 147 ауылдық округ жаңа басқару жүйесіне көшетіндігін, бұл жауапты іске облыстың әзір отырғандығын атап өтті. «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуымыз керек. Маңызды мәселелердің өз шешімін табуына тұрғындар да белсенді түрде атсалысқаны жөн, билік олардың пікірлеріне құлақ асуы тиіс. Сонда ғана сенім пайда болады. Бірақ қаражатты дұрыс және тиімді жұмсау үшін әкімдердің білігі мен білімі жоғары деңгейде болуы қажет», – деді облыс әкімі. Бұдан кейін сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Министрдің айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан еліміздегі халық саны 2000 адамнан асатын 1066, ал 2020 жылдан бастап республиканың барлық 2444 ауылдық округтерінің өзінің дербес бюджеті болады. 2017 жылы 11 шілдеде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» заң қабылданған. Бұл заң аясында ауылдық округ әкімдері бюджетінің қалай жұмсалуын сол елді мекеннің тұрғындары да тікелей бақылап, өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік беріледі. Ауылдық округ әкімдіктерінің аппараты бюджет жоспарын ең әуелі жергілікті қауымдастықпен келісіп, мұқият пысықтағаннан кейін ғана аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдері бұрынғыдай аудан әкімдеріне жалтақтамай, елді мекен тұрғындарымен ақылдаса отырып өз мәселелерін өздері шешуге мүмкіндік алады. Ал ауыл тұрғындары салығының дені бұдан былай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге, абаттандыру, көгалдандыру, жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту сынды маңызды мәселелерге жұмсалады. «Жергілікті атқарушы органдардың мұрындық болуымен биылғы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында 961 ауылдық округ әкімі мен 2861 аппарат қызметкерлері мемлекеттік басқару академиясының тәлімгерлерінен дәріс алды. Ауылдық округ әкімдіктерін компьютермен жабдықтау мәселесі де шешімін табады. Ұлттық экономика министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып 125 ауылдық округте интернеттің жылдамдығы төмен екенін анықтап, оның 105-інің мәселесін шешті. Қалған 20-сы жыл соңына дейін интернетпен қамтамасыз етіледі», –  деді Т.Сүлейменов. Шығыс Қазақстанда елімізде енгізілгелі отырған жаңа жүйенің жүзеге асуына және тиімділігіне көз жеткізген ауылдық округтер де жоқ емес. Соның бірі Шемонайха ауданы, Выдриха ауылдық округінің әкімі Любовь Ступенько жергілікті өзін өзі басқару жүйесі ауданда 2015 жылдан жұмыс істейтінін, бұл істе тұрғындар да белсенділік танытып отырғанын, қазірдің өзінде 2018-2020 жылдарға арналған бюджетті жоспарлауға кірісіп кеткендіктерін тілге тиек етті. Көкпекті ауданы Үлкен Бөкен ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов ауылдық жерлердің өз бюджетінің болуы мәселесін Елбасы сонау 1996 жылы көтергенін айтады. «Сол жылы Алматыда Президенттің қатысуымен үлкен жиын болды. Еліміздің барлық ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері де қатысты. Сол жиында ауыл әкімдеріне бюджет беру мәселесі қызу талқыланды. Мемлекет басшысы бұл жүйеге көшу әлі ерте екенін, әкімдердің бұған әзір еместігін, мұның уақыты келетінін айтты. Сол уақыт, міне, келді. Сондықтан бүгінгі жиынды тарихи жиын деп санаймын», – дейді ол. Ал Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов ауыл әкімдеріне мемлекеттік сатып алу кезінде тиісті жеңілдіктер болуы керектігін, мәселен ауылда бір жағдай орын алғанда тендердің жариялануын күтпей, шұғыл шешім қабылдай алатындай мүмкіндік тудыру қажеттігін ұсыныс ретінде айтты. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ директоры Сергей Худяковтың келешекте комиссия құрамына енетін ауыл тұрғындарын ауыл әкімдері секілді біліктілікті арттыру курстарына жіберу жөніндегі ұсынысы да көпшілік тарапынан қолдауға ие болды. Ауылдық округ әкімдерінде бұдан былай жеке бюджет болатындықтан, елді мекеннің әрбір тұрғынынан түсетін салықтың да маңызы арта түспек. Өйткені салық көп болса, бюджеттің көлемі де соған сай болмақ. Форумды қорытындылаған Тимур Сүлейменов маңызды басқосуда айтылған ұсыныс, өтініш-тілектердің барлығы ескерілетінін, жаңа жүйені түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын, қазан айында ауылдық округ әкімдерінің барлығына арнайы нұсқаулықтар таратылатынын жеткізіп, осы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімдеріне алғысын білдірді. Айдос Сарым, саясаттанушы: – Жалпы алғанда, еліміздің  1995 жылы референдумда қабылданған Конституциясына сай, елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасуы тиіс болатын. Бұл енді ғана жүзеге асып жатыр деуге болады. Шынын айту керек, ауылдық жер түгіл, аудан дәрежесінде бюджет заңдарын, мемлекеттік сатып алу заңдарын жілікше шаға білетін мамандар көп емес. Ал ертең белгілі бір қаражатты қолына ала тұрып, сол ауыл әкімдері оны оңдырып жарата алмай жатса, не болады? Бүгінге дейін ауыл, кент әкімдері аянышты жағдайда ғұмыр кешті. Қолында еш билігі, бюджеті жоқ, жоғарыдан облыс-аудан басшылығы түтіп жесе, төменнен ауыл шалдары мен жұртшылығы жүндеп отыратын мемлекеттік қызметшілер еді. Қит етсе болды, «Менен не сұрайсыздар? Қолымда нем бар?» деп жоғарыдан да, төменнен де жалтаратын. Енді елімізде республика-облыс-аудан бюджеттік деңгейлеріне осы әкімдерге қатысты төртінші – ауыл деңгейлік бюджет қосылады. Осы мәселені анықтап, басын ашып алу керек. Ауылды жерлерде халықтың атынан сөйлейтін ұйым жоқ. Аудан мен қалаларда мәслихат бар. Кезінде ауылдарда арнайы кеңестер құру керек деген ой айтылған. Мұндай кеңеске сайлану ауыл тұрғындары үшін мәртебе.